Қазақстан • 04 Қазан, 2018

Павлодар облысында қасқыр азайып барады

1351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр елімізде көктемгі аңшылық маусымына тыйым салынғаны белгілі.  Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының мәліметінше,  көктемнен күзге дейінгі аралықта аң атуға тыйым салу Еуроодақтың 37 мемлекетінде, Ресей қабылданған.

Павлодар облысында қасқыр азайып барады

Соңғы мәліметтер бойынша өңірде 160 бұлан, 140 марал, 3356 елік, 40857 қоян, 13 мыңға жуық түлкі бар екен.  Үйректің барлық түрі бойынша 919,7 мың  құс тіркелген. Бұған қоса 41 299 қаз, 157 мыңдай қасқалдақ, 100 мыңнан астам шіл саналыпты. Баянауылдың биік тауларын мекендейтін 1195 арқар бар.

Ал, өңірде бар–жоқ қалғаны 186 қасқыр бар деп саналады.  Құрта берсе қасқырды зоопарктен ғана көрерміз.

Қазақ «Иттің иесі болғанымен, бөрінің Тəңірісі бар» деген. Қасқырдың киесінен қорыққан.

Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген бұйрық бойынша ел аумағында аң аулау аңшылық ережесіне сәйкес өткізіледі. Біздің облыста сондай 38 шаруашылық бар, бірақ олардың 25-і ғана пайдаланушыларға бекітілген. Қалғаны иесіз, яғни жергілікті атқарушы биліктің қарауында. Заң бойынша «белгіленген аңшылық аумағында» бір аумақ ішінде ғана аң аулай аласыз. Ол жердің кіреберісінде бөгеттер, арнайы белгілер және карта орналасады. Рұқсаты бар азаматтар соның шегінде ғана әрекетін жүзеге асырады. 

Былтыр күзде облыстық Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс-тары басқармасымен өңір бойынша жалпы саны 4187 үйрек, 698 қаз, 935 қасқалдақ, 49 балшықшы құс, 582 шіл, 103 бөдене, 94 дала көгершінін атуға лимит берілді. Лимит шаруашылық нысандары арасында теңдей бөлінеді.

Біздің облыста аң-құс көбіне Баянауыл ұлттық паркі, «Қызылтау» қорығы, «Ертіс орманы» резерваты, Ертіс өзенінің жайылмалары және өзге де қорғалатын аумақтарда ауланады. Басқарманың  мәліметінше,олардың әрқайсының ерекшелігі бар. Инспекторлар былтыр 22 заң бұзушылықты тіркепті. Елікті заңсыз атқаны үшін 250 айлық есптік көрсеткіші, ал, киікке-350 АЕК. Салынған айыппұл мөлшері 100 АЕК-тен асса, ол қылмыстық іс болып саналып, құқық қорғау органдары тарапынан тиісті шаралар қабылданады.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы