Хоккей • 27 Қыркүйек, 2018

Астананың «Барысы» «Витязь» командасымен болған ойында жеңіске жетті

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынында елорданың «Барысы» Подольскіде Мәскеу облысының «Витязь» командасымен күш сынасты.

Астананың «Барысы» «Витязь» командасымен болған ойында жеңіске жетті

Бұл кездесу астаналықтар үшін сәтті басталды. 1-минутта-ақ Роман Старченко мен Андре Петерссоннан пас алған канадалық шабуылшы Патрис Кормье есеп ашты.

Бірінші кезең «Барыстың» басымдылығымен өтіп жатқанымен, 13-минутта айдын иелері есепті теңестіріп кетті. Александр Никулин мен Геннадий Столяров қатысқан жылдам шабуылдан кейін Даррен Дицтің жетіп үлгермегенін пайдаланған Алексей Макеев Хенрик Карлссон қорғаған қақпаның ашық тұсына сүңгіте салды 1:1.

Екінші кезең басында айдын иелері П.Кормьеге қарсы тәртіп бұзғанымен, төрешілер оны «көрмей қалды». Есесін екелесі сәтте «Барыстың» хоккейшісі айдыннан қуылды. Соған қарамастан, Әлихан Әсетов «Витязьдің» қақпашысы Йони Ортиомен жекедара шыққанымен, оңтайлы сәтті пайдалана алмады. Дегенмен қарқынын үдеткен астаналықтар дегеніне жетті. 26-минутта канадалық Мэттью Фрэттин соққан шайба А.Никулиннің конькиіне тиіп, қақпаға кіріп кетті - 2:1. Көп ұзамай «Барыс» ойыншылары сан басымдылығын құр жібермей, канадалық қорғаушы Джесси Блэкер есепті 3:1-ге жеткізді. Үшінші, шешуші кезеңде төрешілер қарсыласын қолмен ұстап, тежеді деген желеумен Әлихан Әсетовті айдыннан қуды. Соны пайдаланған «Витязьдан» Геннадий Столяров 45-минутта есепті қысқартты.

Кездесу аяқталуға сәл қалғанда, қақпашысын алтыншы ойыншыға алмастырған айдын иелерінен Войтех Мозик таразы басын теңестіріп кетті - 3:3. Осылайша матч овертаймға, одан буллитке ұласты. Буллит сериясында жеңіске жеткен «Барыс» Шығыс конференциясында 13 ұпай жинап, алтыншы орынға көтерілді. Әр конференциядан үздік сегіз команданың плей-офф бәсекесіне жолдама алатыны белгілі.

Айта кетейік, елордалықтар келесі матчын 29 қыркүйек күні Латвия астанасы Ригада жергілікті «Динамомен» өткізеді. Ригалықтар 13 ұпаймен Батыс конференциясында бесінші орында келеді.