Әдебиет • 12 Қыркүйек, 2018

Шыңғыс шығармаларымен көмкерілген кеш

709 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Назарбаев Университетте әлемге әйгілі жазушы, қырғыз халқының бірегей суреткері Шыңғыс Айтматовтың  туғанына 90 жыл толуына орай  «Адамзаттың Айтматовы» атты рухани кеш өтті.

Шыңғыс шығармаларымен көмкерілген кеш

 

Аталған іс-шараға Шыңғыс Айт­матовтың ұлы, «Ыстықкөл» фо­ру­мының президенті Асқар Айт­матов, Назарбаев Универ­ситет­­тің президенті Шигео Катсу, Қырғыз ұлттық академиясы Ш.Айт­­ма­тов атындағы Тіл және әдебиет инс­­титутының директо­­ры, акаде­мик Абдылдажан Ақма­та­лиев, Түр­кияның Ардахан универ­си­те­тінің профессоры, ғалым Орхан Сойлемез, белгі­лі режиссер, халық әртісі Тал­ғат Теменов және өзге де қалам­гер­лер, ғалымдар, жоғары оқу орын­дарының оқытушы-про­фес­сор­лары және мектеп басшылары, мұға­лімдер мен студенттер қатысты.

Әдеби кештің алғашқы сөзін Шигео Катсу мырза бастап, келген қонақтарға алғыс айтты. Ол Айтматов шығармаларын университет жастарының сүйіп оқитынын жеткізсе, Талғат Теменов Шыңғыс шығармаларының құндылығына тоқталды. Режиссер «Мен адам­зат­тың Айтматовының біраз шығар­маларына режиссерлік еткенім үшін де өзімді бақытты санаймын» деген ақжарма тілегін айтты.

Кеш барысында Қалибек Қуа­ныш­баев атындағы  қазақ театры­ның жас әртістері мен На­зар­ба­ев Университеттің студент­тері Шың­ғыс Айтматовтың шы­ғар­­ма­ла­рынан сахналанған көрі­ністер қойды. «Ана – Жер Ана», «Шынарым менің, шырай­лым ме­нің», «Жә­мила» шығарма­ла­рынан көрсе­тілген үзінділер өте әсерлі шықты. Сонымен бірге студенттер қалам­гер туындыларынан ағыл­шын тілін­де үзінділер оқып, келген қо­на­қ­тарға тамаша көңіл күй сыйлады.

Осындай әсерлі сәттерден соң Асқар Шыңғысұлына сөз берілді. Әңгімесін алғыс айтудан бастаған А.Айтматов қазақ халқының әкесіне деген ықыласы мен құрметінің ерекше екенін тілге тиек етті. «Мен үшін бүгінгі кездесудің орны бөлек, Шыңғыс шығармалары қай уақыттың да жастарының жан дүниесіне өз әсерін қалдырары сөзсіз. Бүгінгі кеш те соның бір айғағындай» деді.

Сонымен бірге Орхан Сойлемез, Абдылдажан Ақматалиев, Назар­баев Университеттің профессоры, Рухани жаңғыру мәдени орта­лы­ғының директоры Гүлтас Са­йын­қызы қаламгердің адам жаны­ның айнасындай айрықша шығар­ма­лары жайлы ойларымен бөлісті.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»