Суретті түсірген Болат ОМАРӘЛИЕВ
Өзі де таланттан кенде тумаған Қанабек Байсейітовше айтқанда: «Ой, ол иттің тұла бойы толған дыбыс қой. Оның денесінен бір үзіп алып лақтырып тастасаң, ол-екеш оған дейін бүлкілдеп өлең айтып жатады» дейтін композитор Нұрғиса Тілендиевті бұл қазаққа таныстыру артық. Ән сала алмайды деген адамның өзі композитордың «Құстар әніне» келгенде, қалай шырқап кеткенін байқамай қалады.
Жаз өмірін, мәз өмірін
қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр
құс қайтып.
Зымырайды менің бала
кезімдей,
Бір жалт етіп өте шыққан,
өте шыққан сезімдей,
– деп тап осы сәтте-ақ сіздің де мұңды ыңылға басатыныңыз сөзсіз.
Орайы келіп тұрғанда, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бұл әннің қалай туғаны жайлы естелігіне орала кетуге болады.
«...Осындай көңілсіз күз күндерінің бірінде Нұрғиса киностудиядан қайтады. Күн кешкіріп қалған. Суық жел Арқа жақтан шығып алып, бұл шақта жапырағынан арылып, жіңішке бұтақтары сидиған-сидиған жұпыны теректерді сықырлатып майыстырып тұр. Панфилов паркін кесіп өтпек болып, қалалық музейдің биік мұнарлы үйіне тақап келе бергенде… композитордың көзі тырнаға түседі: үйірінен адасып қалған жалғыз тырна. Байғұс әлде ауру, әлде жаралы. Арғы жақтан қанатын сөлекет қағып, қатты жел астында бойын билей алмай қалбалақтап ұшып келіп, музей үйінің мұнарасына шаншылған ұзын сырықтың ұшар биігіне қона кетеді. Сол, сол-ақ екен, әлдеқайдан бір қарға шыға келеді. Оның барқылдаған байбаламын ести салысымен тез құлақтанған төңіректегі қара қарғалар жан-жақтан пырылдап келе бастайды. Басында біреу болса, енді қара пәлелердің қарасы көбейіп, әне…екеуі, үшеу, төртеу… он, жиырма, отыз. «Терең батырады, көп қорқытады». Көп қарға үйірінен адасқан жалғыз тырнаға жабылып, қайта-қайта шүйлігіп төніп келіп, қанатымен қағады. Төсімен соғады. Ал жалғыз тырна көтеріліп ұшып кетуге әл-дәрмені жоқ па, әйтеуір, қанаты салбырап, сырық ағашты аяғымен қысып, жанталасып жабыса түседі.
Композитор үйіне келеді. Еш нәрсеге зауқы жоқ. Көңілсіз. Тұнығын лайлаған көңілсіз ойды ұмытайын деп көзін жұмса да, жаңағы үйірінен адасып қалған жалғыз жаралы құс пен жаман қарғалар… қара қарғалар көңілінен кетпейді. Иә, сен қанша биік ұш, жылдам ұш, өнерлі бол, ажарлы бола бер тірлікте, әлдеқалай жазатайым үйіріңнен адасып жалғыз қалсаң, басыңа қай-қайдағы қиындықтың бәрі түседі. Тіпті болмағанда, барқылдақ жаман қарғалар жиналып келіп жабылып, аспандағы аққуға да зәбір көрсетеді.
Композитор осы көріністен кейін «Құстар әнін» жазды».
Осының бәрін еске алғызып отырған қызылордалық фототілші Болат Омарәлиевтің жалғыз суреті.
– Қазіргі Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Қазақ мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрі 1984 жылы Қызылордаға гастрольдік сапармен келді. Осы концертте халық қайталанбайтын ерекше дәуренді бастан кешті. Концерт кезінде «Құстар әні» орындалып, бүкіл зал бір кісідей қосыла шырқағанда дирижерлік етіп тұрған Нұрғиса ағамыз сахнадан түсіп кетіп, халықтың қақ ортасында дирижерлік жасап кетті, – дейді осы ғажайып сәтті тарихқа сыйлаған байырғы фототілші.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ