Медицина • 28 Тамыз, 2018

Көгерістен шыққан конструктор

574 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылында Ербол Исинжолов деген жігіт тұрады. Қырықтың қырқасынан асқан азамат өзі құрастырып алған шағын тракторымен қыстық мал азығын жинап, ауылдастарына да көмектесіп жүр.

Көгерістен шыққан конструктор

Ербол жастайынан қолы шебер, техникаға бейім болып өсіпті. Кішкене кезінде-ақ өзіне ұнайтын ойыншықты өзі жасап алады екен. Кейін қолдан көлік құрастыру туралы ойын ауылдас­тарына айтып көргенімен, оған ешкім сене қоймапты. Керісінше, күлгендер көп екен.

Ербол ойланды, идеясын пісір­ді. Өзінің не құрастыратынын, ол үшін не істеу керек екендігін білді. Қажетті құрал мен жабдықты, қосалқы бөлшектерді ел аралап жинады, кейбірін сұрап, кейбірін сатып алды. Сөйтіп биыл 7 күн­нің ішінде өзінің тракторын құрас­тырып шығарды. Әуелі, қол­дан көліктің қаңқасын құрас­тыр­ды. Оған «Жигулидің» артқы бел­темірін орнатты. Көлікке бұрын шопандар құдықтан су тарту­ға пайдаланған ЗИД моторы бекітіл­ді. «Жигулидің» қозғалтқыш коробкасы орнатылды. Содан «Жигули» сияқты 5 деңгейлі жыл­­дам­­дықпен қозғалатын болды. Бірақ сағатына 60 шақырымды жүру Ерболға керек емес еді. Сол себепті ол көлігіне жаңа шкив тақты. Жаңа шкив агрегаттардың, яғни шөп шабатын орақ пен тырнауыштың шабындықтың бетінде үзіліссіз, қалыпты жұмыс жасауына мүмкіндік берді. Айт­пақшы, Ербол тырнауышты да көл­ігіне лайықтап өзі жасап алды. Кеңес кезіндегі өгізге арналған 1, 2 метрлік орақ жаңа қондырғы­ға керемет үйлесе кетті. Көліктің алдына «Жигулидің», ал артына «ГАЗельдің» дөңгелегі тағылды. Қазір Көгерісте жасалған трактор шабындықта шөп шауып, шапқан шөпті ауылға тасып, «бұрқыратып» жүр. Ербол енді тракторына лайықтап шөп тайлағыш жасап алмақ. Шаңсорғыштың моторынан жем жаратын аппарат жасап жүрген Ерболдың басында идея деген жететін сияқты.

Ербол тракторының еңбек өнімділігіне көңілі толатынын айтады. Мәселен, трактор өзі шауып, өзі тырмалап, күніне 5 бума­ның шамасында шөп дайындайды. Адам күші тек техниканы бас­қаруға кетеді. Қыруар жұмысты бір өзі жа­сайтын трактордың бір күн­де жағатын бензині 5 литрге де жет­пейді. Қазір Ербол екі аулаға да жететін шөп қорын дайындап болып қалды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

журналист

Батыс Қазақстан облысы