Руханият • 26 Қыркүйек, 2018

Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін?

1563 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Туризм – таусылмайтын тақырып. Оның қазіргі жай-күйі, шешімін күткен түйткілдері мен саланы дамытудың жолдары дүйсенбі күні Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында жан-жақты талқыланды. 

Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Бұл мақалада біз туризмді дамыту үшін міндетті түрде қажет етілетін жайларды – саланы субсидиялауды шешу, қомақты инвестиция құю, тиісті салықтық жеңілдіктер енгізу, туризм инфрақұрылымын жасау, туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу, жергілікті атқарушы органдар үшін туризм бойынша тиісті нысаналы индикаторларды орнықтыру, жолаушы билеттерінің, қонақүйлердің бағасын төмендету мүмкіндігін қарастыру, білікті мамандар дайындау, сервисті жақсарту, байланысты жолға қою, туризм жарнамасын жетілдіру... сияқты қапта­ған мәселелерді қозғамақ емеспіз. Олар қазір Үкімет жасап жатқан Қазақстан Республикасында сырттан келу және ішкі туризмді дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасында қамтыларына, ол бағдарлама қабылданған соң нақты іс басталарына сенім артамыз. 

«Құшағың жетпейтінді құшақтай алмайсың». Сондықтан мәселенің бір ғана қырына тоқталуға тура келеді. Мәселенің ол қыры – ішкі туризм.

Әлемнің қай еліне барсаңыз да негіз­гі туристік нысандарды тамашалау­шылардың дені сол елдің өз азаматтары екенін көресіз. Қай елдің адамдары да әлемді тамашалауды алдымен өз елін аралаудан бастайды. Елімізде ішкі туризмді дамытуда ілгерілеушілік байқалмайды емес, байқалады. Мысалы, 2017 жылы өз азаматтарымыздың елді аралауы 2016 жылмен салыстырғанда 19,74 процентке артып, туристік нысан­дарға бару саны 5,6 миллионға жеткен. Әрине, бұл бәрінен бұрын бізде өткен жылы тамаша ұйымдастырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің игі ықпалы. Көрме күндерінде халқымыздың ел­дің қиыр-қиырынан Астанаға қалай ағыл­ғаны әлі күнге көз алдымызда. Сон­дық­тан 2016 жыл мен 2017 жылдың арасын­дағы елеулі айырмашылықты елдегі туризм саласының бөлекше бұлқыны­сындай бағалай салу мәселенің байыбына бармау болып шықпақ. ЭКСПО демекші, Үкімет сағатының қарсаңында бізге жеткен тағы бір жақсы жаңалық – Астананың 2019 жылы Қала туризмі бойынша жаһандық саммитті өткізу құқын жеңіп алуы да сол көрменің жаң­ғырығы екендігі талассыз. Бұл жайын­да Қала туризмі бойынша Сеул қала­сында өткен VII жаһандық саммитте жария етілді. Оған 57 елден қатысқан мың­­нан астам адамның дауыс беруі бары­сында елордамыздың Бүкіләлемдік туристік ұйымның барлық талаптарына жауап береді деп танылғаны, сөй­тіп мұндай саммитті бұрын өткіз­ген, туризм жөніндегі тәжірибесі бай Ыстанбұл, Мәскеу, Барселона, Марра­кеш, Луксор, Куала-Лумпур, Сеул сияқ­ты қалалардың қатарына қосылғаны қуанарлық жай. Мұның өзі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел туризмінің мәселелеріне тұрақты, ал кейінгі жылдар ішінде ерекше көңіл бөлуінің арқасы. Елбасымыздың биылғы жаздың өзінде Алакөлде, Бурабайда, Ақтауда арнайы болып, кеңестер өткізуі, нақты тапсырмалар беруі бұл іске бөлекше серпіліс қосып отыр. Туризмді дамыту бойынша алдымызға 2023 жылға дейін саланың елдің ішкі жалпы өніміндегі алар үлесін 8 процентке жеткізу міндеті қойылды. Қазіргі таңда туризмнің ІЖӨ-дегі үлесі небәрі 1 процент екенін ескерсек, мұның қандайлық қиын меже екенін көреміз. Бұл істе туризмді дамытудың ішкі ресурстарын іске қосудың маңызы ерекше.

Туризмнің ІЖӨ-дегі үлесі 1 процент деуін дедік-ау. Бірақ осы ресми мәлі­мет­тің күмән туғызатын тұстары да бай­қала­тындай. Саланың статистикасын жүргізуде кемшіліктер бар деп шамалаймыз. Нақты мысал келтірейік. Үкімет сағатын дайындайтын жұмыс тобының жетекшісі бола жүріп, біз мынандай жайды анықтадық. Өткен, 2017 жылы елі­мізде 13,3 миллион адам туристік қыз­­мет­ті пайдаланушы ретінде тіркел­ген екен. Солардың орналасқан орын­дарын­­да тіркелгендері 5,3 миллион адам. Қал­­ған 8 миллиондай адамды қона­қ­үй­лер­­дегі тізімнен таба алмайсыз. Рас, Ин­­тер­­­­нет­тегі хабарландырулар бойынша жеке п­әтер­лер тауып, орналасатын турис­тер де болады, олар – төмен бағаны із­д­ей­­тіндер. Сонда да жеке пәтерде тұр­ған турис­тердің саны бір жылда 8 мил­лион­­­дай адамға жетеді дегенге сене қою қиын. Бұл арада қонақүй бизнесінің көлең­­келі тұстары көлбеңдейтіндей көрінеді. 

Ішкі туризмде өзіміздің халықтық қымбат қасиеттеріміздің, дарқан дәстүр­лері­міздің мүмкіндіктері толық есепке алынып отырмаған сияқты. Соның бірі – ағайынның, туысқанның, дос-жаран­дардың аралас-құраластығы, алыс-берісі, барыс-келісі. Жұмысымыз жү­ріп, тұр­мысымыз түзелгелі бері қазақ­тың тойы да көбейіп, сол тойларға алыс-жа­қыннан қонақ шақыру қалыпты жай­ға ай­налып барады. Құдалыққа сонау Аты­раудан Алтайға жиырмашақты адам­­ның аттануына да тым таңданып жат­­пай­мыз қазір. Осы арада қарапайым жай­лар­ды еске салуға тура келеді. Негі­зінде «тур» деген сөз бір жерге барып-қайту­ды ғана білдіреді. «Туризм» деп адам­­ның күнделікті тұратын орнынан басқа жерге баруын айтады. Анықтама тілімен жазар болсақ, «Изменение мес­та: перемещение в место, находящееся за пределами ежедневной среды обитания». Қазақтың ұлан-ғайыр даласында арлы-берлі ағылып жүрген ағайынның бәрінде де белгілі бір дәрежеде туристік сипат бар. Олар ішкі туристер: жолға шығады, ұшаққа, пойызға, автобусқа билет алады, қонақүйге орналасады, асханаларда, кафе, ресторандарда тамақтанады, барған жерінен базарлық алып қайтады, ел көріп, жер көріп, өзінің жанын байытады. Шын мәнінде бұл кәдімгі каучсёрфингтің (гостевой туризм) дәл өзі. Бірақ, қазірше осы жүрістерден сервиске, көлік логистикасына түсімдер, олардан төленіп жатқан салықтар туризмнің есеп-қисабында атымен қамтылып отырған жоқ. Бұл да ойланатын жай. Әрине, қыдырғанның бәрін туризмге жатқыза беруге болмайтыны рас. Бірақ, сол жүрістерінде адамдар тек қонақтықпен шектелмей, өңірдегі тарихи-мәдени мұрамен танысса, табиғат ескерткіштерін көрсе, неге олардың туризмге атымен қаты­сы жоқ деп қаралуға тиіс? Жалпы, кауч­сёр­фингтің мүмкіндігі мол. Көзін тауып ұйымдастыра білсек, ол ауылдық жер­дегі ағайынның қосымша табыс көзі­не айналар еді. Қала тұрғындарына өз үй­лерінен орын беріп демалдыру, көлік жетер жердегі табиғатты тамашалату, ескерткіштерді көрсету арқылы екі жақ та пайда табады. Үй иесінің ол­жа­сы белгілі. Қонақтың да өз олжасы өзін­де. Таза ауада жүріп, таза тамақ ішіп, ден­сау­лығын түзеуі бір олжа болса, қалада қазақша сөйлете алмай жүрген балаларын тілдік ортаға салып жіберіп, ана тіліне бейімдеуі, бойына қазақы тәрбие, қазақы мінез сіңіруі бір олжа. Айналып келгенде ұлт ұтысқа шығады. 

Әрине осы айтылғаннан қонақтық туризм ішкі туризмнің басты бір көзі екен деген түсінік тумауға тиіс. Қонақтық туризм оның шағын бөлігі ғана бола ала­ды. Сөздің реті келіп тұрғанда мы­нан­дай бір ойымызды да ортаға сала кете­йік. Қазақ – бауырмал халық. Аға­йын­­шы­лмыз, туысқаншылмыз. Аралас-құраластығымыз басқалардан әлі де анағұрлым артық. Бірақ біздің салт-сана­мызға да сынақ салатын сәттер кө­бейің­кіреп барады. Мына зырылдаған заманда баяғыдай ағайынды аңсағанда атқа қонып, алысқа аттанып жүре беретін мүм­кіндік жоғы рас, сөйтсе де жаңағы айт­қан алыс-беріс, барыс-келістің бәрі дер­лік негізінен екі жағдайда – торқалы той мен топырақты өлімде болуға айналып тұрғанын несіне жасырайық. Нағыз бауырмалдылық, шын сыйластық бір-біріңді ұзақ көрмей кетсең іздеп тұратын, сағынатын көңілден, соқталдай себеп таппай-ақ табысудан танылуға тиіс. Сондықтан ағайын-туғанның, құда­лардың, дос-жаранның жиі-жиі шақы­рысуы, бір-бірінің елін, жерін көру­ге құмар болуы, қадірлі қонақты бар­ған бетінен қайтқанша астатөк дастар­қаннан, шаштатөк тойдан бас көтерт­пей қоймай, қолдан келгенінше, шама жет­кенінше туған өлкенің тамаша та­би­ғатымен, тағылымды тарихымен таныс­тыруға ұмтылу бірте-бірте бойымызға сіңе берсе дейміз. Мейлі, туризмге тіке­лей жатқызылмаса да мұның өзі біздің өмір салтымызға бірте-бірте әсер етпей қоймайтыны анық. 

Ішкі туризмді дамытудың бір жолы, көп қаржыны қажет етпейтін, сенімді жолы – жалпы туризм туралы қалың жұртшылықта қалыптасқан түсінікті түзету. Туризмді тек шетке шығу деп, туристерді тек шеттен келгендер деп қарайтын қарапайым, нақты айтсақ – қарабайыр ұғымды өзгерте алсақ та біз талай нәрсеге қол жеткізер едік. Бізде тіпті «Турист болған немді алған?» деп ойлайтындар табылса да таңданудың жөні жоқ. Ежелден еңсемізді езіп келе жат­қан енжарлықты еңсере білсек, ел көру­ге, жер көруге деген құштарлықты оята алсақ, ішкі туризмді көбейтудің кіл­ті та­былып кетуі әбден мүмкін. Амал не, жағ­­дайы келмейтіндердің жөні басқа, қар­жылық мүмкіндігі болып тұр­ған­дар­дың да туған елінің қиыр-қиырын қы­зық­­тауғ­а мойыны жар бере бермейтіні бар.

Біздегі толып жатқан турфирманың бар арман-аңсары – азаматтарымызды амалын тауып алыс елдерге асырып жіберу. Онда не болып, не қоятынын ойлап басы қатпайды, ешқандай шығыны шықпайды, о жақпен хабарласып, бұ жақтан адам тауып берсе болды, ара­сын­дағы айырма ақшаның арқасында алшаңдап жүре береді. Бұл жердегі түйін қазақстандықтардың тапқан-таянғанын шет елдерге тастап келіп жүргенінде ғана емес. Ағайындарымыздың біразы сол елдерге кейде бару үшін, басқалардан қалмау үшін баратынында, «онда біз де болғанбыз» деу үшін де баратынында ғана емес.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – қатпар-қатпарлы терең туынды. Осы бірегей бағдарлама аясындағы тапсырма бойынша Қазақстанның қасиетті жер­лерінің географиясы жасалды. Сон­дағы ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық ес­керт­­к­іштер және орта ға­сыр­лық қала­лық ор­талықтар, діни және ғибадат орын­­дары, тарихи тұлға­лар­ға қатысты қа­сиет­ті орындар, саяси, тарихи оқи­ға­лар­­­ға қатысты қасиетті орын­дар қаді­рін біл­ген адамға ғажа­йып бай­лық. Қазы­ғұрт тауы, Әулиетау, Бек­тау ата тауы, Жылаған ата бұлағы, Ақ­мешіт үңгірі, Қоңыр Әулие үңгірі, Мұз­тау, Хан Тәңірі, Отпан тау, Ша­рын ша­т­қалы, Жаманшың кратері, Тамшы­бұлақ сияқты табиғи мұра ескерткіш­тері, Торғай геоглифтері, Таң­балы тас, Ботай қонысы, Отырар, Тараз, Ақыр­тас, Сарайшық, Сауран сияқ­ты архео­логия­лық ескерткіштер, Қор­қыт Ата кешені, Бегім ана мұнарасы, Әзірет Сұлтан кешені, Бекет ата мешіті, Жошы хан кесе­несі, Алаша хан кесенесі, Жар­кент ме­шіті сияқты діни орындар, арғы-бергі­дегі тарихымызда жарқын ізін қал­ды­рған ұлыларға қатысты қасиетті же­рлер, басқа да санап шығып біте ал­май­­тын асылдарымыз халқымыздың ұл-қы­зы­ның көруіне, қызықтауына, баға­лауына, мақтан тұтуына әбден лайықты. Тек баруға уақыт табу керек, өз еліңді танып-білуге деген ынта-ықылас керек. Жергілікті орындар халықтың сол орын­дарды тамашалауына тиісті жағдай жасауға тиісті.

Еліміздің табиғаты қандай ғажайып! Жер бедері тіпті бөлекше. Қазақ жерінде мұхиттан басқаның бәрі бар. Бір өзінен әлемнің табиғат ландшафтының бәрі табылады. Сегіз мың метрлік шың да бізде, мұхит деңгейінен төмен қия да бізде, шалқыған көл де бізде, тусыраған шөл де бізде, асқақтаған тау да бізде, жайқалған бау да бізде, бетпақ дала да бізде, көрікті қала да бізде, бәрі бізде! Қазақ жерінде климаттың барлық түрі бар. Жазы – жаз. Күзі – күз. Қысы – қыс. Көктемі – көктем. Әр маусымы өзінше әдемі. Қызылорданың қайнаған күнінің өз қызығы бар, Арқаның арқыраған ақ боранының өз қызығы бар. Бәрі өзіңнің туған жеріңнің табиғаты. Осындағы ескерт­кіштердің бәрін біздің ата-баба­лары­мыз тұрғызған. Әрқайсысында қол­­дары­ның таңбасы бар. Алайда, біздің ағайын оларды көруге асыға қоймай­ды. Ақыр аяғы Алматыда тұрып Шым­бұлаққа бір шығып қайтуға уақыт таппайтын шаруабастығымызға не айтарсыз? Сондаймыз. Біздің қазақ қазірше таби­ғат­ты тамашалауға бой үйретпей-ақ келеді. Аң-құстың қызығын да, балықтың қызы­ғын да, саңырауқұлақтың қызығын да, жеміс-жидектің қызығын да, тауға шығу­дың қызығын да, шаңғы тебудің қызы­ғын да көріп жатқан өзіміздің басқа ағайын­дар. Жақсы әдеттен үйренуге асығар емеспіз. 

Елбасымыздың өзінің бастамашылы­ғы­мен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында қазақ жерінің небір тамаша ескерткіштері жаңартылды, жөнделді, амал не, оларға барар жолды, басқа жердегілер былай тұрсын, сол өңірлердегі жұртшылықтың өзі біле қоймайды. Осыдан кейін сыртқы туризмнің жолы ашылмай жатқанына қалай таңданарсыз?! Өзіміз көрмейтінді өзгелер көрер деудің, өзіміз бармайтынға өзгелер барар деудің жөні бар ма? Жоқ. Сондықтан алдымен ішкі туризмді жандандыру арқылы ғана сыртқы туризмге қозғау сала аламыз. Аты барда желіп жүріп жер танитын қазақы қа­лыпты жаңа заманда ел аралауға, жер қы­зық­тауға құмарлыққа ұластыруға ұм­тылу жөн. Ол үшін туризмнің қадір-қасиетін жылдар бойы жалықпай жазып, жарқырата көрсетіп, жалаулата жарнамалайтын жүйелі жұмыс керек. 

Отаншылдық деген Отаныңды білу­ден басталады, ал білу деген көру­ден басталады. «Адамның мейірі екі көзін­де» дейді қазақ. «Жақсы көру» деген сөз тегіннен тегін шықпаған. Көрген нәр­сең­ді ғана жақсы біле аласың, жақсы білген нәрсеңді ғана жақсы көре аласың. «Мың естігеннен бір көрген артық» – дәл осы туризмге бұрып айтуға болатын сөз. Сондықтан жергілікті атқару органдары, ең алдымен әкімдіктер, ішкі туризмді дамытуға қазынаға қомақты қаржы түсіретін табысты сала, болашағы мол бағыт ретінде ғана емес, Елбасымыздың рухани жаңғыру жөніндегі тапсырмасын нақты жүзеге асырудың тетігі ретінде де қараса деген тілегімізді жет­кіздік Үкімет сағатында сөйлеген сөзі­мізде. Астана, Алматы, Шымкент қала­ларының, облыстардың әкімдерінің рей­тингін анықтайтын өлшемдер қатарына туризм­ді дамыту жөніндегі жұмыс көр­сет­кіштері қосылса, мұның өзі осы істі жандан­дырудың бір тетігіне айналып, туризмнен түсетін табысты көбейту үшін жауапкершілікті арттыруға септесер еді. Әрине, бұл арада әр өңірдің ту­рис­тік мүмкіндігі нақты сараланып қарал­ғаны орынды болады. 

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз мақаласында: «Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың қастер­лі мұраларына сүйенуге тиіс» деп атап айт­қанын тағы еске салғымыз келеді. Халық мұрасы – отаншылдықтың бас­тау-бұлағы. Біз халықтың санасына жал­пы­ұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңі­руі­міз керек. Ұлы даламыздың ұл-қызы­ның туған жерді қадірлеуі, қастер­леуі, елдің барлық өңірлерін бірдей білуі, әр жердің жәдігерліктерін жанына жақын тұтып өсуі ұлт бірлігін бекіте түсетінін естен екі елі шығармағанымыз жөн. 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше