Қазақстан • 20 Қараша, 2018

ШҚО-да бір аптада 125 жиналыс өткізетін әкімдіктер де бар

1373 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін көп зерттеген орыстың этнограф ғалымы, Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп еді тамсанып. Біз бұл сөзді бүгінгі заманға сәл икемдеп, «бүкіл Қазақстан жиналыс өткізіп жатқандай болып көрінеді» дер едік таң қалып. 

ШҚО-да бір аптада 125 жиналыс өткізетін әкімдіктер де бар

Үкімет пен мемлекеттік орган жетекшілері бір жылдың 2380 сағатында, яғни 365 күннің 100 тәулігінде жиналыста отырады

Ақиқаты сол, әйгілі әншіміз Роза Рымбаева шырқайтын бір әндегі «Жарылыстан көз ашпаған далам-ай» деп айтылатындай еліміздің қаласы да, даласы да жиналыстан көш ашпай тұр. Әйтеуір, таусылмайтын жиналыс. «Халыққа бір тиын пайдасы жоқ» деп кесіп айтуға болмас, дегенмен Мөңке би бабамыз жырлағандай, «ай сайын бас қосқан жиынның», ай емес-ау, апта, күн сайын бас қосқан шараның азаяр түрі көрінбейді. Жұрттың алтын уақытын алатын, орынды-орынсыз жиналыстың тым көбейіп кеткені Елбасымыздың қазан айындағы халыққа арнаған Жолдауы кезінде де сөз болған еді. Сол жиында Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков Мемлекет басшысына Үкімет пен мемлекеттік органдар жетекшілері бір жылдың 2380 сағатын, яғни 365 күннің 100 тәулігін жиналыста өткізетіндігін, тіпті, сенбі, жексенбі күндері де жиналыстың тыйылмайтынын айтқанда, Президент: «Заң бойынша мемлекеттік қызметкер 7 сағат жұмыс істеу керек. Түнгі сағат 12, 1-ге дейін отырмау керек жұмыста. Тәжірибелі мемлекеттік қызметкер ретінде жақсы білемін, дайындалған жиынды жарты сағатта, күрделі, түйінді мәселелер болса бір сағатта өткізуге болады. Бюрократизмді қысқарту керек. Адамдарға жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер», - деген-ді.

Жиналыс өткізуден, қызметкерлерді жұмыстан тыс уақытта жұмыста қалдырудан Шығыс Қазақстан облысы да қалыспай тұрған тәрізді. Жуықта Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіндегі жиында әсіресе өңірдің Өскемен, Семей қалалары мен Үржар, Бесқарағай, Аягөз, Шемонайха аудандары әкімдерінің аппараттарында жиналыстың көп болатындығы сөз етілді. «Тіпті, бір күнде жеті рет жиналыс өткені белгілі болды. Сонда қызметкерлер қай кезде жұмыс істейді?! Құжат айналымы әлі де сол қағаз түрінде, көп мекемелерде басшылар материалдың түпнұсқасын қағазға шығарып алып қарағанды жөн көреді», - дейді департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Жанна Қабдолдақызы.

Қызметкерлерін сағат 6-дан кейін жұмысқа жегетіндер 

Департамент облыстағы жиналысты ең көп өткізетін әкімдіктерге сарап жасапты. Үш форматтағы - мекеменің өзінде, басқа мекемеде өтетін және бейнережимдегі жиналыстарды есепке алыпты. Өскемен қаласы әкімдігі бір аптада 125, Семей әкімдігі 56, Үржар ауданы 56, Шемонайха ауданы 50, Бесқарағай ауданы 103 және Аягөз ауданы 51 жиналыс өткізеді екен. Аталған департамент 5 мың мемлекеттік қызметкердің арасында арнайы сауалнама жүргізіпті. Сонда Өскемен қаласы әкімі аппараты мен оған қарасты бөлімдердегі 191 қызметкердің 112-сі (59%) жұмыста бөгелетіні, ал Үржар ауданы әкімінің аппараты мен оған қарасты бөлімдер, ауылдық округ әкімдерінің аппаратындағы 193 қызметкердің 92-сі ((48%) үйіне кеш қайтатыны анықталыпты. Басқармалар арасында облыстық денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, қаржы басқармалары «көш бастап» тұр деуге болады.

Мәселен, Денсаулық сақтау басқармасы 18 қызметкердің 11-ін (61 %), құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы 28 қызметкердің 12-сін (43%), қаржы басқармасы 19 қызметкердің 8-ін (42%), ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармалары 29 қызметкердің 11-ін (38%) үйіне уақытында қайтармайтын көрінеді. Департаменттер арасында білім саласын бақылау департаменті 7 қызметкердің 4-уін (57%), ал мемлекеттік кіріс департаменті 626 қызметкердің 271-ін (43%) сағат 6-дан кейін де жұмысқа жегетіні белгілі болыпты. Айта берсек, осындай фактілер көп.

Жиналыс дегеннен шығады, бұ шеті мен о шеті 600-700 шақырымға созылатын, тіпті одан да асып кететін, жолдарының көп бөлігі шұрық-тесік біздің облыс үшін жиналысқа қатысу емес, жиналысқа келудің, жетудің қиындығы өз алдына бір әңгіме. Мәселен, Жарма ауданының әкімі облыс орталығы – Өскемендегі бір жиынға қатысу үшін (Қалбатау мен Өскеменнің арасы 110 шақырым) 2 сағат жол жүретін болса, әрідегі Аягөз әкімі 4-5, түкпірдегі Үржардың әкімі 7-8 сағат көлікте отыруға мәжбүр. Бір сағаттық жиналыс үшін бір күн уақыттарын жоғалтады. Зайсан мен Күршім, Катонқарағай, Абай аудандары әкімдерінің басында да осы кеп. Ауыл әкімдерінің қысқа күнде қырық рет ауданға салпақтайтынын қосып қойыңыз бұған.

Былтыр жұмыс сапарымен Өскеменнен шамамен 500 шақырым қашықтықта орналасқан Аягөз ауданына қарасты Шұбартау өңіріне барғанбыз. Сол кездегі Байқошқар ауылының әкімі Саятбек Шымыровтың: «Аягөздегі сағат 10-дағы жиналысқа бару үшін таңғы сағат 3-4 кезінде жолға шығамыз. Әйтіп-бүйтіп үйге жеткенше ымырт үйіріледі. Аудан орталығына 250 шақырым жердегі Емелтау ауылының тұрғындарына тіпті қиын. Олар бізден де қашықта жатыр ғой. Жол жақсы болса, 175 шақырым дегенің 2 сағаттық жол емес пе?!», - дегені есте қалыпты.

Жиналысты былай қойғанда, мемлекеттік қызметтің жүгін сүйреп жүрген әкімдерге ғана емес, нашар жолмен Өскемен мен Семейге жету шалғай аудандарының тұрғындары үшін де оңайға түспейді. Сырқаттанған жандарға мүлде қиын. Айтайын дегеніміз, қазір – техниканың, технологияның дүбірлеген дәуірі. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Аса маңызды, үлкен, ауқымды жиындар болмаса, Күршім, Үржар, Аягөз, Зайсан, Тарбағатай, Абай секілді облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардағы мемлекеттік қызметкерлерді (әкімі бар, маманы бар) қалаға сабылтпай-ақ, жиынды неге онлайн немесе бейнережимде өткізбеске? Аудан әкімдері де ауыл әкімдеріне осы тәжірибені қолданса. Әрине, облыс орталығына жақын аудандардың жарасы жеңіл.

Бір сөзбен айтқанда, жиналыстың өзіне бір реформа керек секілді. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы