Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2018

Семейге 20 жыл бойы берілмеген ыстық су берілді

523 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қылышын сүйретіп қыс та жақындап қалды. Шығыс Қазақстанның кейбір аймағына тіпті күз басталмай жатып, қар да жауып үлгерді.

Семейге 20 жыл бойы берілмеген ыстық су берілді

Шығыстың қысы қаһарлы келетіні белгілі. «Кәрі құданы» қарсы алуға өңірде дайындық қалай? Отын-су жеткілікті ме?

Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев Шығыс Қазақстан қысқа сақадай сай екендігін айтады. «Биыл халыққа түсіндіру жұмыстарын көктемнен бастап жүргіздік. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, тұрғындарға қыстың келуін күтпей-ақ жаз айларында көмір түсіріп алу керектігін жеткіздік. Соның нәтижесі болар, жоспар бойынша облыс халқы тамыз айында 220 мың тонна көмір алу керек болса, бұл көрсеткіш биыл жоспардан асып, 390 мың тоннаға жетті. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың барлығы қысқа әзір. Ондағы көмір қоры 180 мың тонна болуы тиіс болса, қазір 347 мың тонна көмір бар», - дейді басқарма басшысы.

Аймақтағы көмір бағасы да қатаң бақылауға алынған. Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының қызметкерлері «Қазақстан темір жолы» өкілдерімен бірге шілде мен тамыз айларында «Қаражыра» кеніші басшылығымен жолығып, көмір бағасының тұрақтандыруға байланысты жиын өткізіпті. Қазір «Қаражырада» бір тонна көмір жекелеген адамдарға 6200, Семейде 7400, Өскеменде (тұрмысы төмен азаматтарға - 8350) 8800 теңгеден сатылып жатқан көрінеді.

Облыстағы мектептер қазіргі уақытта көмірмен 95 процент қамтылыпты. «Жыл сайын өңірде жылу 15 қазаннан бастап қосылады. Дегенмен де біз 1 қазанда 100 процент дайын болуға тиіспіз. Білім, денсаулық нысандарында көмір жеткілікті. Қаражат бөлінген. Әкімдіктер қадағалап отыр. Суық түссе, кез келген уақытта жылу қосуға даяр. Ерекше атап өтер дүние, биыл облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей араласуымен қомақты қаржы бөлініп, Семейге 20 жыл бойы берілмеген ыстық су берілді», - дейді Мұрат Мұсатаев.

Өңірдегі жылу орталықтары да бүгінде көмірмен артығымен қамтамасыз етілген. «Семей жылу энерго» мекемесінде 32, Өскемен жылу орталығында 205, «Өскемен жылу жүйелері» мекемесінде 18 мың тонна көмір қоры бар.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы