Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2018

Түркістан облысында 2,7 млн тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді

296 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірде ауыл шаруашылығы жетекші салалардың бірі ретінде дамып, көрсеткіштерді жақсарту, шаруашылықпен айналысатын азаматтарға қолдауды күшейту бағытында жұмыс жүргізіліп келеді. Нәтижесінде биыл көкөніс, картоп, бақша дақылынан 2,7 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді.

Түркістан облысында 2,7 млн тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді

Ауыл шаруашылығы саласындағы 8 айдың қорытындысы бойынша, биыл өңірде егіс көлемі 807 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,0 мың гектарға артты. Егіс құрылымы бойынша масақты дақылдар өткен жылғы көрсеткіштен 22,7 мың гектарға артып, 227,4 мың гектарға жеткен. Ал, жүгері 6,6 мың гектарға артып, 43,9 мың гектарға, көкөніс, картоп, бақша 7,5 мың гектарға артып, 113,9 мың гектар болған. Биыл масақты дақылдардың әр гектарынан орташа есеппен 17,8 центнерден өнім алынып, 405,0 мың тонна дән қамбаға құйылды. Майлы дақылдардың 80 пайызы, яғни, 54,2 мың тонна өнім жиналған.

Ағымдағы жылы тамшылатып суғару әдісі енгізілген егістік көлемі 64,3 мың гектарға жеткен. Сондай-ақ облыста мал басы артқан. Мәселен, 8 айда ірі қара мал басы 30,6%-ға артып, 998,1 мың болса, қой мен ешкі 4,2%-ға артып, 4459,0 мыңға жеткен. Жылқы 7,9 %-ға артып 309 мың, ал түйе саны  27,5 мың болып отыр. Жыл басынан бергі 8 айда Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 249 998,2 млн. теңге болды. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 3,4%-ға жоғары көрсеткіш.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы