Қазақстан • 28 Қараша, 2018

Аграрлық білім берудегі бетбұрыс

466 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкенттің іргесіндегі Тассай тұрғын алабында орналасқан Түркістан жоғары аграрлық колледжінде заман талабына сай оқу-өндірістік база жұмыс істеп тұр. Студенттер дуальды оқыту жүйесі негізінде осында теория мен практиканы ұштастырып білімін шыңдай түсуде. 

Аграрлық білім берудегі бетбұрыс

Бұрын түрлі өндіріс орындарына жазғы-қысқы уақытта іс-тәжірибеден өтуге сабылатын жастар енді арнайы аграрлы аймақтан алыстамайды. За­ма­науи техникалар мен жылдың төрт мезгіліне өнім беретін жылыжай, өсім­дік қоры бай тұқымбақ, төрт түлікке ар­налған арнайы зертхана, ветеринарлық емхана, жеміс сақтайтын қойма, биогумус бәрі 5,5 гектар аумақты құрайтын оқу-өндірістік базасында шоғырланған. Мұндағы тірліктің көбі дерлік арнайы техника көмегімен атқарылады. Жас ізденушіге қалғаны жатпай-тұрмай білім алу, өзін-өзі жетілдіру ғана. 

Заман талабына сай жабдықталып, жас ұрпаққа кәсіптік білім беріп келе жатқан оқу ордасына Түркістан облысына іссапармен келген Білім және ғылым министрлігінің өкілдері арнайы ат басын бұрып, колледж ұжымының жетіс­тіктерімен танысты. 

Сапар барысында Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова, БҒМ техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары Ғалия Дәулетова, БҒМ «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-ның БАҚ және халықпен жұмыс жүргізу бо­йынша департамент директоры Эльдар Түлеков білім алушылардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мақсатында жабдықталған «Рухани жаң­ғыру» көрмесімен, «Start-APP» бизнес-инкубаторымен танысып, колледждің коворкинг орталығында белсенді жастармен кездесті. 

«IT құзыреттілік міндетті түрде барлық маман­дыққа ену керек. Бұл – ең бірінші оқу бағдарламаларының мазмұнына кіретін дүние. Былтыр мамандықтардың қата­рына «ақпараттық қауіпсіздік» деген мамандықты енгіздік. Біз осы жүйе­мен кәсіптік және техникалық ба­ғытт­а кадр дайындаймыз. Сондықтан мұға­лімдердің біліктілігін арттыратын оқулық бағдарламаларының мазмұнына IT құзыреттілікті енгізіп отырмыз», дейді БҒМ техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары Ғ.Дәулетова.

 Жуырда Түркістан жоғары аграрлық колледжінде «Студенттерге қызмет көр­сету орталығы» ашылған болатын. Іс-сапар барысында министрлік өкілдері 40-тан аса мемлекеттік қызмет түрін ұсы­на алатын орталықтың жұмысымен танысты. 

Колледж оқытушылары мен кәмелет жасына толған білім алушылар жеке куәлікке арналған картрейдер арқылы ЭЦК (электронды кілт) порталына кіріп, өздеріне қажетті құжат түрлерін алатын болады. Осылайша студенттер «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Мәселен, бүгінгі таңда студенттер үшін «AGRAR-APP» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Яғни, студенттер мобильді қо­сымша арқылы сабақ кестесімен, өздерінің ағымдағы және қосымша бағаларымен таныса алады. Ыңғайлы әрі қолжетімді мобильді қосымша білім алу­шылардың анықтамалар мен басқа құ­жаттарды алуына мүмкіндік тудырып отыр. 

Білім мекемесі басшысының айтуынша, орталықтың жұмысын тиімді жүргізу үшін колледж мамандары ХҚКО тағылымдамадан өтіп, арнайы сертификаттарға ие болған. Сондай-ақ орталықтың ашылуымен 2000-ға жуық студенттің уақытын үнемдеуге жол ашылды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде студенттердің алаңсыз білім алуына мүмкіндік беретін «SMART-колледж» бағдарламасы енгізілген. 

Бұған қоса, «Өркениет» бастауыш ұйымының қолдауымен студенттер бұл орталықта Тассай тұрғын алабының тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Сондықтан бұл бастаманы облыстың барлық оқу орындарында енгізсе де артық болмайды.    

 Бүгінде аграрлық колледж еңбек нарығына «иммунитеті» жоғары мамандар даярлау үшін шетелдік бірнеше серіктес компаниялармен бірлесе отырып, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізуді қолға алған. Колледж басшысы Гаухар Бекбергенова шетелдік үздік колледждердің оқу тәжірибесін басты бағдарға алғанын айтады. Бұл үшін оқу ордасының материалдық-техникалық базасы заман қажеттілігіне сай толық жабдықталған. Аталған білім ордасы 2016 жылдан бастап үш тілде оқыту жүйесіне көшкен. 

Колледж мұғалімдері ағылшын тілін меңгеру үшін әр оқу жылының соңына қарай арнайы курстан өтеді екен. Білімін жетілдіріп болған соң олар Алматы және Астана қалаларында сынақ тапсырады. 15 түрлі кәсіп иесін оқытып жатқан Түркістан аграрлық колледжі жанынан ауыспалы егістік танабы, жүзім алқабы, машина-трактор стансасының базасы жасақталған.     

Іссапар барысында министрлік өкілдері мақтаулы колледждің оқу өнді­рістік базасының жұмысымен толықтай танысып, отандық агросекторға білікті кадр дайындайтын ұжымдағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. 

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы