Аймақтар • 21 Қараша, 2018

Елімізде жол-көлік апаттарынан болатын адам шығыны көп

1023 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен іш­кі істер органдарының қыз­метін жаңғыртуға арналған кеңесте көптен бері ел­дің көкейінде жүрген мәсе­лелер айтылды. Ішкі істер органдарының жұмысы қо­ғам күткен сенімді толық ақтай алмай отырғанын, аза­маттардың көңіл тол­­мастығын туғызуда еке­нін ескерткен Елбасы са­ланың құрылымы мен шта­тын оңтайландыруды тапсырды.

Елімізде жол-көлік апаттарынан болатын адам шығыны көп

Расында да адамдар өздерін қауіпсіз сезіне алмайды, яғни қазіргі таңда полицияның санынан гөрі сапасы маңызды. Біз айтқалы отырған оқиға да полицияға қатысты сынның негізді екенін, олардың қоғам күт­кен сенімді ақтай алмай жүр­генін нақтылай түседі. 

Биылғы 23 тамызда Шым­кент қаласындағы Бәйдібек би мен Көшеров көшелерінің қиылысында, таңертеңгі уақытта болған жол-көлік оқиғасынан үйленгеніне көп бола қоймаған жап-жас жігіт қаза тапты. Мар­құм бір шаңырақтағы жалғыз ұл екен. Артында қайғы жамылып жесірі, жалғыз ұлы қалды. Иә, еліміздегі жол апатына қатысты статистика жан түршіктіреді. «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қа­уымдастығының бас хатшысы Алексей Алексеевтің жол апаты құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырған баспасөз мәслихатында келтірген дерек­теріне қарағанда, елімізде жол-көлік оқиғаларынан жылына 3 мыңнан астам адам қаза табады екен. Биылдың алты айының өзінде 780 адам көз жұмған.

Қазақстандағы жол апаттары Еуропа елдерімен салыс­тырғанда анағұрлым, тіпті бір­неше есе көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жол апаты жағынан Қазақстан әлемде бірінші орын алады екен. Не сенеріңді, не сенбесіңді біл­мейсің. Бірақ, өкінішке қа­рай, күнделікті өмірде орын алып жатқан оқиғалар, бір емес бірнеше адамның өмірін жалмаған сұмдық жол апаттары сендірмеске қоймайды. Түр­кістан облысында да жол-көлік оқиғалары бойын­ша көрсеткіш көңіл жабырқатарлықтай. Жыл басынан бері өңірде ірілі-ұсақ­ты 2000-ға жуық жол-көлік оқи­ғасы тіркелген. Жолдағы апаттардың көшін Сарыағаш ауданы (323) бастаса, екінші орында Мақтаарал ауданы (237), ал үштікті Түркістан қаласы (146) қорытындылап тұр. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері: жүргізушілердің – 82,7 пайызы, жаяу жүргіншінің 16,4 пайызы жол қозғалысы ережесін сақтамауынан болады екен.

Жаяу жүргіншіні қағып кету – жол-көлік оқиғалары түр­­лерінің ішіндегі ең жиі кездесетіні, елді мекендердің ішінде мұндай оқиғалар бар­лық оқиғалардың жартысынан көбін құрайды. Қалалық жер­дегі әрбір екінші жол-көлік оқи­ғасы – жаяу жүргіншіні қағу. Мұндай оқиғалардың нә­ти­жесі көлік құралдарының соқ­тығысуымен салыстырғанда 3 есе көп. Ал осындай жол-көлік оқиғаларының тыңғылықты зерттелмеуі, ақ-қарасын ажыратуы тиіс тәртіп сақшыларының бұра тартатыны қынжылтады. Сөзіміздің басында айтып өткен оқиға бойынша да осындай олқылық орын алғанға ұқсайды.

– Інім Тұратбек Мантаев Түр­кияның Еге университетінің докторанты, екі аптадан кейін докторлық диссертациясын қорғау үшін жолға жиналып жүрген еді. Марқұм әкемнің қырқы өткеніне бір ай өтер-өтпес жалғыз інімнен айырылдым, – деп жазады «Фейсбуктегі» өзінің парақшасында Қазақстан­ның Президентінен, Бас прокурорынан, Ішкі істер ми­нистрі­нен, Жоғарғы соттың төр­аға­сынан көмек сұрап, хат жаз­ған жазушы, Президент сти­­пендиясының лауреаты, «Сер­пер» Жастар сыйлығының иегері Аягүл Мантай. 

Хат иесінің жазуынша, Шым­кент қаласындағы Бәйдібек би мен Көшеров көшелерінің қиы­лысында болған жол апатын тексерген анықтаушылар өз­деріне тиесілі міндетті орын­дамай, істі бұра тартқан. Осы­ның салдарынан марқұмды қа­ғып өлтірген жүргізуші жә­бір­ленушіге, ал жәбірленуші айыпталушыға айналып шыға келген. Қазір осы қылмыстық іс Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотында қаралып жатыр. Сейсенбі күні өткен сот отырысына журналистік зерттеу жүргізу мақсатында арнайы барып қатысқан едік. Бірақ сот сотталушының келмеуіне байланысты кейінге қалдырылды. Н.Әбілқасовтың денсаулығы сыр беріп, ауруханада емделуге мәжбүр болған көрінеді. 

Сотталушы Нұрлан Әбіл­қасовтың әпкесі Алмагүл Әбіл­қасова­ның айтуынша, тәртіп сақшылары тергеу амалдарын біржақты жүргізген. 

– Сол күні таңертеңгі уа­қыт­та көше қиылысында ме­нің інім Нұрлан «Тойота» көлігімен Көшеров көшесіне қарай бұрылу үшін көліктерді өткізіп тұрған. Жүргізуші Сабир Муртазин «БМВ» көлігімен өте қатты жылдамдықпен келіп, рөлге ие бола алмай, інімнің көлігін келіп соққан. Соққының қатты болғаны соншалықты, «БМВ» көлігі бордюрлерді бұза-жарып, жолдың шетінде тұрған Тұратбек Мантаевты қаққан. Оқи­ғадан кейін тергеушілер келіп, жол-көлік оқиғасының сызбасын жасайды. Оған біздің тарапымыздан ешкім қатыспаған. Себебі ол кезде жарақат алған інім Нұрланды ауруханаға алып кеткен. Арада оншақты күн өткенде Муртазин Президентке дейін арыз жазып, байбалам салды. Інімнің мемлекеттік қызметкер екендігін алға тартты. Тіпті бұл оқиғаның ұлтаралық маңызы барын, өзінің отбасына қауіп төнуі мүмкін екенін жазды. Осылардың әсері ме, іс мүлдем басқа арнамен жүре бастады. Ақыр аяғында Н.Әбілқасов айыпталушы, Муртазин жәбірленуші болып шыға келді, – дейді Алмагүл Әбілқасова.

А.Әбілқасова өзінің сөздерін растайтын айғақтарды да көр­сетті. Оқиға орнына жақын жер­де тұрған «Алатау» салтанат сарайының алдына орна­тылған бейнебақылау қон­дырғысынан алынған бейнетаспадан жол апатының қалай болғаны анық байқалады. Сабир Муртазин мінген қара түсті «БМВ» көлігі жол қиылысына өте жоғары жылдамдықпен келіп (кем дегенде сағатына 90-100 шақырым), бас­ты жолда келе жатқан кө­лік­­терге жол беріп тұрған Н.Әбіл­­қасов мінген ақ түсті «Тойота» көлігін соғады. «БМВ» «Тойо­таны» қағып өткеннен кейін 10 метрдей жерге сырғанап барып, жол шетіндегі жүргіншіні (марқұм Т.Мантаевты) қаққан. Сағатына 60 шақырымдық жыл­дам­дықпен келген көлік осыншама сұмдықты жасады дегенге сенгің келмейді. Бәрі сол көлікті жоғары жылдамдықпен айдағанның кесірі екені анық көрініп тұр. Бұл бейнетаспа іске тігілген. Алайда тергеушілердің оны неге назарға алмағаны түсініксіздеу. 

Көліктердің апаттан кейінгі фотосуреттері де А.Әбіл­қасова­­­­ның айтқандарын қуат­тай­­­­ды. Екі көлік те тұмсық жағымен келіп соғысқан. Егер «Тойота» «БМВ»-ға жол бермей, алдына шығып кеткен болса, соққы «Тойотаның» сол жақ бүйірінен берілуі керек еді. Әрине, бұл – біздің болжамымыз. Бәрі де жол-көлік оқиғасын анықтаушылардың уақтылы, күмән тумайтындай әділ зерттемеуінен туып отыр ғой. Күмән туған соң сотталушы тарап қазір тәуелсіз сарапшылардың көмегіне жү­гінуге мәжбүр. Бұл біраз шы­ғын­ды қажет етеді.

«Біз жауапкершіліктен қаш­паймыз. Бұл істің анық-қанығын тағы бір тексеру үшін тергеуге қайтаруды талап етеміз. Бәрі әділ қаралуы тиіс. Көпшіліктен биыл 23 тамыз күні таңертең болған осы оқиғаның куәгерлері табылса, бізбен хабарласуын өтінеміз», – дейді А.Әбілқасова. 

Жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан Тұратбек Мантаевтың әпкесі Аягүл Мантаева да әділ­дікті талап етеді. «Қатты жыл­дамдықпен келе жатқан Сабир Мур­тазиннің де інімнің өлімінде кінәсі бар деп санаймын. Егер ол қатты жылдамдықпен келмесе, жолдың шетінде тұрған ініме соқтықпас еді», – дейді А.Ман­таева әлеуметтік желідегі жазбасында.

Әрине, жол-көлік оқиғасы қасақана жасалмайды. Сол жол апатын тергеп, тексеретін полицияның заң шеңберінде дұрыс баға беруін қадағалайтын Шымкент қалалық прокуратурасынан жәбірленуші жақтың жанайқайына байланысты түсінік сұрамақ болғанбыз. Алайда прокуратураның бас­па­­сөз қызметіндегілер сауа­лымызға жауап алу үшін алдымен қызметтік хат жазу қа­жет­тігін, хат Астанаға жолда­нып, Бас прокуратураның қара­уынан өтетінін, оған содан кейін барып жауап берілетінін мә­лім етті. Соңғы кезде про­ку­ра­турадағылар осындай бюро­кратиялық «ойын» ойлап тап­қаны халықтың көзі, тілі һәм құлағы саналатын журналистерді қынжылтып-ақ жүр. Бүгін эфирден көрсе­тілетін сюжет немесе ертең газетке шығатын мақала прокура­тураның бірнеше күнге созылатын жауабын қайдан күтсін? Бас прокуратурадағылар осы бас ауруды шешіп беруді кешіктірмесе екен дейміз.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

Егемен Қазақстан»

ШЫМКЕНТ