Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Күре жолда – көптен күткен құрылыс

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау мен Астраханьның арасындағы 277 шақырым жол жөндеу көрмегелі біраз уақыт өткен. Әбден тозығы жеткен тас жолдың жағдайы сын көтермейді. Талай мінберде ай­ты­лып, талай мәжілісте көтерілген бұл мәсе­ле­нің шешімін табуы да ұзаққа созылып кеткен еді. 

Күре жолда – көптен күткен құрылыс

Құрманғазы ауданына іссапармен келген Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Ең­сегенов ақжолтай жаңалық жеткізді. Ма­гистралдың 60 шақырымының құрылысы бас­талыпты. 

Негізі жұмыс өткен жылы басталады деп жоспарланған болатын. 

«Жол құрылысына 373 млн АҚШ доллары қажет болды, оның 45 млн-ы республикалық бюд­жет­тен бөлінуі керек еді. Қалған бөлігі Ислам Даму Банкінің қаржысы. Тиісті құжат­тар толық дайын болғанымен, 2017 жылы ке­лі­сім­­­шартқа қол қойылмады, сондықтан рес­пуб­ли­калық бюджеттен қаралған қаржы игеріл­мей­­тін болғасын кейін қайтарылды», – дейді сена­­тор. Ақыры Парламентке келісімшарт түс­пе­ген соң, Сәрсенбай Еңсегенов Үкімет бас­­шы­сы­ның бірінші орынбасары А.Маминге осы про­блеманың шешімін таппай отырғанын айтып, де­пу­таттық сауал жолдаған. Мәселені Сенат төр­ағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, нәти­же­сінде арнайы жол картасы жасалды. «Қазавтожол» АҚ жариялаған конкурстың жеңім­пазы болып «Сине Мидас Строй» БК» ЖШС мен «Тодини» АҚ құрамындағы консорциум анықталған. 

Құрылыс басталған Котяев ауылы Ресеймен ортадағы шекарада орналасқан. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асатын жоба бойынша 60 шақырым жол салынады. 500-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Құрылыс барысымен танысуға келген Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сәтжан Әбіләлиевтің айтуынша, Атырау-Астрахань жолының 217 шақырымына Еуропа қайта құру және даму банкі 160 млн АҚШ долларын бөлуге келісім беріпті. Күре жол құрылысына қазіргі заманғы үздік технология пайдаланылады. Ені 9 метр, бір белдікке түсетін жүк салмағы 13 тоннадан асады, бұл ауыр көліктердің қозғалысына да кедергі тудырмайды. 

«Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы­ның орынбасары Темірхан Меңдіғалиев құрылыс кезінде 12 көпір қайта жөнделіп, 55 су өткізгіш құбыр қарастырылатынын айтады. Жол толықтай жаңартылғанда Атырау арқылы Орта Азиядан келетін көліктер 300 шақырымды үнемдейді. Алыс жолдың азабын тартатындарға бұл көп жеңілдік.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ