Ал рухани жаңғыру туған жердің тарихын, мәдени табыстарын, дәстүрлерін білмей іске аспайды. Міне, осы бағытта музейлердің алатын орны зор. Олар туған ел мен халқымыздың азаматтық қалыптасуы мен патриоттық сезімінің жандануына аса қуатты фактор ретінде қызмет ете алады.
Бүгінгі таңда музей қорлары мен сақтау орындарының материалдық-техникалық қамсыздандырылу мәселелері күрделі проблемаға айналып отыр. Еліміздегі барлық музейлердің экспонаттары 3 млн бірлікке тең десек, соның 70 процентінің сақталу орындары мен арнаулы ғылыми-өндірістік зертханаларының, реставрация жасайтын шеберханаларының жағдайы өте нашар жағдайда. Қазір музейлерге реставрациялар жасау, коллекцияларды консервациялау ғана емес, экспозициялық дәліздер мен сақтау орындарын тиісті режімдерге келтіру үшін заманауи технологиялар, арнаулы ғылыми-зерттеу зертханалары керек. Бұл жұмыс музейлер жұмысының барлық бағыттағы тиімділіктерін арттырар еді.
Отандық музейлердің тағы бір үлкен проблемасы – кәсіби мамандардың аздығы. Көбінің дайындығы төмен екені көзге ұрады. Сондықтан еліміздің жетекші ЖОО-ларында арнаулы, жоғары білікті музей қызметкерлерін дайындайтын факультеттер ашу керек. Сондай-ақ музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін білім жетілдіретін орталықтар ашып, олардың жұмысын жоғары деңгейге көтеру қажеттігі кезек күттірмейтін мәселе екені даусыз. Қызметкерлердің шетелдерге шығып, тренингтер алуын да қарастырған жөн. Соңғы жылдары бұл жұмыстар бізде мүлде атқарылмайтын болды.
Музей қорларының ғылыми тұрғыдан жарақтандырылуы дала экспедицияларының жұмысы (археологиялық, этнографиялық, археографиялық т.б.) арқылы және тұрғындардан музейлік құндылығы бар заттарды мемлекеттік сатып алу жолымен жиналады. Өкінішке қарай мемлекет тарапынан қаржыландыру болмағандықтан осы жұмыстар қазір жүргізілмей қалды.
Үкіметтің 2007 жылы қабылдаған №1400 қаулысының №8 қосымшасына сәйкес музейлер қызметінің денсаулыққа зияндылығына байланысты оның басшылары мен қызметкерлеріне айлық еңбекақыға қоса 30 пайыз үстемеақы төлеуге рұқсат етілген. Алайда үстемеақы алатындар тізіміне өндірісте жұмыс істейтіндер ғана кіргізіліп, музей қызметкерлері енгізілмеген. Олардың қызметінде санитарлық-гигиеналық талаптарды бұзатын зиянды әрекеттер бар екендігі ескерілмеген. Мысалы, антропологиялық және этнографиялық ескі кітаптар, гербарийлер, аңдар мен құстардың ескірген мүсіндері және т.б. ұстау, тазалау денсаулыққа зиянды екені белгілі. Осы мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді.
Біз осы мәселелерді Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының құзырына жеткізіп, оларды шешуге ықпал етуді сұрадық.
Серік ҚҰСАЙЫНОВ,
Мәжіліс депутаты