Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

«Жетісу» географиялық қауымдастығы 7 шың бағындырды

628 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жетісу» географиялық қауымдастығы құрылғалы бері өңірдің тұмса табиғатын қорғау мен аймақтың туристік әлеуетін арттыруға еңбек сіңіріп келеді. Әсіресе, ұйым мүшелерінің Жетісудың аспанға қол созған таулы аумағын зерттеп, адам аяғы баспаған биік шыңдарды бағындыруға ұмытылысы керемет.

«Жетісу» географиялық қауымдастығы 7 шың бағындырды

Биыл географиялық қауымдастық мүшелері Астана қаласының 20 жылдығына орай Алматы облысы аумағындағы 7 шыңды игеруге бел буған. Жаз бойы альпинистер мен табиғаттанушылар Лабасы, Фурманов, Панорама, Башута,Турист, Текелі атауларын иеленген Жоғар Алатауы шыңдарының басына шықты.  Ал Хаңтәңірі шыңына арнайы медиа-экспедиция барып, қайтты. Биыл географиялық қауымдастық мүшелері жалпы биіктігі 20 мың метр болатын тау басына аяқ басып, еліміздің көк  туын құз басына қадады. Бағынған шың-құздың ең биігі 7 мың метрлік Хантәңірі болса, ең аласасы 1500 метрлік Текелі шыңы болды.

- Тау асып, шың басына шығу тәуекелі көп, қауіп-қатері мол жұмыс. Кәсібилік пен жаужүректілік қана емес, туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілікті те талап етеді. Жалпы, қауымдастықтың мақсаты өңірдегі тау туризмін дамыту мен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, альпинизмге қызығушылықтарын ояту. Қазір 12 мүшеміз бар. Қауымдастық қатарына қосылғысы келетіндер бар. Алдағы күндері Жетісудың географиясын, тарихын, этнографиясын зерттеуге ықыласты жастарды мүшеліке қабылдамақшымыз, - дейді «Жетісу» географиялық қауымдастығының жетекшісі  Әнуар Демегенов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы