Аймақтар • 07 Қараша, 2018

Батырды ұлықтайтын болады

556 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақ­стан» газетінің 2018 жылғы 6 қыр­күйек күнгі №168 (29399) санында газеттің Маңғыстау облы­сындағы тіл­шісі Гүлайым Шынтемірқызының «Контр-адмирал Қалмағанбет Қа­ла­қауов» деген мақаласы жарық көр­ді.

Батырды ұлықтайтын болады

Әркім өз бабасынан қайрат­кер жа­сап шығару жолында арпалысқан қа­зіргі кезеңде көзден де көңілден де таса қалып келе жатқан шынайы қай­раткерді танып және елге таныту мақсатындағы мақала үшін ба­сы­­лымға да, тілшіге де алғыс айтамын. Газеттің оқылымдылығы ха­лыққа қа­­жетті, өткенді жаңғыртып, бү­­гін­нің нақты бейнесін бере бі­лумен ар­тады. Сондықтан бес жылға со­зылған қиян-кескі майданда аза­мат­тық арына, қазақы қанына қылау тү­сір­мей шайқасқан, ел атына кір кел­тірмеген бабамыз, қазақтан шыққан тұң­ғыш кәсіби теңізші офицер, Ре­сей федерациясы «Севастополь қала­сының құрметті азаматы» атанған Қал­мағанбет Қалақауов насихаттауға, ұр­пақ­қа үлгі етуге тұратын тұл­ға.

Жер шалғайлығына, мем­лекеттің дербестігінен бе, осы уақытқа дейін Қал­­мағанбет атамыз туралы аталас ағайын-туыстары болмаса, жалпы халықтың, қалың қазақтың біле бер­мегені ақи­қат. «Егемен Қазақстан» га­зетінде жа­рия­ланған мақала осы тоң­­­­ды ері­тіп, есіл ердің еңбегі мен ер­лігінің туған елінде лайықты дең­гейде ардақталуына жол ашады деп және Мемлекет басшысы ұсын­ған «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында батыр есімін ұрпақ санасына сіңіру, туған халқымен қайта қауыштыру бағытындағы жұмыстар қолдау тауып, сүйегі жат жерде қалған бабамыздың ерлігі жаң­ғырады, рухы шаттанады деп ойлаймын.

Қазіргі таңда Қ.Қалақауов­тың өмір жолы, қызметі, со­­ғыс жылдарындағы ер­лік­­­тері мен соғыстан соң­ғы қызметі, отбасылық жағ­дайы терең зерттелу үстін­де. Соңында қалған екі қызы­ның бірі өмірден өткен екен, денесі Севас­тополь қала­сына жерленіпті. Екінші қы­зы Ресейден туған елге – Ал­маты қаласына көшіп келу бағытында жүр. Қызымен хабарласып, әкесі туралы мәлімет алуға қол жеткіздік. Сонымен қатар Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшылығымен хабарласып, музейден өңірден шыққан танымал тұлға, Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысып, сол кез­дері қазақ баласы үшін таң көрінетін және сирек кездесетін маман­дық – теңіз­ші офицер атанып, соғыстан соң да осы салада жемісті ең­бек еткен Қ.Қалақауовқа ар­нап бұрыш не­месе арнайы стенд дайындау­ды өтін­ген едік. Өтінішімізді аяқ­­сыз қал­дырмаған музей басшылығына да риза­шы­лығымды білдіремін, қазіргі таңда Севастополь қа­ла­сы­нан музей үшін Қ.Қа­ла­қауовтың кителі, өзге де ­бұйым­дары алдырылуда.­ Сон­дай-ақ Қ.Қалақауов әлем­нің әр түкпіріндегі танымал қа­зақ­тар туралы мәлімет жинап, олар туралы арнайы энциклопедия құрастыруды қолға алған азаматтардың қы­зығушылығын тудырып, қазір олар да бабамыз туралы зерт­теу жұмыстарын қолға ал­ды. Ол істер – жеке рудың даңқын асыруға емес, батыр ұлды ардақтауға, елді, әсіресе жас ұрпақты ата болмысына қарап бой түзуге шақыруға бағытталатын болады.

 Тағанияз БОХАНҰЛЫ,

 «Кедей ата» қоғамдық қорының төрағасы

 Маңғыстау облысы