Бастамалар түсіндірілді
Парламентшілердің Елбасы Жолдауын түсіндіру бойынша елді мекендерге сапарлары әлі де жалғасуда. Мәселен, Сенат депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Сәрсенбай Еңсегенов жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауында айтылған міндеттер туралы сенаторлардың жергілікті атқарушы органдардың басшылығымен, аудандық мәслихат депутаттарымен және тұрғындармен кездесуі барысында сөз болды.
Атырау бизнес және құқық колледжінде студенттермен кездескен Сенат депутаттары жоғары білім беру жүйесінде мамандарды даярлау мен оқу орындарындағы білім сапасына қойылатын талаптардың күшейтілетінін атап өтті.
Жұмыс сапары кезінде сенаторлар аудандарды аралап, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп, Жолдауда басымдық берілген салаларды дамыту, еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуды көздейтін шараларды жедел іске асыру туралы баяндады.
Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс.
Мен лауазымды тұлғаның жеке тиімділігін және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтын боламын.
Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты.
(Жолдаудан)
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ
***
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайы сөз болды
Сенат депутаты Серік Жақсыбеков Ақмола облысындағы Шортанды ауданының бизнес өкілдерімен және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесті.
Аудан әкімі, ауыл округтері мен ауыл әкімдері қатысқан кездесуде Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс мен өмір сапасын арттыру» атты Жолдауы жан-жақты талқыланды.
Жүздесуге қатысушылар Жолдаудағы еліміздің экономикасын дамыту жөніндегі ережелер туралы өз ойларын айта келіп, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері туралы ұсыныс, пікірлерін ортаға салды.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы
***
Басымдықтар талқыланды
Елбасы Жолдауын тұрғындарға жеткізу мақсатында Шығыс Қазақстан облысында болған Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин Жарма ауданының бірқатар мекемесінде кездесу өткізді.
Суықбұлақ ауылындағы кездесуде сенатор биылғы Жолдауда негізінен әлеуметтік мәселелер қамтылғанын атап өтті. Ал Шар қаласындағы технологиялық колледж студенттерімен, ұстаздар және дәрігерлермен кездесуінде Елбасының келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауына орай жастарды белсенді болуға, тың идеялар мен бастамаларды көтеруге үндеді.
Сапар барысында сенатор Абай ауданының Қасқабұлақ, Кеңгірбай би ауылдарында және аудан орталығы Қарауылдың тұрғындарымен де жүздесіп, халықтың әл-ауқатын арттыру мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы
***
Жастар жетекшілерімен жарасымды әңгіме
Парламент Сенатының депутат Серік Бектұрғанов Қостанай қаласында жастар жетекшілерімен, үкіметтік емес ұйымдардың төрағаларымен, студенттермен кездесті.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіндегі «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде өткен шараға осы оқу орнының басшылары мен жергілікті әкімдік өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы талқылаудың басты тақырыбы болды. Сенатор С.Бектұрғанов алдағы жылы ұстаздар мәртебесі туралы жаңа заң қабылданатынын атап өтті. Кездесуге қатысушылар жастар саясаты саласында өз идеялары мен ұсыныстарын айтты. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің сарапшылары өздерінің қазіргі жұмыстарын таныстырды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ
***
Сауалдарға жауап берілді
Жолдаудың мән-маңызын түсіндіру мақсатымен Қызылжар өңіріне келген Парламент Мәжілісінің депутаттары аудандарды аралап, жұртшылықпен іскерлік кездесулер өткізді.
Тарихи құжат жайлы пікірлесіп, сауалдарға жауап берген Снежанна Имашева Мамлют, Жамбыл аудандарын аралап, еңбек ұжымдарымен кездескен болатын. Депутат «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу, қабылдау қажеттігіне айрықша назар аударып, мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арылатынын, мұның өзі оқу сапасы мен тәрбиеге айтарлықтай ықпал ететінін жеткізді.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Петр Шарапаев, Альберт Рау Петропавл ауыр машина жасау зауытында, «Радуга» ЖШС-інде, Петропавл техникалық-гуманитарлық колледжінде болған кездесулерде экспортқа бағдарланған индустрияландыру, оның ішінде шикізаттық емес өнімдер мен тауарларға басымдық беру, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толық қолдану, қаржы секторының рөлін күшейту мәселелері бойынша ой-пікірлер алысып, техникалық кадрлар дайындаудың өзекті проблемаларын ортаға салды. Келесі жыл «Жастар жылы» деп жарияланғанын алға тарта отырып, өскелең ұрпақтың еліміздегі өзгерістер үдерісінде алатын орны айрықша екеніне тоқталды. Оларды «Ауыл – Ел бесігі», «Өз жеріңді танып-біл» жобаларына белсене қатысуға шақырды.
Ким Роман мен Айқын Қоңыров М.Жұмабаев ауданына барған сапарында Соколов орман шаруашылығы мекемесінде, питомникте болды. Халық қалаулылары жұртшылыққа бизнесті өркендетудің тұрақты көзін қалыптастыру, жеке инвестицияны ынталандыру, кәсіпкерлікті заңсыз әкімшілік қысымнан қорғау жолдарын әңгімеледі.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы