Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Күздің бір күні қыстың мың күніне тең

1136 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күн қысқарып, түн ұзара бастағалы, яғни күз жеткеннен бері бойы мұздаған жұрттан маза кететіні белгілі. Үйіндегі пеші көмірмен жағылатын ағайын үшін отынның осы бір түрін уақытында түсіріп алу – кезек күттірмейтін шаруаның бірі. Бұдан бөлек, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандардың қылышын сүйреткен қысты қарсы алуға дайындығын қамтамасыз ету – әкімдердің екі аяғын бір етікке тығар мазасыз науқан екені белгілі. Ал күзгі жиын-терім маусымының маңыздылығы жағынан ақырған қысқа дайындықпен қатар тұратыны айтпаса да түсінікті. Міне, осы қат-қабат шаруалардың Қарағанды облысындағы орындалу барысы әзірге көңіл көншітерлік деңгейде көрініс тауып отыр.

Күздің бір күні қыстың мың күніне тең

Газ келгенше көрер күн осы

Ресми мәліметке қарағанда, Қарағанды облысында халыққа көмір сататын 38 нүкте бар екен. Тұйық бекеттерінде қатты отынның қажетті қоры мол жинақталған: 20 мың тоннадан астам көмір бар көрінеді. Көмір артып-түсіретін техникаға байланыс­ты мәселе де жоқтың қасы.

Жалпы, тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету жағдайын Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов әрдайым бақылауда ұстап отыр. Мұның да өзіндік себептері бар. Мәселен, өткен жылы отынның осы түріне деген сұраныс қажетті мөлшерде қанағаттандырылмай, мұның аяғы әлеуметтік дүрлігуге ұласқан еді. Міне, осындай келеңсіз жағдай енді қайтып орын алмас үшін биыл  ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары жаз айларында басталып кеткен болатын.

Ағымдағы жылдың 8 айында облыста коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналып 14 млн тонна көмір өндірілген. Бұл – өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 10 процентке артық. Қолда бар есептемелер бойынша, орталықтандырылған жылыту жүйесі жоқ тұрғындар бір қыста шамамен алғанда 745 мың тонна көмір жағады екен.

Алдағы жылыту маусымы қар­саңында Е.Қошанов қол астындағы қызметкерлерге ақпараттық жұмысты үдетуді тапсырды. Тіпті ол Қарағанды қаласының әкімі мен оның командасын үйді-үйге барып, жағдайды көзбе-көз қадағалауға міндеттеді. Өңір басшысы тұрғындарды қысқа дайындықты созып алмай, отын-суын уақытында түсіріп алуға шақырды.

– Қазірден бастап көмірді сатып ала бастау керек. Әйтпесе бірер күннен соң, айдың аяғында өткен жылғыдай дүрлікпе басталып кетеді. Көмір – өте маңызды мәселе. Қала және аудан әкімдері бұл жұмысты дұрыс ұйымдастыруы тиіс. Әлеуметтік-мәдени нысандардың нақты отын қорын тексеретін боламыз, – деп қатаң ескертті облыс әкімі аппарат жиналысында.

Үсенов үсітпейміз дейді

Қытымыр қысқа дайындық – өте жауапты науқан. Таяуда жылыту маусымына дайындық деңгейі туралы облыстағы барлық қалалар мен аудандардың әкімдері есеп берді. Жиында баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ұлантай Үсеновтің мәлімдеуінше, өңірде  қысқа дайындық ойдағыдай жүріп жатқан көрі­неді.

– Осы мерзімге белгіленген 90 про­центтік жоспар бойынша нысандардың дайындығы 91%-ті құрап отыр. Кестеге сай барлық инженерлік желілердегі жөндеу жұмыстары 20 қыркүйекке дейін аяқталады. Құбырларды қысыммен тексеру және гидравликалық сынамалар
1 қазанға дейін жасалып бітеді, – деді ол.

Қазіргі таңда облыстағы энергия стансаларында 24 қазандық және 9 турбина жөнделген. Жөндеу жұмыстары тағы екі қазандық агрегатта жүргізіліп жатыр.

Биыл Энергетика министрлігі Қара­ғанды облысына тоннасы 70 мың теңге тұратын 28 мың тонна әлеуметтік мазут бөлген болатын.

«Нұрлы жол» және «Аймақтарды да­мыту» мемлекеттік бағдарламалары бо­йынша жылу жүйелерінің құрылысы мен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл орайда бес жоба Қара­ғандыда және біреуі Сәтбаев қаласында жүзеге асырылып жатыр.

Үсенов биыл Арқаның ақшұнақ аязы мен ақырған бораны қарағандылықтар үшін қолайсыздықтар тудырмауы тиіс деп сендірді. «Жұмыс кестеден қалыс қалмай жүргізілуде», деп мәлімдеді жылыту мау­сымына жауапты маман.

Ырыс ысырап болмайды

Қарағанды облысында күзгі жиын-терім науқаны басталып, диқаншы қауым үшін қарбалас күндер туды. Алдын ала болжам бойынша, биыл өңірде 903 мың тонна астық, оның ішінде 660 мың тонна бидай қамбаға түседі деп жоспарланған. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов келтірген мәлімет бойынша, биыл астық және дәнді бұршақ дақылдарын жинау ауданы 826 мың гектарға тең. Оның ішінде бидай – 623,9 мың, арпа – 174,1 мың, сұлы – 17,9 мың, бұршақ дәнділер 10,1 мың гектарды құрайды. Майлы дақылдар – 17,1 мың, картоп – 9287, көкөністер 1442 гектар жерден жиналады.

Астықтың өнімділігі өткен жылғы көрсеткіштерден төмен болмайды деп күтілуде: орташа есеппен алғанда, гектарына 11 центнерден айналады. Өнімді  жаппай жинау 903 мың тоннаны құрайды, оның ішінде бидай 663 мың тонна болады деп болжанып отыр. Картоп өнімі 230 мың тоннадан астам мөлшерде жиналады деп жоспарлануда.

– Өнімді жинау жұмыстарын жүргізу үшін 2234 комбайн жұмылдырылды, оның ішінде 19-ы биыл сатып алынған жаңа техника. Сонымен қатар 531 бірлік дестелегіш іске кіріскен. Картоп жинау ісіне 124 бірлік техника ат салысып жатыр. Бұл өнім жинау жұмыстарын 25 қыр­күйекке дейін аяқтауға мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді С.Апақашов.

Биылғы жиын-терім жұмыстарын жү­зеге асыру үшін аграрлық шаруаларға 15 мың тонна арзандатылған дизельдік отын бөлінгенін айта кеткен жөн. Оның бағасын қолжетімді деп айтуға болады: отынның бір литрі 169 теңгеден айналған. Облыста астықты сақтау үшін де барынша жағдай жасалған. Бұл мақсатқа 500-ден астам астық қоймасы, екі лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны қалтқысыз қызмет етпек.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ