Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2018

«ВІ-Жұлдызай» республикалық спартакиадасы ашылды

504 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсарту – «Нұр Отан» партиясының жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Бұл жөнінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев білім беруде ерекше жағдайды талап ететін балаларға арналған «ВІ-Жұлдызай» республикалық спартакиадасының ашылу салтанатында айтты. Биыл аталған сайыс Астананың 20 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр.

«ВІ-Жұлдызай» республикалық спартакиадасы ашылды

Спартакиада 2016 жылдан бері «ВІ-Жұлдызай» корпоративті қорының бастамасымен «Нұр Отан» партиясының, Білім және ғылым министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің, Назарбаев университетінің, спорт федерацияларының, Паралимпиадалық комитеттің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп келеді.

Қатысушылар мини-футбол, голбол, жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен қатар асық ату, бес тас сынды ұлттық ойындардан да сынға түседі. Республикалық спартакиадаға еліміздің барлық аймағында өткен іріктеу жарыстарында топ жарған балалар қатысуда. Іріктеу сайысына еліміздегі 97 мамандандырылған интернатта оқитын және жалпы білім беретін мектеп ұстаздарының жетекшілігімен үйден білім алатын үш мыңға жуық балалар мен жасөспірімдер қатысты. Нәтижесінде олардың 411-і республикалық додаға жолдама алды.

Салтанатты рәсімде барша қатысушыларды спартакиаданың ашылуымен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жас спортшыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі сайысты батылдық пен төзімділіктің, қайрат пен қажырлықтың және намыс пен асқақ рухтың жарқын көрінісі деуге әбден болады. Сондықтан спартакиаданың әр қатысушысы қандай нәтиже көрсетсе де жеңімпаз деп танылатыны сөзсіз. Өйткені осындай ірі жарысқа келіп, қатысудың өзі, шын мәнінде, үлкен жетістік, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол бұл бағытта елімізде жасалып жатқан жұмыстарға назар аударып:

– Кез келген елдің дамуын анықтайтын түрлі көрсеткіштер болады. Солардың бірі және ең маңыздысы – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасы. Егер мұндай жандардың құқығы қорғалып, барлық қажетті жағдай жасалса, ондай мемлекетті жан-жақты дамыған деп айтуға толық негіз бар. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстанда Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Яғни, елімізде инклюзивті білім беру жүйесін енгізу, кедергісіз орта қалыптастыру, мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету және осы салаға қатысты заңнамаларды одан әрі жетілдіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, – деді.

Сондай-ақ бұл жұмыстарға тек мемлекеттік органдар ғана емес, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес қауымдастықтар да белсенді ат салысуы тиіс екенін айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мемлекет пен қоғам бірлесіп әрекет еткенде ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болатынын атап өтті.

– «Нұр Отан» партиясы да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Атап айтқанда, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында көптеген игі бастамалар жүзеге асырылуда. Осы ретте алдағы уақытта партия «ВІ-Жұлдызай қорымен және осы салада еңбек етіп жүрген басқа да ұйымдармен тығыз байланыс орнатуға әрдайым дайын, – деген Мәулен Әшімбаев балаларды ынталандырып, рухани күш-қуат беретін осындай бастама үшін ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Жас спортшыларға сәттілік тілеп, құттықтағандардың қатарында жүзуден 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Паралимпиада ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, «BI Group» компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары, Директорлар кеңесінің мүшесі Арман Ахметов және тағы да басқа белгілі қайраткерлер болды.

Сайыс қатысушылары үшін ең жарқын сәттердің бірі ретінде белгілі тележүргізуші, қоғам қайраткері Аружан Саинның жетекшілігімен өткен жаттығу болғанын айтуға болады. Одан бөлек, спартакиада аясында арбаға танылған жандарға арналған «Боча» ойыны бойынша білікті жаттықтырушылардың шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.