Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Қарағанды: миллиондық межеге нық қадам

392 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысы активімен өткізген кеңес барысында кеншілер астанасын еліміздегі миллион тұрғыны бар төртінші қалаға айналдыру туралы айтқан еді. Қазақстан Президенті Қарағанды сияқты әлеуеттік мүмкіндігі зор қала үшін бұл деңгейдің қолжетімді екендігін нақты мысалдар келтіре отырып талдап берген болатын. 

Қарағанды: миллиондық межеге нық қадам

Жаңа орталық – жасампаз жоба

Таяуда өңір басшысы Ерлан Қошанов Президент тапсырмаларын орындау бойынша атқарылатын жұмыстар барысына талдау жасады. Облыс әкімі әр бағыт бойынша шаралардың жүзеге асырылуын тікелей бақылауына алатынын айтты.

– Мемлекет басшысына Қарағандының жаңа орталығын дамыту жоспарын таныстырдық. Президент бұл бастаманы қолдады және алдымызға Қарағандыны миллион тұрғыны бар қалаға айналдыру бойынша міндеттеме қойды, – деді Е.Қошанов.

Қазіргі таңда Қарағанды қаласының жарты миллионнан астам тұрғыны бар. Сегіз жыл бұрын тұрғындар саны 470 мың болатын. Әлбетте, Елбасының кеншілер астанасын миллиондық қалаға айналдыру ұсынысы жарқын болашаққа иек артқан жасампаз идея екені түсінікті. Десе де, бұл қолдан келмес іс, орындалмас арман емес. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» демекші, заман тыныш, ел аман болса, Қарағандының да миллион тұрғыны бар қалалардың қатарына қосылуы әбден мүмкін. Дегенмен, мұндай ірі жобаны әзірліксіз іске асыру мүмкін емес.

Бүгінде Қарағандыдағы жаңа орталықты дамыту жұмыстары басталып кетті. Жоспарға сәйкес, облыс орталығындағы Оңтүстік-Шығыс шағын ауданы мен Майқұдық елді мекенінің ара­сы қосылмақ. Яғни бұл аралықта бос жатқан 1200 гектар жер зор құрылыс алаңына айнал­мақ. Жалпы, алдағы 3-4 жыл мұғ­дарында бастапқы құрылыс нысандарына 250 млрд теңге қаржы салынады. Мұның 80 проценті жеке инвесторларға тиесілі.

Құрылыс қарқынды жүргі­зілген соң, жаяу жүргіншілер мен автомобиль трафигіне сұраныстың күрт өсетіні белгілі. Осыған байланысты, алдағы уақытта 3 жолдың құрылысы қолға алынады. №3 жылу электр орталығынан ұзындығы 20,5 шақырым болатын жылу магистралі тартылады. Бүгінде құны 23,5 млрд теңге болатын жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жалпы, жаңа орталықты дамыту жобасы 1500 адамды жұмыспен қамтып, шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін береді деген сенім бар.

Жобаның күші – жоспарда

Жаңа орталықты дамыту жобасы бірнеше кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде, алдағы 3-4 жылда 150 гектар жерге тұрғын үй кешендерін салу жоспарланған. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қажетті инженерлік коммуникациялар дайындалу үстінде. Қазірдің өзінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй тапсырылған. Жыл соңына дейін осы кешеннің үшінші блогы – мыңға жуық пәтер пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, жаңа жылға дейін облыстық соттың ғимараты салынып бітеді. Ал келесі жылы 1500 адам сиятын концерттік зал бой көтермекші. Аталған алаңда 24 қабатты 7 зәулім үй салынады, оның екеуі жыл соңында тапсырылса, қалған бесеуі 2019 жылы пайдалануға берілмек. Заманауи тұрғын үй кешендерін салу негізінен жеке инвестициялар есебінен қарастырылған. Жоспар бойынша 12,5 мың пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілмек. Бұл – жоба бойынша 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы деген сөз және 21 мыңға жуық отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Жаңа орталықтың даму жоспарында әлеуметтік нысандарды салу да қарастырылған. 2018 жылдың қараша айында 1200 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Мемлекет-жекеменшік әріптестік механизмі бойынша тұрғын үйлердің бірінші қабатында балабақшалар мен шағын орталықтар салу жоспарлануда. Балалар мен жеткіншектердің жаңа сарайы, 50 метрлік жүзу бассейні салынады.

Өңір басшысы аппарат жиынында облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев пен Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровке кеншілер астанасын дамыту стратегиясы мен оны жүзеге асыру бойынша жол картасын екі аптада әзірлеп, талқылауға шығаруды тапсырды.

Жаңа әлеуметтік нысандарды жоспарлау барысында қала тұрғындары санының артатынын міндетті түрде ескеру қажет, деп атап өтті Ерлан Қошанов. Басым жобалардың бірі – Қарағандыдағы жылу беретін үшінші нысанның құрылысы. Бұл жобаны жүзеге асырмайынша, қаланы дамыту мүмкін емес: бізге энергия қуаты қажет болады. Екі-үш жылдан соң жылу шығару нысаны жұмыс істеп тұруы тиіс. Облыс әкімі осы маңызды нысанға қажетті қаржы мәселесін тездетіп шешуді тапсырды.

Сонымен қатар, өңір басшысы тұрғын үй құрылысын дамыту үшін жеке құрылыс компаниялармен жұмысты белсенді жүргізуді талап етті. «Ақылды қала» жобалары мен цифрлы жүйеге ауысу жобалары басты назарда болады.

Теміртауға келгенде талап қатаң

Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде «Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек», деп нақты тапсырма берген болатын. Бұл жобаның өңір үшін маңызы зор. Өйткені құрылыстың бірінші кезеңінің 77 проценті облыс территориясында жүзеге асырылады. Бұл дегеніңіз, 840 шақырым құбыр желісі, 185 миллиард теңге инвестиция және көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін 1 миллионға жуық тұрғын.

Қазіргі таңда Қарағанды облысында осы маңызды жобаны жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс қолға алынған. Теміртау және Жезқазған қалаларындағы газ таратқыш желілердің құрылысы басты назарда тұр.

Елбасы Қарағандыда болғанында кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше назар аударып, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Парамжит Калонмен әңгіме барысында корпорация басшысы Лакшми Митталға Теміртаудағы екінші жылу электр орталығын жаңғырту қажет екенін жеткізуді бұйырған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев қала үшін бұл кәсіпорынның маңыздылығын қадап тұрып айтқан. Бүгінде аталған нысанды жаңғырту бойынша жоспарлардың орындалуы ерекше бақылауға алынды. Е.Қошанов жұмыстың қай бағыттар бойынша үдетілетінін нақтылап берді. Ең бірінші кезекте экологиялық жағдайды жақсарту мен халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету шаруалары тұр. Өйткені Елбасы Қарағанды облысының активімен болған кездесу барысында Теміртаудағы экологиялық мәселені және өңірдегі елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтудағы кемшіліктерді сынға алып, бірқатар нақты тапсырма берген еді. Мысалы, Президент «Әкімдікке Үкіметпен біріге отырып, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша кешендік жоспар қабылдауды тапсырамын», деген болатын. Бұдан бөлек, инвестиция тарту, туризм, шағын және орта бизнесті дамыту, жастарды жұмыспен қамту мәселелері де басты назарда.

Қошановтың қолында – карт-бланш

Жалпы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары, әңгімеге арқау болған ауқымды мәселелер, айтылған сын-ескертпелер, алға қойылған міндет-тапсырмалар өңірдің тыныс-тіршілігіне тың серпін бергені белгілі болып отыр. Әсіресе, кеншілер астанасы үшін мол мүмкіндіктерге бастар кең жол ашылды. Өзін өсіріп, ер мұратына жеткізген еңбек Отанына деген Елбасының ерекше құрметіне Арқа жұрты тағы бір мәрте тәнті болды. Қазақстан Президентінің Теміртаудың ескі бөлігіндегі мәдениет және демалыс саябағында болып, жастармен бірге «Девчата» және «Весна на Заречной улице» атты сүйікті фильмдеріндегі әндерді орындап, сонау жалындаған жастық шағына ойша саяхат жасауы – Президенттің өткенге құрметпен қарайтын өнегелі қасиетін тағы бір мәрте паш етті. Сондай-ақ серіктестері және металлугиялық комбинаттағы бұрынғы әріптестерімен кездесіп әңгімелескен сәттер де Елбасының жүрегін елжіретіп, әсерлі сезімге бөлегені рас. Мұндай сезімді адам баласына тек қана ыстық ұя, ысылдырған орта ғана сыйлай алса керек-ті.

Әлбетте, Президент облыста іске асырылып жатқан көп-көрім шаруаларды көрмеді емес, көрді. Дегенмен, қол жеткізгенге тоқмейілсімей, қашанда жаңа белестерді бағындырып, ұлы істерге ұмтылуға ынталандырып отыратын дағдысына салып, облыс басшылығына дамудың биік деңгейіне жеткізер соны міндеттер жүктеді.

Бүгінгі әңгімені түйіндер болсақ, осы сапар барысында Тұңғыш Президенттің өзін шарболаттай шыңдап, саясаттың майданына қайрап салған Қарағанды топырағына арман-мақсаттарға алқынбай жеткізетін күш-қайрат құйып кеткені сөзсіз еді. Елбасының көзімен қарағанда, Қарағандының да мол мүмкіндіктер қаласы екеніне еш күмән қалмады!

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ