Парламент • 28 Қыркүйек, 2018

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төра­ға­лығымен палатаның кезекті отырысы өтті

245 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сена­тының Төра­ғасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төра­ға­лығымен палатаның кезекті жал­пы отырысы болып, онда Мәжіліс ма­құл­даған бірнеше заң жобасы қаралды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төра­ға­лығымен палатаның кезекті отырысы өтті

Сенаттың жалпы отырысында «Стан­дарттау туралы» және оған ілеспе кейбір заңнамалық актілерге өлшем бір­лігін қамтамасыз ету және стандарттау мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы заң жобалары бірінші оқылымда қаралды. Бұлар туралы баяндаманы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жасады. Оның айтуын­ша, «Стандарттау туралы» заң жобасында техникалық рег­ламенттер жүйесін шектеу, стандарттаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру және ұлттық органын анықтау және техникалық комитеттердің рөлін арттыру қарастырылған. «Заң жобасы негізінен метрологиядағы өлшем бірлігін қамтамасыз етудің жаңа мемлекеттік құрылымын жасауды және түзетулердің жаңа эталондар калибровкасына өтуін көздейді. Бұл халықаралық саудада өлшемдер нәтижесіне деген сенімді арттыратын негізгі тетіктер», деді Ж.Қасымбек. 

Заң жобасы Әкімшілік құ­қық бұзушылық кодексіне өзге­ріс­тер енгізіп, техникалық реттеу мен метрология саласын­дағы бұзушылықтардың жауап­кер­шілігін арттыруды көздеп, айып­пұлдарды үш есе көбей­туді енгізген. Ал «Жол жүру тәртібі туралы» Заңға енгізген то­лықтыруда – көлік құралдарына электронды паспорт енгізу нормасы қарастырылған.

Негізгі баяндамашыға бір­не­ше сұрақтар берілген соң заң жобасы талқыланып, онда «қа­был­дансын» деген бір ғана ұсы­ныс түсті. «Стандарттау тура­лы» заң жобасына Сенат бір өзгеріс енгізген екен, ол қа­был­данып, Мәжілістің қа­рауына жіберілді. Ал ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда өзгеріс­сіз мақұлданды. Алайда Экономикалық саясат, ин­но­вациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаевтың ұсынысымен заң жобасы осы отырыстан кейінгі шағын үзілістен соң екінші рет қаралып, заң қабылданды. 

Жалпы отырыста Сенаттың Консти­ту­циялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті депутаттарының жол жүру қауіпсіздігі мәселелері бойынша депутаттық сауалына жауап беру де күн тәртібіне шығарылған екен. Өйткені са­уал жолдаған депутаттар өздеріне жалтарма жауаптар келетініне наразылық білдірген. Бұл туралы депутат Дулат Құсдәулетов айтып берді. Сенаторлар 
6 қыркүйекте депутаттық сауал жолдап, жол жүру қауіпсіздігінің бұзылуынан болған апатқа 2017 жылы 24 мыңнан астам адам ұшырап, оның 2 мыңы қаза тапқаны сияқты статистикалық мәліметтер келтіріп, осының себебін анықтау мақсатында са­уал жолдаса, қанағаттанарлық жауап болмаған. Сондықтан жалпы отырысқа Ішкі істер минис­трінің орынбасары Ерлан Тұрғым­баев шақырылып, депутаттар­дың сауалына тікелей жауап беруін сенаторлар талап еткен көрінеді. 

Генерал Е.Тұрғымбаев де­пу­таттарға жол жүру қауіпсіздігіне байланысты бүгінгі таңда жүр­гізіліп жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндап берді. Жол қауіпсіздігін сақтауға байланыс­ты көптеген жаңалықтар да айтылды. Баяндамадан соң сенаторлар генерал Е.Тұрғымбаевқа және отырысқа қатысып отырған осы мәселеге байланысты басқа да органдардың басшыларына көптеген сұрақтар берді. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл мәселе үнемі Сенаттың бақылауында болады», деп қорытты. 

Осы күнгі отырыста сенаторлар Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтары осы қоғамдастыққа мүше екінші мемлекеттің аумағында еңбек етіп жүрген кезінде ұшырап қалған жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру туралы және Қа­зақ­стан мен Иордан Хашимит Корольдігінің арасында Аза­маттық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынты­мақтастық туралы келісімдерді ратификациялады.

Отырыстың соңынан сена­торлардың орталық мемлекеттік органдарға жолдаған сауалдары жарияланды.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»