Үкімет • 28 Қыркүйек, 2018

Астанада сауда-саттықты және инвестицияларды қолдау форумының ашылуы өтті

318 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада ҚР Ұлттық экономика министрлігі ДСҰ-ның инвестицияларды қолдау бойынша Достар тобымен серіктестікте ұйымдастырған «Сауда-саттықты және инвестицияларды қолдау: Еуразиялық көзқарас» жоғары деңгейлі Форумы басталды, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Астанада сауда-саттықты және инвестицияларды қолдау форумының ашылуы өтті

Форумға Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, ДСҰ бас директоры Роберту Азеведу, сондай-ақ, 40 ДСҰ-ға мүше елдің және ДСҰ бақылаушы елдерінің министрлері мен делегация басшыларынан тұратын әлемдік деңгейдегі (ТМД, Азия, Шығыс Еуропа және Таяу Шығыс елдері) сарапшылар қатысты. 26–27 қыркүйек күндері Астанада Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі жетінші «дөңгелек үстел» өтті.

Ашылу рәсімінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі.

Форум жұмысы төрт тақырыптық секция бойынша өткізіледі. Бірінші секция экономиканың тұрақты дамуы, бәсекеге қабілеттілігі, өсімі және оны әртараптандыру мақсатында сауда-саттық пен инвестицияларды ұлғайтуға қолдау көрсету мәселелеріне арналған. Екінші бағыт — бизнестің инвестицияларды қолдау саласындағы күрделі мәселелерді шешу жөніндегі пікірлері. Үшінші секция барысында инвестициялар мен инновацияларды қолдау саласында тәжірибемен алмасу жоспарланған. Сонымен қатар, ішкі және аймақтық деңгейлердегі табысты оқиғалар мен мәселелер талқыланбақ. Төртінші сессия жұмысы «Даму мақсатында инвестицияларды қолдау үшін көпжақты ынтымақтастыққа қатысу» тақырыбы бойынша өтеді.

Пікірталастар барысында аталған тақырыптардың түрлі аспектілеріне сәйкес жан-жақты әрі сындарлы пікір алмасулар өтеді. Шара қорытындысы бойынша «Астана мәлімдемесі» қаралып, қабылданады.

Форум ДСҰ мүшелерін Қазақстанның инвестициялар тарту саласындағы табысты тәжірибесімен және инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырады, еліміздегі инвестициялық қызметті кеңейтуге жол ашып, ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты қарым-қатынасын одан әрі дамытуға жаңа серпін бермек.  

Қазақстан Дүниежүзілік ұйымға 2015 жылы кірді. 2015 жылдың 22 маусымында РГ-ның XX формалды кездесуінде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарты көрсетілген құжат қабылданған болатын. 2015 жылдың 27 шілдесінде Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас кеңесінің кезекті отырысында Президент Н. Назарбаевтың қатысуымен Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы Хаттамаға қол қою рәсімі өтті.

Қазақстан 2015 жылғы 30 қарашада ҚР Парламентінің міндеттемелер пакетін ратификациялау грамотасына қол қою және оны 2015 жылдың 1 қарашасында ДСҰ Хатшылығына тапсырғаннан кейін Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі болды.

2017 жылғы 7 сәуірде Қазақстан Республикасы Сауда және қоршаған орта жөніндегі ДСҰ Комитетінің Төрағасы болып сайланды. Өткен жылдың сәуір айында Қазақстан «Даму мақсатында инвестицияларды қолдау достары» тобына, маусым айында «Даму мақсатында электрондық коммерция достары» тобына қосылды. ДСҰ-ға мүше ретінде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Азия өңірлік дамушы тобын құру туралы XII келісімнің бабына сәйкес, Ұйым мүшелерінің келіссөздер тобына кірді. 2018 жылғы 7 наурызда ДСҰ-ның Бас кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан ДСҰ Қызмет саудасы жөніндегі арнайы сессиясының төрағасы болып сайланды. 2018 жылы 29 мамырда Қазақстан 2020 жылы ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің кезекті конференциясын Астанада өткізуді ұсынды. ДСҰ-ның Бас кеңесі отырысында Ұйымға мүше елдер бірауыздан 2020 жылдың маусымында ДСҰ-ның 12-ші Министрлер конференциясының Қазақстанда өткізілуін қолдап бірауыздан дауыс берді.

ДСҰ-ның XII Министрлер конференциясы жұмысына 164 мүше-елдерден және Дүниежүзілік сауда ұйымының 20 бақылаушы елдерінің сауда министрлері қатысады. Қатысушылардың жалпы саны 4-4,5 мың адам болады.

Министрлер конференциясы — екі жылда бір рет өтетін ДСҰ-ның жоғары басқарушы органы. Министрлер Конференциясының құзыреті жоғары, оның ішінде халықаралық сауданы реттейтін жаңа құралдарды бекіту туралы шешім де қабылдайды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда бизнес ортаны жақсарту жұмысы сатылай жүзеге асып келеді. Кәсіпті бастауға қажетті құжаттар тізімі азайып, оларды алу жолы да жеңілдеді.

2016 жылдан бастап еліміздің барлық 16 аймағында инвесторларға қызмет көрсету үшін «Бір терезе» қағидасымен жергілікті кеңселер ашылды.

Инвесторлар мен Үкіметтің диалогтық алаңы болу үшін 20 жыл бойы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі, Премьер-Министр жанындағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес, инвестициялық және бизнес омбудсмен институттары жұмыс істеп келеді.

Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша жасаған рейтингісінде Қазақстан Республикасы 35-ші орында тұр. Орталық Азияда — инвестициялық ахуалы жайлы ел ретінде I орында. Қазақстан экономикасы шетел капиталы үшін тартымды, мемлекет $260 астам шетелдік инвестиция тартқан.