Қостанайлық археолог Андрей Логвиннің Торғайдан ежелгі мәдениет ашу арманы бекер емес. «Торғай геоглифтері», Жыланшық өзенінің бойынан жиі табылатын зілдің сүйектері археологтерді ғана тартпайды, әлемнің әр шалғайындағы туристердің де аңсары болар әлі...
Ал енді бергі тарихқа келсек, Амангелді ауданының өткені бүкіл қазақтың тағдыры деуге болады. 1928 жылғы 17 қаңтарда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Атқару комитеті президиумының жарлығымен Батпаққара ауданы құрылады. Аудан құрылғанда 14 ауылдық кеңестің құрамында 32802 адам бар екен. Малмен күнелткен қазақтың қорасында 19281 жылқы, 25972 бас ірі қара, 83881 уақ мал, 5157 түйе болыпты. Көп ұзамай, 1932-33 жылдары қушеке Голощекиннің қолымен ұйымдастырылған даланы есеңгіреткен ашаршылықта осы адамның тең жартысы қырылды, ал төрт түліктен тұяқ қалмады. 1936 жылы ауданға 1916 жылы бостандық үшін бұлқынып, ұлт-азаттық көтерілісін бастаушылардың бірі Амангелді батырдың есімі беріледі. Мерекедегі жәдігерлер мен құжаттар көрмесі өңір тарихынан ерлік пен еңбектің де қызықты мәліметтерін ұсынды.
«Мың өліп, мың тірілген» халықтың тегі емес пе, амангелділіктер қайта тұрды, барлығын елмен бірге көріп, уақытқа ілесті. Бейнетпен бірге жаралған аталарымыз қолмен қазып, бөгеттер салды, егін екті, мал өсірді. Даланың төсінде қайтадан мал мыңғырды. Кешегі нарық кезінде де шаруашылықтар ыдырап, қиындықтар болғанымен, ел іргесі сөгілген жоқ. Қазір тек аудан орталығында ғана халық саны 9 мыңнан асады. Бұл – облыстың ең шалғайда жатқан ауданы үшін шүкірлік етер көрсеткіш.
Ауданда шағын және орта бизнес дамып келеді, яғни 793 шағын және орта бизнес нысандары жұмыс істеп тұр. Оларда 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Олар жыл басынан бері 918 миллион теңгенің өнімін өндіріп, қызметіп көрсетіп, 96 миллион теңгеден аса салықтық түсімдер түсірген. Амангелділіктердің өз шаруасын ашып, дөңгелентіп дамытуы үшін несие алуы да жиілей бастады. Соңғы айларда мал шаруашылығы мен егін шаруашылығында үш жоба жүзеге асқан. Амангелді ауданының құрылғанына 90 жыл толуы мерекесі күндері аудан орталығында «Тұрмыстық қызмет көрсету үйі» ашылды. Ғимарат ауданда өндірілген кірпіштен осы жаз айларында салынып, дайын болды. Онда халық қажетін өтейтін шаштараз, сұлулық салоны, тігіншілер, етікші, тұрмыстық техника жөндейтін шебер бөлмесі орналасқан.
– Қос қуанышқа ие болып тұрмын. Ауданымызда көптен күткен мереке. Оның үстіне, мен осы күнге дейін үйде тігін тігіп, ақша тапқан едім. Енді мына жарық та жылы бөлмеде жұмыс істейтін болдым. «Бастау» бағдарламасы бойынша бизнес жүргізу ісін оқимын, несие алып, тігін машинамды жаңалаймын, – дейді тігінші Данаш Сұлтанова. Ісін енді бастап отырған кәсіпкерлерге мына ғимарат тегін ұсынылған, олар тек коммуналдық төлемін ғана төлейді. Мереке күндегі Амантоғай, Жалдама ауылдарына ауыз су берілді.
– Биыл осы аудандағы жолдарды жөндеуге 130 миллион теңгедей қаржы бөлінді. Төрт ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2 миллиард теңге жұмсалды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда құны 112 миллион теңге болатын 11 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды, – дейді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
«Уақытпен үндескен өңір: Тарих. Тұлға. Тағылым» атты ғылыми-практикалык конференция той мазмұнын аша түсті. Оған академиктер Кенжеғали Сағадиев, Сайлау және Сәбит Байзақовтар, жазушылар Сәбит Досанов, Қайсар Әлім, тағы басқалар қатысты. Конференция алдында Амангелді ауданы өңіріндегі киелі, сакральды орындар туралы арнайы дайындалған фильм көрсетілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған жас ұрпақтың туған жерге деген патриоттық сезімін тәрбиелеу атамекендегі бабалар мұрасы мен тарих мирастарын танудан басталмақ. Академиктер Кенжеғали Сағадиев, Сайлау Байзақов, жазушы Сәбит Досанов, тағы басқалардың тілегі де осыған сайып жатты. Бұл орайда аудан әкімі Әмірхан Асановтың басшылығымен көптеген жұмыс жүріп жатыр.
Амангелдіде той қызығын ақындар бастаған. Республикаға белгілі ақындар Жадыра Құтжанова, Әлфия Орманшина және Хамитбек Мұсабаев қазылық еткен аймақтық айтыстың мәресіне төрт ақын жетті. Олардың жыр сайысынан кейін 3-орын қарағандылық Айтбай Жұмағұловқа бұйырды. Қостанайдан келген Салтанат Өтелбаева 2-орынға ие болды. Ал 1-орынға шымкенттік Қажымұқан Абзалов шықты. Жеңімпаздардың барлығына ақшалай сый-сияпат жасалды. Ал айтыста алдына жан салмаған Айбек Қалиев бас жүлдені иеленіп, автокөлік мінді. Спорт жарыстары, ат бәйгесі той қызығын еселей түсті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Амангелді ауданы