– Мен 1944 жылы бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданы, Ақшатау ауылында дүниеге келіппін, – деп әңгімесін бастады Марат аға. – Мектеп жасынан бастап спортпен шұғылдандым. Көбіне шаңғы тебемін. Аудандық, облыстық бәсекелерде үздік атанып, жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Орта мектепті бітірген соң 1965 жылы Алматы қаласындағы Ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға қабылдандым. Онда шаңғы үйірмесі жоқ екен. Еріксіз еркін күреске бардым. Адам көп, қабылдамады. Енді не істеуім керек? Самбоға бардым. Жаттығатын жері қуықтай тар бөлме екен. Дәтке қуаты көне төсеніші бар. Бапкерім – Петр Терещенко. Кешікпей институт біріншілігі өтті. Чемпион атандым. Салмағым – 68 кило. Алматы қаласы біріншілігіне қатысатын жолдама алдым. Қалалық жарыс наурыз айында өтті. Қарсыластарымның барлығы спорт шебері, одан қалды спорт шеберлігіне кандидаттар. Атағы жоқ мен ғана. Финалға шықтым. Финалда қарсыласты екі минутқа жеткізбей таза жеңдім. Алда, яғни мамыр айында Қазақстан біріншілігі күтіп тұрды.
– Сөйтіп Қазақстан біріншілігіне қатыстыңыз...
– Иә. Іріктеу кезеңіндегі белдесулерімді сәтті өткізіп, ширек финалға шығып, қарағандылық Малкин дейтін жігітпен күрестім. Оны жеңсем, маған «спорт шебері» атағы беріледі. Малкин қазіргі дзюдодан әлем чемпионы Максим Раковтың әкесі Сергей Раковтың бапкері. Қысқасы, Малкиннен жеңілдім. Менің осал тұсым «ауырту әдісін» мүлдем білмеймін. Келесі жылы тағы да республика біріншілігі өтті. Екінші орын алдым. Финалда Диханбай Биткөзовтен ұтылдым.
– Бұған дейін Диханбай ағамен таныс па едіңіздер?
– Жоқ. «Бұл кім?» деп бапкерімнен сұрасам, ол, «какой-то колхозник» деп менсінбейді. Диханбай да мені «жап-жас бала» деп менсінбепті. Сөйтіп бірімізді-біріміз менсінбей кілемге шықтық. Жамбасты сұмдық жасаймын. Зу еткіздім. Диханбай бір ұпайға түсіп қалды. Қайта күрестік. Тағы да зу еткіздім. Есеп – 2:0. Енді бір ұпай алсам, таза жеңемін. Содан Диханбай шапты. Мені иықтан асырып тастап жіберді. Тағы да тастады. Есеп – 2:2. Теңесіп қалдық. Қорқа бастадым. Ақыры Дихаш мені арқаға салып лақтырды да ұтып кетті. Төрт айдан кейін Қазақстан кәсіподақтарының спартакиадасы өтетін болып, қалалық іріктеу басталды. Тағы да Диханбай екеуміз финалға шықтық. Бұл жолы мен таза ұттым.
– Қандай әдіс қолдандыңыз?
– Сарт еткізіп тобықтан қағып едім, Дихаш топ етті. Кешікпей Диханбай да Ауылшаруашылық иститутына оқуға түсті. Бірге жаттығу жасаймыз, жақсы достасып кеттік. Әлі күнге дейін доспыз.
– Алғаш рет одақтық деңгейдегі қандай жарысқа қатыстыңыз?
– Одақтық деңгейдегі алғашқы жарысым кәсіподақтар спартакиадасы болды. Мәскеуде өтті. Бірінші қарсыласым Анатолий Харлампиевтің төл шәкірті, Одақтың үш дүркін жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Виталий Дорошкеевич. Мені «бірінші дәрежелі спортшы» деп жариялап еді, «мынаның әуселесін қара» дегендей көрермендер тырқылдап күлсін кеп. Шықтым да «бедроға» бастым, анау омақасты. Төрешілер ұпайымды бермейді. Сөйтсем, атақты Анатолий Аркадьевич жарыстың бас төрешісі екен. «Күрес тең аяқталды» деп жеңісті Дорошкеевичке байлап жіберді. Қалған екі балуанды таза жеңіп, топтан екінші болып шықтым. Бұдан кейін екі айналымнан да сүрінбей өттім. Соңғы айналымда төрт балуан қалдық. Ақыры маған үшінші орын бұйырып, самбодан «КСРО спорт шебері» нормативін орындадым.
– Сіз самбодан «КСРО спорт шебері» атанған тұңғыш қазақсыз.
– Солай болуы да мүмкін, бірақ артынан құжат бергенде «КСРО спорт шеберлігіне кандидат» деп жазып жіберіпті.
– Бұл әділетсіздік қой...
– Ондайдың талайын көрдік емес пе?! Мәскеу не десе солай болады.
– Дорошкеевичпен екінші қайта жолығып, есе қайтаруға мүмкіндік болды ма?
– 1966 жылы Сталиннің туған жері Грузияның Гори қаласында самбодан студенттер ойыны өтті. Дорошкеевич екеуміз бір топқа түстік. Баяғыша күресті тең аяқтадық. Бұл жолы төрешілер қулық жасады. Қарсыласымның салмағы менен 200 грамм жеңіл екен. Соны пайдаланып, жеңісті Дорошкеевичке алып берді. Мен өз тобымнан екінші болып шықтым. Тура Мәскеудегі жағдай қайталанды. Соңғы төрттікте қалдым. Ә дегенде төрттің бірі украиналық Андреевский деген балуанды ұттым. Екінші белдесуде грузин Магелзадемен жолым түйісті. Өте сұрапыл, қиын күрес болды. «Төрешілер шешімі» деген ұйғарыммен ұтылып қалдым. Бірақ Дорошкеевич Магелзадені таза ұтты да, мен ұпай саны бойынша екінші орынға шықтым. Бұл жолы еріксіз «КСРО спорт шебері» атағын берді.
– Қысқасы, Одақ көлемінде студенттер арасында мықты балуандар қатарынан орын алдыңыз...
– Осы жылдың (1966) жазында тұңғыш рет дүниежүзілік студенттер ойыны Мексикада өтетін болды. Кеңес елі самбо және дзюдо күресінен команда қосатын болып, бапкерлер кеңесі самбоға Дорошкеевичті, дзюдоға мені апаруды ұйғарды. Жаз бойы Қара теңіздің жағасында дайындалдық. Оқу-жаттығу жиынын Анатолий Харлампиевтің өзі басқарды. Дзюдо күресі жақсы дамыған жапон елінен бапкер алдырды. Күнде іріктеу-сұрыптау. Бір салмақта алты адамбыз. Оларды бет қаратпаймын. Қысқасы, студенттер арасында дзюдодан КСРО-ның бірінші нөмірімін. Шетелге шығатын төлқұжатым да дайын болды. Бір күні Анатолий Харлампиев мені шақырды. Бардым. Шарт қойды: «Сен Мәскеудің атынан күресесің! Сол себепті Мәскеудегі Тимирязев атындағы Ауылшаруашылық академиясына ауыс!..». Салып ұрып, Алматыға келдім. Жағдайды айтып едім бапкерім Петр Терещенко жатып кеп тулады. Көлденең түсіп жатып алды. Құжатымды бермей қойды. Мәскеуге қайта келдім. Харлампиев шақырып алды: «Құжатың қане?». «Бермей қойды». Анатолий Аркадьевич түтігіп кетті. «Ех, баран» деді. «Мен тірі тұрғанда сені күреске жолатпаймын! Кет..!». Төлқұжатымды қолыма ұстатты да құрамадан айдап шықты. Басым салбырап Алматыға келдім. Осылайша, Харлампиевтің бір ауыз сөзі күрестегі тағдырымды шешті. Сол кезде самбодан Қазақстанның бас бапкері Владимир Пак дейтін кәріс еді. Қазақстан біріншілігінде қанша рет топ жарсам да, Одақ біріншілігіне жібермей қойды. Екі рет әуежайда ұшақтан итеріп түсіріп, тастап кетті.
– Харлампиевтен тапсырма алған шығар?
– Солай болуы мүмкін. Өмірдегі өкінішім: Одақ чемпионатына бір рет қатыса алмадым.
– Оқу бітірген соң күресті қойдыңыз...
– Жоқ, күресті тастамадым. Ауылда агроном болып жүріп ешқандай жаттығу жасамай-ақ финалға шықтым. Жарыс Кентауда өтті. Финалда Клаводский деген балуанды 8:0 есебімен ұтып жатқанмын. Содан тағы бір әдіс жасап едім, анау кілем үстінде есінен танып қалды. Дәрігер шақырып әрең түзелді. Төреші келді де менің емес, есеңгіреп тұрған Клаводскийдің қолын көтерді. Күйіп кеттім. Төрешіні көтеріп алдым да кілемге бір ұрдым. Мені тізімнен сызып тастады.
– Содан...
– Содан қолымды бір сілтедім де әскерге кетіп қалдым. Белоруссияда борышымды өтедім. Бір дүркін Кеңес армиясының спартакиадасын ұттым. Қарулы күштер арасында өткен чемпионатта үшінші орын алдым. Армиядан келген соң күресті қойып, бапкерлікке бет бұрдым.
– Еңбек жолыңызды Семейден бастадыңыз...
– Иә. Бірақ бірден жолым бола қоймады. Қайраңдап, тосылып жүрдім. Жазда кезекті демалысымды алып Жамбылда тұратын туысқандарыма келдім. Қайнағам журналист еді, мені Жамбыл облысының спортын 28 жыл басқарған Ермаш Бұзауов деген кісімен таныстырды. Ол жұмысқа шақырды. Семейдің ауа райы жақпай, басым ауырып жүретін. Дәрігерлер де жер ауыстыру қажет дейтін. Жамбылға келдім. Спорт мектебінде самбодан орын жоқ екен. Екі ай еркін күрестің балуандарын жаттықтырдым. Күзде самбодан штат ашып берді.
– Алғашқы шәкірттеріңіз кімдер болды?
– Қала іргесіндегі Байзақ ауданынан таңдап-толғап бір топ жас баланы алдым. Олар 12 шақырымнан қатынап оқиды. Бұған қаланың бір топ жастарын қостым. Алғашқы топтан Нұрбай Жармұхамедов пен Алексей Громов суырылып шықты. Жармұхамедов қатарынан үш дүркін КСРО ауыл спартакиадасын ұтып, жастар ойынында күміс медаль, КСРО кубогында қола медаль алды. Менің бапкер ретіндегі тұңғыш жетістігім осы-тын. Жоғарыда ауылдан алып келген 22 оқушымның 17-сі екі-үш жылда «спорт шебері» нормативін орындап үлгерді. 10-ы Қазақстан чемпионы атанды. Ал қаладан алған топтың ішінен жалғыз Шәйірбек Қоныбаев қана «спорт шебері» атанды. Кешікпей Бүкісбаев, Өміртаев, Струковский деген оқушыларым жастар арасынан республика біріншіліктерін бағындырды. Мұның бәрі ауылдан шыққандар еді.
– Кешікпей республикалық «Қайрат» ерікті спорт қоғамына самбодан бас бапкер болып бардыңыз...
– Республикалық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының бастығы Ахметжан Қазымбетов самбошыларды жаттықтыруға шақырды. Бардым. Менің қоғам атынан бәйгеге қосқан командам жастар арасында Қазақстан чемпионы атанды. Төрт-бес жылдан кейін ересектер қатарында одақтық деңгейдегі жарыстарды ұта бастады. 1977 жылы КСРО-ның спорт тарихында тұңғыш рет «Урожай» спорт қоғамына самбодан бас бапкерлікке сайлау өтетін болды. Одақ құрамындағы 15 республикада және үлкен қалаларда қызмет істеген бапкерлер сынға түсті. Баяғыда Харлампиев мені Мексикада өткен дүниежүзілік студенттер сайысына қатыстырмай қуып тастап, орныма Крузе деген шәкіртін жіберген болатын. Ол үшінші орын алып «халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атанған. Осы Крузе келді де «сайлауға сен де түс, қолыңнан іс келеді» деп итермеледі. Бапкер болғаныма алты-ақ жыл. Қалай болар екен? Сайлауға түстім. Онымен қоймай жеңіске жеттім және «Урожай» спорт қоғамына бас бапкер болып тағайындалдым. Бұл қызметімді 1991 жылы Кеңес Одағы құлағанға дейін атқардым.
– Марат аға, Диханбай Биткөзов Жаңаарқадан жас балуандар дайындап Жамбылға жібереді. Сіз оларды әрі қарай ұштайсыз және бәрін Жамбыл қаласындағы жоғары оқу орындарына түсіресіз. Сөйтіп екі-ақ бапкер күллі Қазақстан самбосын көтеріп тұрдыңыздар.
– Жамбылда Құрылыс және сушаруашылық институты болды. Ректоры Марс Үркімбаев. Мәкеңе айттым, «менің дарынды шәкірттерім бар, соның бәрін сіз басқарып отырған институтқа түсірсек қалай қарайсыз?» деп. Ректор бірден келісті. Емтихансыз қабылдайтын болды. Содан Диханбай Жаңаарқа спорт мектебінде жасөспірім балаларды дайындап, орта мектепті бітірген соң маған жібереді. Мен оларды институтқа қабылдатып, әрі қарай ұштаймын, үлкен жарыстарға алып шығамын. Институт қабырғасында ағайынды Ағайдаровтар, Байшолақовтар, Мұсабековтер оқыды. Сондай-ақ Асқар Шайхиев, Сергей Валобуев, Айбатыр Махмұдов сынды талантты балуандар да тәлім алды. Биткөзовтің маған жіберген алты жігіттің бесеуі КСРО-ның жеңімпазы немесе жүлдегері болып үлгерді.
– Сол жылдары самбодан еліміздің ересектер және жастар құрамасының дені тек сіздің шәкірттеріңіз екен ғой?
– Нақтырақ айтсам, екі құраманың 70-80 проценті менің оқушыларым болды. Осы жылдары еңбегім жанып, ісім ілгеріледі. 1979 жылы көктемде Анатолий Харлампиев қайтыс болып, күзінде мені самбодан КСРО құрамасының негізгі үш бапкерінің бірі етіп тағайындады.
– Әлемдік самбода «жамбылдық әдіс» дейтін термин қалыптасты. Күллі Одақ балуандары осы әдістен қорқады екен. Мұны ойлап тапқан кім және әдістің ерекшелігі қандай?
– «Жамбылдық әдіс» ұласпалы әдістер тізбегі. Қарсыластың бір қолын орай байлап алып, екінші қолмен белбеуден ұстап жасайды. Әркім өзінің күрес үстіндегі мүмкіндігіне қарай іске асырады. Құйтырқылығы көп оның. Әдісті ойлап тапқан мен. Ерекшелігі, кез келген жағдайда қолдануға болады. Әсіресе Алмас Мұсабеков партерде жақсы жасайтын. Қарсыласын төрт тағандатып алады да, шыр айналдырып ұпайды саулатады. Самбодан жастар арасында әлем чемпионы Нұрғали Оспанов оңай игерді. Мейрамбек, Манарбек, Манас атты ағайындылар мұны керемет меңгерді. Манарбек осы әдіспен КСРО ауыл спартакиадасын ұтты. Мейрамбек студенттер арасында екінші орын алды. Бұл әдісті толық игерген балуан қарсы әдіске ешқашан түспейді. Бірақ біздің балуандардың бір кемшілігі ауырту әдісін ойдағыдай жасай алмайды. Өйткені оған менің өзім шорқақпын. Сол себепті осыған көп жұмыс істедім...
– Қалай жұмыс істедіңіз?
– Ресейдің Горький облысында Стова деген шағын қалашық бар. Ол жерден әлем чемпиондары көп шыққан. Бұлардың Михайл Бурдиков деген бапкері болды. 40 жасында КСРО чемпионатында топ жарған. Осы кісі ауырту әдісін керемет меңгерген. Осы Бурдиковпен өзім күресем. Аяқта тұрып күресуден мен жеңемін, партерде ол жеңеді. Баяғы ауырту тәсілін қолданады. Бірінен әзер құтылсаңыз, екіншісін жалғастырып істей береді. Керемет шебер орындайды. Оқу-жаттығу жиыны 24 тәулікке жоспарланған болатын, соның 21 күнін Бурдиковпен күресіп өткіздім. Әлгі қудың барлық әдісін үйреніп алдым. Соңында маған әдіс жасай алмайтындай халге жетті. Үйренгенімді шәкірттеріме үйрете бастадым. Осылай жұмыс істедік.
– Айтпақшы, сіз бір кездері самбодан Франция құрамасын да жаттықтырған жоқсыз ба?
– 1981 жылы Париж қаласында самбодан әлем біріншілігі өтетін болды. Жарыстың деңгейін көтеру үшін кеңестік тәжірибелі бапкерлер жарысқа қатысушы мемлекеттерге барып балуандарын дайындады. Маған әуелі Испанияға барасың деп еді, кейін Францияға баратын болдым.
– Француз тілін білмейсіз, қиналған жоқсыз ба?
– Құдай сәтін салғанда, самбо күресінен Франция құрамасы бас бапкерінің әйелі орыс тілінің маманы екен. Күйеуі де қара жаяу емес, орысша кәдімгідей түсінісеміз. Мен дайындаған алты балуанның үшеуі финалда күресті. Француздар командалық есепте КСРО және Моңғолия балуандарынан кейін үшінші орынды жеңіп алды. Француздар маған «екі жылға жұмыс істеңіз» деп келісімшарт ұсынды. Бірақ Одақтың спорт басшылары бұған рұқсат бермеді.
– Марат аға, бапкерге ең қажет дүние не?
– Бапкер ең бірінші еңбекқор болуы керек. Екіншіден, әрбір оқушыны өз балаңдай жақсы көр. Сенің қабақ қағысыңнан олар бәрін аңғаратын болсын. Үшіншіден, бапкер өз ісіне сенімді болуы шарт. Бапкердің сенімі нық болса, шәкірттің де сенімі орнығады. Көңіліңде қауырсындай қобалжу болса, бала аңғарып қояды. Өз басым кілем үстінде күресіп жатқан шәкірттеріме ешқашан айқайламаймын, жай ғана қолмен ескертетін белгілерім бар, соны жасап жайбарақат отырамын. Одан кейінгі жеке тәжірибем, жасым қырықтан асқанша спортшылармен күрестім. Әсіресе, шәкірттеріме қарсылас ретінде танылған атақты балуандарды іздеп жүріп күресемін. Мәселе жеңу немесе жеңілуде емес, әлгі балуанның амал-айласын сезіну, осал тұсын аңғару, күш-қуатын мөлшерлеу, осыны біліп алам да, шәкірттерімді қарсы дайындаймын. Сергей Валобуев пен Қанат Байшолақовты осылай әлем чемпионы жасадым. Менің бапкерлік құпиямның сыры осында.
– Сіз басқарған балуандар төрт жылда бір өтетін КСРО ауыл спартакиадасының екі дүркін жеңімпазы атанғанын спортсүйер қауым ұмыта қоймаған болар. Осы жарыстарды еске түсіріңізші?
– 1982 жылы Смоленскіде ауыл спортшыларының спартакиадасы өтті. Бұған 15 республика және Мәскеу мен Ленинград командаларын қойды. Мен алып барған Қазақстан құрамасында – 4 спорт шебері, 6 спорт шеберлігіне үміткер болса, Ресейде – 2 еңбек сіңірген спорт шебері, 6 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қалған екеуі жай спорт шебері екен. Мен 48 және 52 килоға екі адамнан қойдым. 100 килода балуан болмады. 48 килода мен қойған екі балуан Қанат Байшолақов пен Ли екеуі финалда күресті. 52-де дәл осы жағдай қайталанды. 57 килода алтын, ал қалған салмақта күміс немесе қола алып, командалық есепте 110 ұпай жинап рекорд жасадық. Төрт жылдан кейін дәл осы жарыс Әзербайжанда өтті. Төрт жыл бұрынғы құрамды алып бардым. Жарыс қорытындысы бойынша біздің құрама бұрын-соңды болмаған 128 ұпай жинап тағы да бас жүлдені жеңіп алды.
– Балуан һәм бапкер ретінде қазақ спортына өшпестей қолтаңба қалдырдыңыз. Сонымен қатар сіз ең жоғарғы дәрежелі төреші екенсіз...
– Баптаған шәкірттерімнен жетістік шыға бастаған соң маған төрешілер құрамынан орын алу қажет болды. Содан төреші болдым. Тіпті халықаралық дәрежедегі «экстра класс» атағын алдым. Самбоның дүрілдеп тұрған шағында әлем чемпионаты 6 немесе 4 кілемде өтеді. Соның біріне жетекшілік жасап жүрдім. Жапонияда өткен әлем біріншілігінде бас төрешінің көмекшісі болдым. Азия құрлығының бас төрешісі лауазымын атқардым.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»