Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2018

Шетелдік журналистер Қазақстан мәдениетімен танысты

855 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің мәдениеті мен қасиетті орындарымен танысу үшін Астанаға әлемнің үздік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері келді. Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған апталық баспасөз туры барысында журналистер Астана, Алматы мен Түркістан қалаларын аралады.

Шетелдік журналистер Қазақстан мәдениетімен танысты

Баспасөз туры Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Турға мәдениет және өнер саласында маманданған Ұлыбритания, Италия, Польша, Қытай, Корея және Индонезиядан келген журналистер қатысты. Турдың алғашқы күні тілшілер елордадағы Қазақ Ұлттық Өнер университеті, Ұлттық музей мен «Астана-Бәйтерек» монументі сынды елорданың көрікті жерлерін аралап, қала келбетімен танысты. Сондай-ақ «Астана Балет», «Астана Опера», «EXPO-2017» аумағында орналасқан қазақстандық «Нұр Әлем» павильонының экспозициялары таныстырылды.

Келесі күні оңтүстік жұртшылығы шетелдік қонақтарды қазақы дәстүрмен қарсы алды. Баспасөз турының қатысушыларына ежелгі Отырар көне шаҺары, Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстан баб кесенелері, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығына экскурсиялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар журналистер Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейін аралап, өлке тарихына қанықты. Қонақтар ұлттық тағамдар қойылған дастарханнан дәм татып, отырарлық өнерпаздардың ән-жырына құлақ түрді. Қонақтар жолға аттанар алдында аудан басшысы үш тілде жарық көрген «Отырар жәдігерлері» кітабын сыйға тартты.

Алматыға сапар барысында журналистер қауымы көркемсурет мұражайы, Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайы, Алматы мұражайы, «Трансформа» театр алаңы, «Esentai Gallery» өнер галереясы, Дәстүрлі музыканың мультимедиа орталығы, «Qazaq-Oner» қолөнер орталығы, жас қазақ ақындарымен кездесу сияқты мәдени іс шараларға қатысты. Сондай-ақ көрікті мекеннің үздік туристік орталықтары журналистер қауымын әдемі келбетімен таңқалдырды.

Индонезияның «Indonesia Tatler» газетінің журналисі Ливиани Синтьянаны елордамыз өзінің әсем ғимараттарымен баурап алған. «Астана қаласы Батыс пен Шығыс мәдениетін,  дәстүрін тоғыстырған заманауи қала деп айтар едім. Ұлттық нақыштағы көрнекті орындар мен монументтер, ерекше сәулеттік ғимараттарды, мәдени орындар мен саябақтар Астананың ажарын аша түскендей» деді ол.

Кореяның «International Policy Digest» агенттігінде қызмет ететін  ұлыбританиялық журналист Джон Лайман Қазақстанға алғаш рет келген. «Қазақстанның өзіне тән ерекше стилі бар. Мысалы Астана - заманауи өнердің, мәдениеттің ордасы. Астана құрылысы еуропалық және шығыс стилінің ең озық архитектуралық стилін айшықтап тұрса, Түркістан қаласы орта ғасырлық сәулет өнерінің бүгінге дейін бұзылмай сақталған ең бір озық үлгісі» деп өз ойымен бөлісті.

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» және «Қасиетті Қазақстан» жобалары аясында ұйымдастырылған бұл баспасөз туры ел туризмін дамытуға және Қазақстанның дамып келе жатқан мемлекет ретіндегі имиджін қалыптастыруға оң әсерін тигізеді.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»