Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

Мақта көбелегіне мән берілсе...

898 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қалың жұртының қамын ойлап, шаршамай шапқылап жүрген ақсақалдың жасы анау-мынау емес сексеннің сеңгірінен асып барады екен. Жүрген-тұрған жерінде ұлт мүддесі үшін ұтымды ұсыныс тастайтын қария жуырда ел газеті «Егеменге» де арнайы бас сұқты. Өзін Елемес қажы Сабыров деп таныстырған ағамыз іштегі сырын ірікпеді. Барымен барынша бөлісті. Ендігі әңгіме сол кісінің өз аузымен айтылған дүниелері төңірегінде өрбімек...

Мақта көбелегіне мән берілсе...

Ақсақалдың айтқаны

Бұл жайында біраздан бері мәселе көтеріп келемін. Өйткені жастайымнан жаныма жақын болып кеткен дүниең – осы бір аппақ әлем. Алыстан жайқалған алтын алқапты мақта. Содан ба, сол төңі­ректегі әрбір шеті шыққан шаруа мен үшін бейтаныс болып көрген емес. Мақ­таға байланысты жинақталған мол дү­ние маған тәжірибенің арқасында келді.

Ертеректе, ел іргесі бөлінбей тұр­ған кездің өзінде «өз-ағаларымды» өзім­сініп барып, банкіге толтырып көбе­лек жинап қайтатынмын. Иә, ол кез жас­тау күнім еді. Кейіннен олар да өз кө­белегін рұқсатсыз шығармау туралы қатаң ереже қабылдап, барыс-келістің аздап болса да бәсеңдеп қалғаны рас еді. Екінші жағынан көршінің көбелегін қашанғы дорбалап тасисың?! Дегенмен соның арқасында шығар, қатар жатқан бірдей алқапқа дақыл салған елдегі өз көршілерімнен бірнеше есе жоғары өнім алып жүрдім. «Әй, сенің бір қулығың ішіңде» дейтін сонда көршілерім. Мен «алқаптарыңда көбелек көбейтсеңдер, сендер де бітік өнім аласыңдар» деуші едім. Әйтсе де, менің айтқаныма құлақ асқандары аз. Ал мен сол жолдан әлі танбай келемін. Жасым сексеннің сеңгірінен асса да бір Алла қуат беріп тұрған соң аяғым жеткен жерге дейін барып, сөзім өткен жерге дейін осы мәселені айтудан еш танған емеспін. Оның өз себебі де бар.

Мақтаны өз көбелегі арқылы өсіру – өте өміршең мәселе. Күндердің күні болғанда алтын алқаптарға зиянды химикаттар шашу азайып, биотәсілге қарай бет бұратын кез келеді. Менің шырылым да – сол шырыл. «Неге соны бүгіннен бастамасқа?!»

Ал көршілес өзбек ағайындар мұндай химиялық дәрілерден әлдеқашан-ақ бас тартқан. Неге дерсіз? Айтайын мұның себебін. Мақта экспортталатын Еуропа елдері химиялық жолмен өңделген ақ алтынды сатып алуға аса құлықты емес. Олар бұл талапты балталасаң бұзылмайтындай етіп заңмен шегелеп тастаған. Ал ала шапанды ағайындар сол ыңғайға дереу бейімделіп, табиғи көбелектерге тікелей назар аударды. Екіншіден, бұл таза табиғи өнім алудың ең бір таптырмас жолы еді.

Біле білген жан үшін Алла тағала мына ғаламды ешбір қателіксіз өзара үйлесімді етіп жаратқан. Бұл дүниеде басы артық ештеңе жоқ. Мәселен, мақта енді жетіле бастағанда оған құрт-құмырсқа түсті делік. Ал ол құртпен қоректенетін сол мақтаның өз көбелегі бар. Соны көбейтсек, табиғат өз жауымен өзі-ақ күреседі. Ешқандай химикат сатып алып қиналмайсыз. Тендер өткізіп «терлеп-тепшудің» де қажеті шамалы. Менің көрінген босағаны күзетіп, күні-түні шыр-пыр болып дәлелдей алмай жүрген дүнием осы еді...

Ақсақалдың арманы

Обалы нешік, ойымды ұғып, оң қабақ танытқандар табылды. Мені қолдаған депутаттар да, министрлер де, әкімдер де жетерлік. Содан да шығар, іс сәл де болсын ілгері басты. Енді міне, соңғы бір сатыларына келіп тұрған сияқты. Алла қалап, облыстық басқарма жанынан өсімдік қорғау бөлімшесі де ашылды. Оның жанынан тағы да қажетті жұмыс орындары құрыла жатар. Жұрт жаппай жең түріп «көбелек көбейтуге кіріседі» деген арманымның орындалуына да аз қалғандай. Бірақ іс бітуге таяған сайын, адымы өгізаяңдап өнер емес. Күннің жылуы да кеміп келеді. Соңғы алған ақпарым бойынша, құжаттар Алматыдағы сараптама орталығынан өтіп, Білім және ғылым министрлігіне түскен сияқты. Елге жаны ашитын азаматтар осы мәселені кешеуілдетпей, ер­те­рек бітіруге қолғабыс етсе деген аға­лық ақ тілегімді ел газеті – «Егемен Қа­зақстан» арқылы жеткізуді жөн көрдім.

Әйтпесе, бұл күнде мақтаның үшінші ұрпағы да біраз жерге барып қалғандай. Бұл дегеніңіз – биылғы жылдың зиянкестерімен де толықтай улы химикат шашып күресеміз деген сөз шығар. Ал химиялық қоспаға әбден еті үйренген зиянкес уақыт өте есін жинап, оң-солын қайтадан отай бас­тайды. Пәйек паразиттеріне пестицид шашу мен үшін соларға «екпе салып еліктіріп жатқандай» әсер қалдырады. Сондықтан да ел тағдырына бей-жай қарамайтындар мен ұсынған ұсынысты қолдап, тіпті қаражат бөлуге де қамданып отырғандай. Тек осы мә­се­лені барынша ертерек заңдастырсақ деп Елемес қажы өз ойын түйіндеді.

P.S. Сала мамандарының сөзіне сенсек, бір ғана Түркістан облысының аумағында өсімдік зиянкестерінің 200-ге тарта түрі кездеседі екен. Бұл тізімге біз айтып өткен мақта «жемірлері» де кіреді. Міне, соларға «мылтықсыз майдан» ашудың табиғи тәсілін ұсынудан танбай келе жатқан ақсақалдың тың бастамасына қолдау білдіретіндердің қатары жыл санап көбейіп келеді. Бәлкім, болашақта мақта шаруашылығының бағын ашатын баянды жобаның біріне айналып кетуі де ғажап емес. Ең бастысы – батыл ойға бөгет болмасақ жарады.
Қай кезде де «Істі қалай басталғандығымен емес, оның қалай аяқталғандығымен бағалайтын» талғампаздығымыз ел экономикасына тек оң серпін беретіндігін және бір мәрте ескеріп қойсақ еш сөкеттігі бола қоймас дейміз.

 

Жазып алған

Амангелді ҚИЯС,

«Егемен Қазақстан»