Аймақтар • 16 Қараша, 2018

Тарихи жәдігерлерді тонаушылар да, көне көмбелерді қазушылар да тыйылмай тұр

652 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бұл не деген бітпейтін тонау?! Тәйт деп тоқ­тау салар, жүгенсіздікті тыяр жан табыла ма, табылмай ма? Тонау дегенде, еліміз­дің аса бай мәдени құнды­лығы саналатын қорым­дар­дың – тарихи ескерткіш­тердің айдың-күннің ама­нында, көз алдымызда, тоқтаусыз, бей-берекет то­налып жатқанын айтып отырмыз.

Тарихи жәдігерлерді тонаушылар да, көне көмбелерді қазушылар да тыйылмай тұр

Солқылдақ заңдар сорлатып отыр 

«Алтын көрсе, періште жолдан таяр» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны» дейді ұлы Абай өзінің Жиырма тоғызыншы қара сөзінде. Періште туралы, алтын туралы бекерге сөз қозғап отырған жоқпыз. Өйткені қорғансыз қалған қорымдарды тонаудың түп төркіні тікелей алтынға қатысты екенін ішіңіз сезіп отырған болар? Иә, бәрінің көкейін тескені – алтын. Алтын бұйымдар. 

Еліміздің археологтері мен тарих­шы­ларының сөзі­нен түй­ге­німіз, бұрынғы-соңғы за­ман­дағы қорым тонаушы­ларды қызықтырғаны, әлі де қызықты­рып жүргені – негізінен қола дәуірі­нің соңындағы, сақ дәуірі, көне түркі дәуірі кезеңінің ескерт­кіш­тері. Бір қызығы, қызығы емес-ау өкініштісі, қорымдар­дың тоналуын бірнеше кезеңге бөліп қарауға болатын секілді. 

Әуелгі кезең – қорымдардың өз заманында, нақтырақ айтсақ бір халықтың орнына бір халық келген кезде тоналуы дер едік. 

«Кезінде сақ тайпалары патшаларын «алтынмен аптап, күміспен күптеп» жерлейтінін сақ­тар­мен бірге өмір сүрген, кейін іле-шала тарихи аренада бол­ған ғұндар, үйсіндер, қаң­лы­лар, көне түркілер барлығы жақсы білген»,  деп еді бір сұх­ба­тында Зайсан ауданындағы Шілік­ті жазығынан «Алтын адам» тап­қан белгілі археолог Әб­деш Төлеу­баев. Бұл кезеңді түсін­діруге ғалымның осы сөзі жеткілікті секілді. 

Екінші кезең – қорымдардың аяусыз тоналғаны, аруақтардың қорланғаны десек те болады – І Петр заманы. Әрқайсысында 300-400 адамнан болған 30-40 жасақтың қазақ-қырғыз дала­сын түгел шарлап, ат аяғы жеткен жердегі қорымдарды түк қал­дыр­май тонап, табыл­ған ал­т­ын бұйымдарды – құн­ды жәді­гер­лерді патшаға жеткіз­гені белгілі. Ресейдің Санкт-Пе­тер­бург қаласындағы Эрмитаждағы − І Петрдің коллекциясы де­ген залдағы 2 миллион жәдігер­дің Шығыс Қазақстаннан бар­ған­дығы бұған дейін айтылып, жазылды. Ал Эрмитаждың жер­тө­лесінде қаншама құпияны бүгіп, сары майдай сақталып жат­қан­дары қаншама?! 

Үшінші кезеңді ХХ ғасырдағы С.Соро­кин, С.Черников секілді ресейлік архео­логтердің қазақ даласындағы қор­ған­дарды тауып, ашып, зерттеуімен бай­ланыстыруға болады.  

Тонаушылардың төртінші кезеңі, яғни сізбен, бізбен бірге бір елдің суын ішіп, ауасын жұ­тып жүрген – алтынды көріп, жол­дан тайған, тамырлы тари­хыңды тәрк, мәйекті мәдениетіңді мансұқ еткен, қазынаға құныққан замандастарымыз. 

Бүгінде облыс әкімі Даниал Ах­метовтің тапсырмасымен құн­ды жәдігер шыққан Елеке сазы аумағы күні-түні күзет­ілуде. Бұл әрине қуантады. Десек те кү­зеті­лмей, қараусыз жат­қаны қаншама?! 

«Заңда ескерткіштерді тонау қыл­мыс болып саналады деп жазыл­ған. Бірақ нақты тетіктері қарас­тырылмаған. Ішкі істер саласын­ың қызметкерлерімен сөйлес­кенімізде, олар: «Тонау­шылардың үстінен түскеннің өзінде оларды мойындату қиын. «Топырақ алып жатырмыз, бір­деңе қазып жатырмыз» дейді. Тауып алған заттарын «шұңқыр немесе құдық қазып жатыр едім. Сол кезде тауып алдым» дей салады» дейді. Алысқа бармай-ақ көршілес Ресейді алайық. Ол жақта металіздегішпен жүре­тіндерге, тонаушыларға заңды қатайтты. Күрек-сайманмен, қазу құралдарымен жүрген адамдар тексеріледі. Металіздегіш құралды ұс­тау­ға заңмен тыйым салды. Оны ұс­тау үшін арнайы лицензия алатын болд­ы. Қару секілді тіркеуде тұрады. Ресей­де дрон ұшы­рудың өзі де заңмен қатаң­да­­тыл­ғ­ан. Ол да тіркеуде. Көрші ел­де 100 жылдан асқан көне затты қолда ұстау да қыл­мыс болып саналады. Музейге өт­кі­зуге мін­детті. Бізге де осындай заң керек», дейді 2016 жылы Тарба­ға­тай ауда­нын­дағы Елеке сазы жай­лауындағы қор­ған­дарды тауып, анықтап, ғылыми айна­лымға түсір­ген жас археолог Ерден Оралбай.

Екі айда 170 қорымды қопарып тастаған

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, біздегі қорымдардың ашық-шашық жатқандығын білгендіктен бе, әлде өз елдеріндегі заңның қатал­ды­­­ғы­­нан ба, соңғы кездері Ресей мен Қыр­­ғыз­­стан азаматтарының металіз­де­­гішін арқалап, қазақ жеріне ке­ле­тін­­дігі жайында айты­лып жүр. Осы мақа­­ланы да­йын­­дау барысында өңі­р­і­міз­де қорымдарды тонаумен шұғыл­данатын адамдардың қанша­сы жазаға тартылғанын, оларға қан­­­дай шара қол­да­нылғанын бі­лейік деп облыстық Ішкі істер бас­­қар­­масының баспасөз қыз­ме­тіне хабар­ласқанымызда жөнді мәлі­мет ала алмадық. «Қорым то­нау­шылар туралы жеке, арна­йы мәліметтер жоқ. Тонау­ға қа­тыс­ты мыңдаған материал­ды қопарып қарау керек. Көп жұмыс», деп қысқа қайыр­ды. Осы­ның өзі құқық қор­ғау саласы өкілдерінің мәде­­ни мұра­лары­мызды қорғау­ға қан­­ша­­лық­ты ниетті, қан­ша­лық­­ты ниет­сіз екендігін айғақ­тап тұр­ған жоқ па? Об­лыс­тық мәде­ниет бас­қар­масына қарас­ты Тари­хи-мәде­ни мұраны қор­ғау меке­месі­нің директоры Талғат Сүлей­менов­ке жолдаған хатымызға берген жауабында 2016 жылы Тарбағатай ауда­нын­да ор­на­ласқан Елеке сазы жай­­­лауын­дағы бір қорғанды заң­­сыз тонау фактісі тіркеліп, бас­­қар­ма жедел түрде комиссия құ­рып, осы фактіге бай­ланысты Тар­­­ба­­ғатай ауданының ІІБ қыл­­­­­­мыс­­­тық іс қозғағанымен, тонау­­­шы­­­лардың табылмағанын жазыпты. Көрдіңіздер ме? Есік­тің құлпын бұзған­дар­ды, үйге ұр­лыққа түскендерді аттап бастыр­май ұстаймыз. Көліктің жыл­дам­дығын асырғандарды қапы жі­­бер­­мейміз. Ал кешегі есте жоқ ескі заманда елімізге, жерімізге қор­ған болған баба­лары­мыздың мүр­­де­лері ашылып, қорымдары ша­шыл­ып жатса да, қорғай алмай қор болып отырған түріміз мынау. 

Алтын шыққан жерді белден емес, бастан асыра қазып жүрген үлкенді-кішілі, кәсібиі бар, кәсіби емесі бар архео­логтеріміздің көпшілігі тек «Алтын адам» табуды мақсат ететін секілді. «Алтын адам» таппаса күні қараң, еңбегі еш болатындай. Құдай-ау, далада жатқан «Алтын адам» бар ма?! Алтынның құны, «Алтын адам­ның» қадірі аздығында, дара­лы­ғын­да емес пе? Мұны бір деңіз. Екінші, қазба жұмыстарын жүр­гізуге бұрын тек бір жерден ғана белгілі бір адамға лицензия, яғни рұқсат берілсе, қазір жүздеген, тіпті мыңдаған адамға беріліп жүргені белгілі. Археолог ретінде 5 жылдық еңбек өтілің болса болды. Бұрқыратып қаза бер. 

«Мәдениет және спорт ми­нистр­­лігі лицензияны оңды-солды бере беретін болды. Кезінде Алматыдағы Ә.Марғұлан атын­дағы археология институтында ғана лицензия болатын. Институт бәрін үйлестіріп, рұқсат қағазын беріп отыратын. Археолог өзіне мін­деттеме алатын, қазба жұмы­сының есебін беретін. Ал қазір ешкім есеп бермейді. Кейбір архео­логтер ғылыми мақала жазса жазды. Жазбаса, ол да жоқ. Архео­логтер тапсырыс берушіге ғана есеп береді. Ол жеке тұлға немесе жеке компания болуы мүм­кін. Бүгінде бір өкініштісі, қазба жұмыстарымен кәсіби архео­логтер де, археологияға үш қай­наса сорпасы қосылмайтын адамдар да айна­лы­сып жүр. Қазба жұмыстары­мен шұғылдана­тын кейбір ЖШС-лар өз ғимарат­тарын музей секіл­ді жасап қойған. Табылған зат­тарын ешқайда өткізбейді. 2016 жылы Мәде­­ниет және спорт министрлігінің экс­пе­диция­дан табылған заттар өткізілуі керек деген бұйрығы шыққан. Оны орындап жат­қандар некен-саяқ. Тағы бір ескерер дүние, әр қорғанның, қоныстар мен қала­лар­­дың қазу методикасы бар. Техника қол­дан­атыны бар, қолданбайтыны бар. Топы­рағы көп қорымдарға техниканы мүлде қол­дануға болмайды. Алматы облы­сында екі айда 170 қорған қазған бір ком­­панияны білемін. Тонаушылар да бүй­тіп қазбайтын шығар. Естігенде та­лып қала жаздадым. Археолог емес, тонау­шы ғой бұлар. Сондықтан заң­ды күшей­тіп, осының бәрін рет­ке келтірмесе бол­майды», дейді жаны күйген археолог Ерден Оралбай. 

Облыстық Мәдениет басқар­масына қарасты Тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемесінің директоры Талғат Сүлей­меновтің айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақ­станда жергілікті маңыздағы 319, республикалық маңызы бар екі археология ескерткіші бар екен. 147 археология ескерткіші алдын ала есепке алу тізі­міне енгізіліпті. Мекеме басшы­сы жер­гілікті маңызы бар археоло­гия ескерт­кіш­теріне 2009 жылы қорғ­ау тақта­ла­ры орнатылғанын, алай­да табиғат құбылыс­тары­ның салдарынан кейбір қорғау тақта­лары бүлін­ген­­дік­тен, алдағы уақытта «Руха­ни жаң­ғыру» бағдарламасы аясында жаңа қор­ғау тақталарын жасап-орнату жос­­пар­ланып отырғанын айтты. Десек те археолог Е.Оралбай облы­стың бар­лық ауданд­арын­дағы археоло­гия­лық ескерт­­кіш­тер толық тізімге алын­баға­нын, кезеңдері анықталған арнайы жинақ­тың шығарылмай оты­р­ғандығын, бұл шаруа аймақ бас­шысы Д.Ахметовтің бастамасы­мен қабылданған «Шығыс Қазақ­стан­да ар­хео­логияны дамыту» бағдар­ла­ма­сы ая­сын­да жүзеге асса, сонымен қатар тек қор­ым­дарды қазуға ғана емес, ескерт­кіш­тер­ді қорғауға, есепке алуға, мониторинг жаса­у­ға да көңіл бөлінсе деген тілегін жеткізді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

 Шығыс Қазақстан облысы