Жоба мақсаты – жас дарынды балалардың шығармашылығын қолдау және насихаттау арқылы дәстүрлі ән, күй, би өнерлерін кәсіби деңгейде орындауға мүмкіндік жасау.
Өнерлі жеткіншектердің өрелі өнерлерін балалар мен жасөспірімдер арасында кеңінен насихаттау барысында «Дарындар әлемі» өнер жобасының ұйымдастыруымен 2018 жылдың 14 қазанында Астанадағы «ҚазМедиа орталығының» концерт залында II халықаралық балалар мен жасөспірімдер өнер байқауы болып, 30-ға жуық би ұжымдары қатысқан тартысты өнер додасы өтті. Оған еліміздің әр шалғайы мен Павлодар, Талдықорған, Қызылорда, Қарағанды, Екібастұз қалаларынан биші өнерпаздар қатысып бағын сынады.
Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлделерді 3-6 жас аралығында Астанадан қатысқан «Еркем-ай» би ансамблі мен Қызылордадан атсалысқан «Сыр жұлдызы» бишілер тобы иеленсе, 7-11 жас аралығындағы өнерпаздар арасынан Талдықорған қаласынан қатысқан «Горец» би ансамблі жеңімпаз болып, бас жүлдені қанжығаларына байлады.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан»