Аймақтар • 21 Қараша, 2018

Ел аумағында 11 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп жатыр

690 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы бағытында мемлекет арнайы бағдарлама қабылдап, қазынадан қыруар қаржы бөлгендіктен, бұл салаға айрықша назар аударылып отыр. Бүгінгі таңда ел аумағында жұмыс істеп жатқан 11 арнайы экономикалық аймақтың әрқайсысының өз мақсаты бар.

Ел аумағында 11 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп жатыр

Бірқатарының жұмысы инфра­құры­лым жетіспеушілігі және басқа да себептерге байланысты өз деңгейінде емес екені де айтылып жүр. Ақпан айын­да өткен Үкіметтің кеңейтілген отыры­сын­да Мемлекет басшысы арнайы эко­но­микалық аймақтардың жұмысына көңілі толмайтынын айтқан болатын. «Бюджеттің мол қаражаты арнайы эко­но­микалық аймақтарды құруға жұм­салуда. Қазіргі уақытта бізде 11-і бар, 283 млрд теңге бөлінді. Облыс әкім­дері жаңа АЭА құру өтініштерімен біз­ді қағаздың астында қалдыруды жалғас­тыру­да. Үкімет аталған 11 АЭА-ға сыни көзбен қарасын, олар не берді?», деді Елбасы кеңейтілген отырыста. Эконо­микалық аймақтар айтылған сыннан кейін жұмысын ширата түскені күмәнсіз.

Тоқыма өндірісін дамыту мен оның бәсекеге қабілеттілігін, отандық мақ­таны тұтыну көлемін арттыру және жоғары құнды дайын өнімдер шығару мақсатында құрылған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы алғаш­қы жылдардан бастап жүйелі жұмыс жүргізуінің нәтижесінде алдыңғы қатар­дан көрініп келеді. Ұтымды бастама­ларымен, жақсы көрсеткіштерімен елі­міз­ге ғана емес, шетелдерге де таныла бас­тады. Аумағы 200 гектар жерді алып жат­қан «Оңтүстік» АЭА-ны дамыту мақ­сатында республикалық бюджет есе­бінен 8,2 млрд теңгеге инфрақұрылым жүргізілген. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 27,8 млрд теңгенің 10 жобасы жүзеге асуда. Еліміздің өзге өңірлеріне үлгі болып отырған, тәжірибе бөлісу мақсатында «Павлодар», «Ақтау – Теңіз порты», «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймақтарына айтарлықтай қолдау көрсеткен «Оңтүстік» АЭА отан­дық тауарөндірушілер үшін қолайлы мекенге айналды. Іске қосылған 10 жылдан астам уақыт ішінде экономикалық ай­мақта жүзеге асқан жобалардың жал­пы құны 28,4 млрд теңге болып, жаңа жұмыс орнымен 1346 адам қам­тылды. Алдағы 2021 жылдың аяғына дейін іске қосылатын жобаларды қоса есептегенде «Оңтүстікке» тартылған инвестициялардың жалпы құны 173 млрд теңгеге жететін болса, ашылатын жұмыс орындарының саны 4 мың­нан аспақ. Бүгінде осы аймақта жұмысы қарқынды жүріп жатқан ал­ғашқы қазақстандық кілем тоқу фаб­ри­касы «Бал текстиль» ЖШС-тің өні­­мі­не сұраныс жоғары. Ал мақта иірім­­жібін шығаратын «Azala cotton» ЖШС, мақта целлюлозасын өндіретін «Хлопкопромцеллюлоза» – еліміздегі кәсіпорындардың бірегейі. «АГФ групп» ЖШС – «Іkea» жаһандық сауда желісінің ең ірі қазақстандық әріптесі болса, «Әлем БТ» ЖШС жылына 18 млн жұп шұлық шығаратын еліміздегі ірі фабрика. Осындай танымал кәсіпорындар­дың толыққанды жұмыс істеуіне мүмкін­дік беріп отырған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы fDi Intelligence сараптамалық орталығы жыл сайын түзетін «Еркін экономикалық аймақ­тар-2018» жаһандық рейтингіне еніп, бірден бес аталым бойынша жеңімпаз атанды. «Редактор таңдауы» – «Зор келешек» деп аталатын арнайы марапатты жеңіп алды. Жыл сайын әлемнің 50-ге жуық аймағының жұмысын баға­лайтын рейтингті құрастырушылар «Оңтүстік» арнайы экономикалық айма­ғының Қытайдан инвестиция тарту­дағы жетістіктерін атап өткен. Биыл олар 140 миллион доллар инвес­ти­ция тартқан екен. «Оңтүстік» арнайы эко­но­микалық аймағын әлемдегі үздік ин­вес­тициялық алаңның бірі деп таны­ған «Financial Times» басылымына еншілес «FDi Magazine» халықаралық журналының «Арнайы экономикалық аймақтар-2018» рейтингісіне сәйкес 6 но­ми­нация бойынша дүние жүзіндегі үздік бизнес-платформа деп танылды. «FDi Magazine» сарапшылары «Оңтүстік» АЭА басқарушы компания­сын тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, резидент кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастық, өндіріс көлемін арттыру, экспорт аясын кеңейту, халық­ара­лық ұйымдармен қарым-қаты­нас­тар, қайырымдылық іс-шара­ларын ұйымдастыру және өткізу бағыт­тарын­дағы жүргізілген жұмыс нәтиже­лерін ескере отырып, «China strategy», «Expansions», «Marketing slogan», «Charity initiatives», «Community outreach award», «Editors choice: ones to watch» номи­на­цияларының көшбасшысы ретінде марапаттады. Журналдың 30 жыл­­дық тарихында тұңғыш рет қазақ­стан­­дық арнайы экономикалық аймақ бір емес бірнеше көрсеткіштер негізінде жеңімпаз деп жарияланып отыр. Айта кетелік, бүгінгі таңда «FDi Magazine» журналы жаһандық инвестициялық әлеует пен ахуал жайында тың және тұрақты ақпаратты әлемнің 120 еліне тарататын бірегей басылым ретінде үлкен беделге ие. Журналдың белсенді аудиториясы миллионға жуық бизнес-құрылымдардан тұрады. Олардың қатарында трансұлттық корпорациялар, ірі ұлттық және жеке компания­лар, инвестициялық қорлар, қаржылық ұйым­дар, банктер мен даму институттары бар. 

Сондай-ақ «Оңтүстік» АЭА басқару­шы компаниясы 2018 жылдан бастап Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының Орталық Азиядағы ресми өкілдігі мәртебесіне ие. Дубай әмірі Мохаммед ибн Рашид Аль Мактумның жеке бастамасымен құрылған бұл ұйым­ға 70 мемлекеттің 500-ден астам ар­на­йы экономикалық және индустриял­ық аймақтар мүше. Осы арада айта кете­лік, шілде айында «Kazakh Invest» Ұлт­тық компаниясы және Дүниежүзілік ар­найы экономикалық аймақтар ұйы­мы­ның қолдауымен «Оңтүстік» АЭА-ның басқарушы компаниясы Орталық Азия елдерінің 30-ға жуық АЭА-ның басын қосып, заманауи дамыту тен­денциялары мен стратегиялық әріптес­тер тарту құралдарын енгізу бойынша «GESEZ-2018» халықаралық конфе­рен­­циясын өткізген болатын. Кон­ф­е­рен­ция аясында «Conway» және «Systemiq» сияқты инвестициялық гиганттар өңірдің арнайы экономикалық аймақтарын дамытуға қызығушылық біл­діріп, бірқатар келісімдерге қол жет­кіз­ген-ді. Аталған ұйымдар қызмет көр­се­тетін компаниялардың жалпы ин­вес­­тициялық әлеуеті 100 млрд АҚШ долларынан асып жығылады. Демек, арнайы экономикалық аймақ алдағы уақытта да шетелдік инвестициялар үшін қолайлы нысан болып қала беруге мүдделі. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы