Саланың жалпы жай-күйі туралы
Туризм бүкіл әлемде мол табыс көзі болып отыр. «Қазақстанда оның жай-күйі қандай? Бүгінгі талаптың үдесінен шыға алып отырмыз ба?» деген сұрақтар қатысушылардың алдына тартылды. Отырысты ашқан Г.Исимбаева бұл саланың дамуына Елбасының айрықша назар аударып отырғанын, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бүгінгі әлемде әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналатынын айтқанын еске салып өтті.
Одан әрі Мәжіліс Төрағасының орынбасары әлемдік ІЖӨ-де туризм саласының үлесі 10 проценттен асатынын жеткізді.
«Туризм индустриясы бұрыннан қалыптасқан, туристік дәстүрлері орныққан дамыған елдерді былай қоя тұрып, өзімізге қарайлас ТМД елдерімен салыстырып қарасақ та біраз ойға қалатынымыз анық. Көрші мемлекеттерде ол ІЖӨ-нің 3-5 процентін құраса, бізде 1 процентке де жетпейді. Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу міндеті – туризмнің ІЖӨ-дегі үлесін 2023 жылы 1 проценттен 8 процентке дейін жеткізуді көздеп отыр», деді Г.Исимбаева.
Сондай-ақ Г.Исимбаева ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде Қазақстан туризмнің экономикалық әсерін іс жүзінде сезіне алғанын айтты.
«2017 жылы Қазақстанға сырттан келген туристердің жалпы саны 7,7 миллион, ішкі туризммен қамтылғандар саны 5,6 миллион адамды құрады. Сыртқа шыққан туристеріміздің саны 10 миллионнан асып түсті» деді ол. Сонымен бірге өткен сәрсенбі күні Астананың «Қалалық туризм бойынша жаһандық саммит өткізу құқын» жеңіп алғанын қуанышпен жеткізді.
«Елордамыз Бүкіләлемдік туристік ұйымның бұл мәселеге қатысты барлық талаптарына жауап береді деп бағаланды. Бұған дейін мұндай саммитті Ыстанбұл, Мәскеу, Барселона, Марракеш, Луксор, Куала-Лумпур, Сеул қалалары өткізгенін айтсақ, бұл жеңістің салмағын біле берерсіздер», деді ол.
Өзінің сөзінде Гүлмира Истайбекқызы Қазақстанның тарихи және мәдени мұраға бай, ал жекелеген өңірлері адам аяғы баспаған тұмса табиғатты екенін, сондықтан мұнда туризмнің сан алуан түрлерін: мәдени-танымдық, экологиялық, іскерлік туризм мен басқа да туризм түрлерін дамытуға алғышарт бар екенін айтты. «Мұндай байлықпен, тіпті дамыған елдердің өзі мақтана алмайды деп бағалап отыр мамандар. Бірақ, өкінішке қарай, әлі күнге дейін сапалы туристік өнім мен қызметтерді қалыптастыру үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл бойынша жүйелі шаралар қабылданған жоқ», деді ол. Туризмнің дамымай отырған себептерінің қатарында туристердің қызығушылығын туғыза алатын ақпараттардың жеткіліксіз, туристік ресурстардың басым бөлігі қанағаттанарлық күйде емес, туристік объектілерге барудың қиын, инженерлік және логистикалық инфрақұрылым жеткілікті дамымаған екені де айтылды.
Атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар
Жиында осы салаға қарайтын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндама жасады. Ол салаға Елбасының жіті назар аударып отырғанын айтып, соның ішінде биыл ғана Алматы облысындағы Алакөл және Маңғыстау облысындағы Каспий бойы курорттарын көріп, олардың маңыздылығын атап өткенін жеткізді. Осы сапарларының қорытындысы бойынша Президент Туризм саласын 2023 жылға дейін дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп, оны алтыншы шақырылған Парламенттің 4-ші сессиясында бекіттіру туралы тапсырма бергені айтылды.
«Туризмнің бүгінгі жағдайына тоқталатын болсам, 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанға келген туристер саны былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 22 процентке артты. Бұл жарты жылда елімізге 4,2 млн турист келді деген сөз. Ал ішкі туризм 7 процентке артып, 2,5 млн адамға жетті. Көрсетілген қызметтерден түскен кіріс 45 млрд теңге. Бұл жұмыстар визалық-миграциялық жұмыстардың жеңілдетілуімен де байланысты болып отыр. Қазір Қазақстанға саяси тұрақтылығы жоғары, дамыған 64 елдің азаматтары визасыз кіре алады. Осы жылдың аяғына дейін Қытай мен Үндістан азаматтары 72 сағатқа визасыз кіре алады. Соның арқасында биыл Қытайдан келушілер саны 60 процентке көтерілді», деді министр. Сонымен бірге министр Астана мен Алматы қалаларының әуежайларында 15 қарашадан бастап қанатқақты режіммен 128 елдің азаматтарына электронды виза беру енгізілетінін сөз етті. Жақсы жетістіктердің қатарында биылғы 1 шілдеден бастап Хан-Тәңірі биігіне туристерді апаратын арнайы тікұшақ шығарылып, ол жаз бойы 1200 адамды шыңға шығарғаны да айтылды. «Бұл еліміздің кірісін 68 млн теңгеге арттырған шара болды, алдағы уақытта тікұшақтар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз», деді А.Мұхамедиұлы.
Туризм саласының Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын ілгерілетуге де өзінің пайдасын тигізіп отырғаны айтылып, Каспий маңы елдері басшыларының саммиті мен ШЫҰ саммитінде 2019-2020 жылдар аралығында қатысушы елдер арасындағы туризмді дамыту туралы бірлескен құжаттарға қол қойылғандығы еске салынды. «Ал Түркі кеңесінің Шолпан-Атадағы саммитінде «Ұлы Жібек жолы» жобасы іске қосылып, ол Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдеріндегі қасиетті орындарға 15 күнге баруға мүмкіндік берді», деді министр.
Туризм саласына инвестиция құятындарды қолдау мақсатымен мемлекеттік тетіктер қабылданған. Соның ішінде тау-шаңғысы базасын, санаторийлер мен курорттар, ойын-сауық парктерін, қонақүйлер мен жол бойы қызмет үйлерін тұрғызғысы келген кәсіпкерлер жер учаскелерімен қамтамасыз етіледі (заттай гранттар), он жылға дейін баж және жер салығынан босатылады, сонымен қатар инвестицияның ең төменгі деңгейі 4,9 млрд теңге болған жағдайда сегіз жыл бойы корпоративтік табыс салығын төлемейтін болады.
Сонымен бірге А.Мұхамедиұлы Щучье-Бурабай демалыс зонасын дамыту жоспарының 3-ші кезеңі бекітілгенін жеткізді. Онда су жеткізу құрылысын жүргізу бойынша 180 млрд теңге жекеменшік инвестиция тарту көзделген. Сонымен бірге «Ақбура» курорттық зонасын, «Бурабай» шаңғы курортын және т.б. тұрғызу арқылы 5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу мақсаты алға қойылған.
Туризмді дамытуға ықпал ететін экономиканың 33 саласы бары айтылып, соның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да оған үлес қосып келе жатқаны сөз болды. Осы бағдарламаның арқасында қазір елімізде 185 жалпыұлттық және 463 аймақтық киелі орындар белгіленген. Ескі Тараз қаласының аймағында ашық аспан астындағы парк музей, «Есік музей-қорығы» және т.б. ашылып, бір жылда ғана 25 мың туристерді тартқан. Сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы ЮНЕСКО таныған Арыстан-баб, Отырар, Сауран, т.б. туристерді тартуға үлестерін қосуда. Министр «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ жұмысына да тоқталып, оның биыл ғана Берлин, Мәскеу, Бейжің қалалары мен Гонконг және Малайзия елдеріндегі халықаралық көрмелерге қатысып, 190 млн адамды қамтыған нарықта PR-интервенциялар жасағанын жеткізді. Қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің қытайлық фанаттары көп екендігі пайдаланылып, «Димаш тур» жобасы іске асырылып, ол Қытайдан қосымша 3 мыңдай турист әкеледі деп күтілуде екен.
Сөзінің соңында министр туризмді дамытуды көздейтін мемлекеттік бағдарламаның маңызына тоқталып, оның осы саланы дамытуға көп ықпал ететініне сенімді екенін жеткізді. «Саланы дамыту үшін бес жылдың ішінде оған құйылатын инвестиция көлемін 9-10 процентке арттыру керек. Олар бағдарламада қарастырылған бес басым бағыт бойынша жұмсалатын болады», деді ол.
Сындарлы сын – дамудың алғышарты
Үкімет сағатында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлнәр Иксанова қосымша баяндама жасап, саланың дамуына кедергі болып отырған біршама мәселелерді алға тартты. Соның ішінде салада жалпы мемлекеттік және аймақтық біртұтас саясат жүргізілмей, жүйесіз дамуға жол берілгені айтылды. Туристік нысандар әртүрлі министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға бағындырылған. Олар өз деңгейлерінде жұмыс істеп, кейде тіпті басқа ведомстволар қабылдаған шешімдерге қарсы шығып жатады. Мәселен, автомобиль жолдарын тарту жоспары кейде туристік мақсаттармен қабыспай, бұл жұмыстардың соңы аяқсыз қалып жатады.
Сонымен бірге мынадай жайлар да бар. Бізде қонақүйлер саны жыл сайын орта есеппен 8,5 процентке көбейеді екен, ал олардың толықтырылуы 22-25 процент деңгейінде. Халықаралық тәжірибеге қарағанда, қонақүйлердің жылдық толықтырылуы 40-60 процент болғанда ғана таза табыс алынады. Демек, біздің қонақүйлер өздерінің қаншаға толықтырылатынын ашық көрсетпейді, өйткені шығыны өтелмесе ешкім де жұмыс істемеген болар еді. Депутат осы және басқа да кемшіліктерді айта келіп, оларды жою үшін не істелу керектігін де атап өтті. Соның ішінде туристік саланың үлесін ІЖӨ-нің 8 процентіне жеткізу үшін ұйымдастырушылық, экономикалық және әкімшілік шаралар жүйесін үйлестіріп жасау керек. Саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді тәсілдерін анықтап, оған қажетті қаржылық-экономикалық параметрлерді әзірлеген жөн.
Осыдан кейін депутаттар М.Айсина, Ш.Өтемісов, С.Имашева, Қ.Қарекен және т.б. баяндамашыға өздерін толғандыратын мәселелер туралы сұрақтар берді. Отырысты Мәжіліс Төрағасының орынбасары Г.Исимбаева қорытып, туризмді жетілдіру мен дамыту осы саланың, ондағы туроператорлар мен турагенттердің қызметін ғана емес, сауда, тамақтандыру саласын, көлік, туристерді орналастыру жүйелерін, байланыс және коммуникация қызметтерін, басқа да ілеспе қызмет түрлерін қамтитын сан салалы ерекшелігін негізгі ала отырып, кешенді және жүйелі түрде жүзеге асырылуға тиіс екенін атады. «Осы бағытта айтылған пікірлер мен ұсыныстар Үкімет дайындап жатқан 2019-2023 жылдарға арналған туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізіледі, сондай-ақ жақында Парламентке келіп түсетін туризм туралы заң жобасында ескеріледі деп сенеміз», деді ол.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»