Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2018

Автомобиль жолдарын дамытуға 2 трлн 400 млрд теңге бөлінген

338 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте Үкімет сағаты өтті. Кездесуге мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, әкімдіктер мен өңірлердің, сондай-ақ «Қазавтожол» АҚ және БАҚ өкілдері қатысты.

Автомобиль жолдарын дамытуға 2 трлн 400 млрд теңге бөлінген

Үкімет сағатының тақырыбы - «2015 – 2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында автомобиль жолдарын дамыту».

Отырысты ашқан Вице-спикер В. Божко «Ұлт жоспары – жүз нақты қадам» жобасында 65-қадам Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау басымдығы деп белгіленгенін атап өтті.

Атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасап, бағдарламаның басты бағыты автожол саласы екеніне тоқталды. Бұл бағытта еліміздің автомобиль жолдарын реконструкциялау мен салу жұмыстары жүргізіліп, олар еліміздің ірі қалаларын сапалы инфрақұрылымға қосатынын және автомобиль көлігімен транзиттік жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н. Сабильянов «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы көлік инфрақұрылымын кең ауқымды жаңғыртуды қамтамасыз еткенін сенімділікпен айтуға болатынын жеткізді. Автомобиль жолдарын дамытуға бағдарлама бойынша бюджеттен 2 трлн. 400 млрд. теңге қарастырылған. Бұл ел экономикасының одан әрі өсуі үшін автомобиль жолдарын дамытудың үлкен рөл атқаратынын көрсетеді.

Өз кезегінде депутат автожол саласының дамуына теріс әсер ететін бірқатар мәселелерге тоқталды. Олар: автожолдар бойынша жобаларды іске асырудың бастапқыда белгіленген мерзімдерінің бұзылуы және оларды бірнеше мәрте түзету мәселесі, салынған автомобиль жолдарының сапасы, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізбеу проблемасы, жол жабындарының көтеру қабілетінің жылдам тозуы және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуді қаржыландыру, сонымен қатар жобаларды бекіту кезінде кейбір республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу жөніндегі жобаларды қаржыландыру жүйесінде ашықтықтың болмауы мен жол сервисінің дамымағандығы мен сапасының төмендігі, сондай-ақ автожолдарда навигация жүйесінің болмауы.

Кездесуде талқыланған мәселе бойынша депутаттар тиісті Ұсынымдар қабылдады.