Руханият • 26 Қазан, 2018

Алаш қайраткерлерінің өнегесі

1524 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы Премьер-Министрдің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкі­мі­мен бекітілген қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шара­лар жоспарына сәйкес танымал қоғам қайраткерлерінің, бел­гілі ғалымдардың, тіл жанашырларының қатысуымен «Қазақ­стандағы жазу тарихы және жаңа латын әліпбиіне өтудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты конференция өткізді. 

Алаш қайраткерлерінің өнегесі

Осы тақырыпта баяндама жасаған А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институты­ның директоры, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, профессор Ерден Қажыбек Қазақстандағы жазу тарихына шолу жасап, латын әліпбиін ен­гізудің тиімді шешу жолда­рын, ғылыми жұмыстарды мем­лекеттік тіл саясатымен өзара сабақтастырудың тәсілдері туралы жан-жақты әңгімеледі. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру реформасының басты ерекшелігі, өзге көрші елдердің тәжірибесін толықтай таразы­лап, халықпен, қоғаммен, ға­лым­дармен ақылдаса отырып, қолға алынуында болып отыр. Қазіргі қолданыстағы тіліміздің өзі бір күнде қалыптаса қалған жоқ.

Ол өзінің қалыптасу тарихында бірнеше кезеңдерді бас­тан өткерді. Ерден Қажыбек 1917 жылы Орынборда өт­кен үлкен жиында әліпби мәселе­сі талқыланып, онда ұлт зиялы­ларының арасында көзқарас қайшылығы, дау туындаға­нын мысал етті. Революция кезін­де сыналап еніп жатқан кірме сөздерді айнытпай айтқанда және осындай сөздер көбей­ген жағ­дайда тілдің шырқы, құры­лымы бұзылатынына олар алаңдаушылық білдірген. Кез келген сөз өз тілінің заңды­лық­­тарына бағынып өмір сүре­ді. Қазақ тілінің жүріп өткен жолын тарихи мәліметтер­мен бай­ланыстырған институт ди­рек­торы 1920 жылдары А.Байтұрсынұлы бастаған алаш қайраткерлерінің көпшілігі «бұл халықтың емес, биліктің шешімі» деп қазақ тілін латынға көшіруге қарсылық білдіргені туралы деректі алға тартты. Елдегі саяси ахуалдың ауырлығына қарамастан басқа жол болма­ған­дықтан, тұтастықты сақ­тап қалу мақсатымен А.Байтұрсын­ұлы­ның жетекшілігімен бір­қатар ғалымдар білек сыбана жұмыс істейді. Осы саясат шең­берінде жүріп-ақ шығыс тіл­дерінің ерекшелігін ескере отырып, бүкіл түркі елдері бір-бірінен алыстамау үшін тез түсі­ні­сетін, жақындастыра түсе­тін ортақ әліпби үлгісін жасау­ды мақ­сат етеді.

Сол кездегі Алаш қай­раткерлерінің әрқайсысы осы мақсатқа мүдделі болды және өздері де Еуропа тілдеріне жетік еді. Қылышынан қаны тамған ке­ңестік кезеңде шығыстану ғы­лымы, түркология саласы ғы­­лы­мның стратегиялық ма­ңы­­зы зор салаларының бірі бол­ды. Орталықтағы ғ­ылым бетке ұстарлары ғасыр басын­дағы қазақ ғалымдарының ең­бе­гін жасырғысы келгені­мен, еш айналып өте алмайтын еді. 1970 жылдары Мәскеуде кеңес түркологтары кеңесінің төрағасы, академик Андрей Кононов үлкен ғылыми сөздік кітабын жарыққа шығарғанда, соның тұтас бір тарауын А.Бай­тұрсыновқа арнайды. 

Филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Базарбаева «Латын графика­сы­на негізделген жаңа қазақ жазуы» жайлы, Нәзира Әмір­жанова «Латын графикасына негізделген қазақ жазуы: тарихы мен бүгінгі жағдайы» ту­ралы, тарихшы Светлана Сма­ғұлова «Қазақ жазуындағы бүгінгі өзгерістер: тарихы мен тағылымы», профессор Қал­бике Есенова «Жаңа емле: жаңа­лықтар, ұсыныстар, күрде­лі мәселелер» төңірегінде ой тол­ғап, бірауыздылықпен ел болып жұмылып, Ахаң қағидаттарына оралып, сөзден іске көшетін уа­қыттың әр сәтін ұтымды пай­да­лануға шақырды. Қазақ тілі за­ман талабына сай өзгеріп отыр­ғанымен, Алаш қайрат­кер­лері қалап кеткен ғы­лыми ірге­тасы мен негізі мығым, сон­дық­тан ол ұтымдылығы әлі талай кезеңде де қажеттілігін жоғалт­пайды.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, 
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ