Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мәселесі талқыланды

5867 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар мәліметі бойынша, мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында атқарылған жұмыстар барысына орай қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаевтың қатысуымен  баспасөз конференциясы өтті.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мәселесі талқыланды

Үкімет тарапынан 2012-2018 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленген-ді. Оның ішінде,  «Мүгедектерге кедергісіз орта құру жөніндегі шараларды стратегиялық жоспарларға енгізу» және мүгедектерді өмірдің барлық салаларында қызметтер мен қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» шаралар бар.

Аталған мәселелер  мүгедектердің құқықтарын іске асыруға, оларға объектілер мен қызметтерге кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге, өмір сүру деңгейін көтеруге және мүгедектердің қоғамда бірігуіне мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда, мүгедектіктің әртүрлі категориялары бар адамдар үшін мемлекеттік деңгейде кедергісіз ортаны құру бойынша міндеттемелерді орындау мониторингінің тиімді механизмі әлі күнге дейін жетілдірілмеген, өкінішке орай, қолданылмайды.Сол себептен,  инфрақұрылым объектілері көп жағдайда мүгедектердің проблемаларын есепке алмайды.

Мемлекет мүгедектер мен басқа да әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтардың құқықтарына қатысты заман талабына сай жаңа заңдарды жасап, енгізу керек.

Сондықтан, осы ережелер жүзеге асырылуы үшін ерікті түрде түсіндірілуі және қабылданған заңнамалар бұзылған жағдайда жазасыз қалмау керек.

Қоғам мүгедектерге қолайлы жағдай жасай алмаса, олардың күнделікті өмірінде  кездесетін қиындықтардың шешімі табылмайды. Мысалы, мүгедектер арбасында отырған адам оңалту орталығына тиісті тротуармен, арнайы көлікпен жету керек. Бірақ, пандус тік немесе мүлдем жоқ болса, арнайы лифтілер болмаса мүгедек адамға қолайсыздық туады. Ал, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде күнделікті, еркін қозғалу үшін зағип жандардың  қоршаған ортадағы  қоғамдық көліктерді қолдану туралы түсінігі болу керек.  Бөгетсіз орта –  бұл физикалық, сенсорлық және ақыл-ойы кемістігі бар мүмкіндігі шектеулі жандардың  қоршаған орта элементтерін еркін қолдануға мүмкіндік беретін орта.

Жалпылай айтқанда, бөгетсіз орта дегеніміз оңай әрі қауіпсіз ортаны жалпыға бірдей қамтамасыз ететін аймақ. Адамдардың мүмкіндігін шектейтін ол физикалық жетіспеушілік емес, қоршаған орта және оның ыңғайсыздығы, сондай-ақ, қоғамның оларға деген қарым қатынасы болып табылады.

Бұл мүгедектіктің әлеуметтік үлгісі бойынша «мүгедектік» ұғымының қазіргі заманғы түсінігі. Осылайша, әлеуметтік модель мүмкіндікті шектейтін себептердің айқын бейнесін көрсетеді, сондай-ақ негізінен мүгедектерді қоғамнан оқшаулайтын кедергілерді анықтауға және олардың қоғамның толық мүшесі болуына жол бермеуге және мәселені қалай шешу керектігіне жауап береді.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ