Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Түркі интеграциясының архитекторы

793 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сириядағы азаматтық соғыс және Идлибпен байланысты соңғы оқи­ғалар бұл әлемдегі жалғыз проб­лема осы дағдарыс екен деген пікір қалыптастырады. Алайда негізінен түркі-ислам әлемінде көптеген аймақтар тұрақсыздық мұхитында жанталасып жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, келешек­те жаңа дағдарыстар пайда болуы әбден мүмкін. Орталық Азия ай­­ма­ғының бұл жаңа кезеңде тұрақ­сыздықтан айналып өтуі өте қиын.

Түркі интеграциясының архитекторы

Мұндай жағдайлар аймақтың барлық елдерінде, әсіресе Қазақстанда үлкен алаңдаушылық тудырады.

Аймақта алаңдатушылық тудырып отырған тағы бір фактор – Батысқа қарай сыртқы саясатын тұрақты түрде жылжы­тып отырған Қытай. Осыған байланыс­ты, Қытай соңғы уақытта басым­дығы­на ай­налған Жаңа Жібек Жолы жобасын өзінің аймақтық және ғаламдық гегемониясының ажырамас бөлігі деп санайды.

Осы мүдделердің тоғысында мак­ро деңгейде Орталық Азия, ал микро деңгейде Қазақстан тұр. Түркі әлемі­нің «қауіпсіздік қалқаны» болып табы­латын Қазақстанның геосаяси және стра­тегиялық маңыздылығы бүгінде ең жоғарғы деңгейде. Атап айтқанда, Қазақстан тек Еуропа мен Қытай арасында ғана емес, сонымен бірге солтүстіктен оңтүстікке қарай, батыс­тан шығысқа қарай жылжитын тран­зиттік дәліздердің басты қиылысы және құрлықтағы ең басты мемлекет болып табылады. Сондықтан Еуразияның жүрегі болып есептеледі.

Қазақстан Еуразияның жүрегі болғандықтан терең жауапкершілікті сезінеді. Яғни Қазақстанның тұрақты­лығы тұтас аймақтың тұрақтылығына әсер етеді деген сөз. Сондықтан Нұрсұл­тан Назарбаевтың конструктивті сырт­қы саясат жүргізуі және аймақ­тағы бейбітшілікке дәнекер болуы кез­дей­­соқтық емес. Оны барлық елдің құр­меттеуі, оған сенуі және оны «лидер» деп атауы өте маңызды. Міне, осы абыройына байланысты Назарбаев Түркия мен Ресей арасындағы «СУ-24» ұшағы дағдарысын шешуге, сондай-ақ Астана процесінің аясында Сирия дағдарысын бейбіт жолмен реттеуге маңызды үлес қосты.

Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты

Президент Н.Ә.Назарбаевтың ішкі саясатындағы «үйлесімділік» ұстаны­мы сыртқы саясаттағы «бейбітшілік» ұғымына ұласуда. Әрине күшті және бірлігі мығым Қазақстан аймақтық және ға­ламд­ық деңгейде бейбітшілік пен тұрақ­­ты­лықтың кепілі болып табылады. Астананың тепе-теңдікке негіз­дел­ген көп­век­торлы сыртқы саясаты аймақ­­тық және халықаралық баланстар тұрғысынан өте маңызды және Елбасы Н.Назар­баев осы нәзік баланстарды қорғап келеді.

Бұл аспект «Сыртқы саясат тұжы­рым­дамасында» айқындалды. Ол Қазақ­станның сыртқы саясатының келесі сындарлы мақсаттарына негізделген:

1. Ұлттық қауіпсіздікті, ұлттық қорғанысты, тәуелсіздікті және аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету;

2. Халықаралық бейбітшілікті, өңір­­лік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту;

3. Әділ және демократиялық әлемдік тәртіпті орнату үшін Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастық;

4. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына енуін қамтамасыз ету;

5. Ұлттық құндылықтар мен ұлттық мәдениетті сақтау.

Соңғы мәселе өте маңызды, себебі егер ол жүзеге аспаса, Қазақстанның бар болуы да екіталай. Осы себепті, Қазақстанның ішкі саясатында ұлттық құндылықтарға оралу және ұлттық болмысты жандандыру жолдарын іздестіру тұрғысынан Түркілік және сыртқы саясатта «Түркі әлемі» аса маңызды орынға ие. Түркі әлемінің әйгілі астаналарының бірі болып табылатын Астана өзінің архитектурасымен, мұражайларымен, кітапханалары және концерт залдарымен түркілік болмысты еске түсіреді.

Түркі одағы және Нұрсұлтан Назарбаев

«Түркі еуразияшылдығының» негізін қалаушылардың бірі Нұрсұлтан Назарбаевты ерекшелейтін қасиет, бұл – оның эмоционалдылық пен популизмнен алыс болуы және өзара тиім­ділік пен теңгерімге негізделген нақ­ты стра­тегияны дамытуы. Негізгі мақ­саты – Түркі әлемінің интегра­циясы.

ХХІ ғасырда тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің әлемдік сая­си жүйеде аман қалуы, сөзсіз, бірлік пен ынтымаққа байланысты. Бірлік – түркі-ислам әлемінің ең көкейкесті мәселесі. Аймақтың тұрақтылығы, өркендеуі және қауіпсіздігіне қол жеткізу мақ­сатын­да «Түркі әлемінің интегра­ция­сы» саясаты 90-шы жылдардың басынан бері Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатына айналды.

Бұл тұрғыдан Нұрсұлтан Назарбаев «тілде, пікірде, істе бірлік» идео­логия­сының өкілі болып табылады. Ол осы тео­рияны іс жүзінде жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жасаған көш­бас­шы. 1992 жылы Анкарада бас­талған және бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жат­қан түркі тілдес мемлекеттер бас­шы­лары­ның барлық кездесулеріне қатыс­қан жалғыз көшбасшы.

Елбасы Н.Назарбаевтың түркі әлемінің интеграциясы жолында жасаған келесі қадамдарын атап өтуге болады:

1. 2009 жылы «Түркі кеңесін» құру бастамасы және «Түркі іскерлік кеңесі» және «Түркі академиясы» сияқты механизмдерді енгізу;

2. 2018 жылы наурызда Астанада ұзақ үзі­­лістен кейін Орталық Азия елдері пре­зи­денттерінің кездесуін өткізу;

3. Қазақстанның ең тығыз қоныс­танған провинциясы атауының 2018 жылы «Түркістан» деп өзгеруі.

Назарбаевтың Түркі кеңесіндегі мәлімдемелері

Біз түркі әлеміндегі бірлікті құруға бағытталған үдерістердің қарқындап келе жатқанына куә болып отырмыз. Бұл тұрғыдан 2018 жылдың 3 қыр­күйегінде Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің алтыншы басқосуында түркі әлемінің лидері Назарбаевтың жасаған ұсыныстарына назар аударғанымыз жөн.

Кеңеске мүше мемлекеттер арасын­дағы экономикалық және сауда қаты­настарын тереңдетудің маңыз­дылығына баса назар аударған Нұрсұлтан Назарбаев Каспий келісімінің нәтижесінде туын­даған жаңа құқықтық мәртебенің Түркі кеңесі елдеріне де пайдалы болатынын атап өтті. Бұл мәселе Каспий теңізіне шығу мүмкіндігі бар бес елдің үшеуі Түрікменстан, Әзербайжан және Қазақстан үшін және Каспий бассейні елдерінің бірі болып табылатын Түркия үшін терең стратегиялық маңыздылығы бар мәселе.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа да ұсыныстарын атап өтуге болады:

1. Түркі кеңесі аясында «Түркі әлемі­нің 100 жаңа тұлғасы» және «Түркі әлемінің 100 қасиетті орны» жобаларын жүзеге асыру;

2. Жас көшбасшылар форумын тұ­рақты өткізу;

3. Түркі Кеңесінің қамқорлығымен инсти­туттар мен механизмдерді реформалау; қажет болса, олардың санын азайтып, тиімділігін арттыру.

Бұл үдерісте Түркия мен Қазақ­станның ынтымақтастығы өте маңызды орын алатыны сөзсіз. Осы тұрғыдан, өзара сапарларды одан әрі жандандыру, түркі әлеміне бағытталған қауіп-қатерлерді жою, мүмкіндіктерді тиімді бағалау маңызды.

Мехмет Сейфеттин ЕРОЛ,

Анкара Дағдарыс және саяси зерттеулер орталығының директоры, профессор, доктор