Саясат • 05 Желтоқсан, 2018

Гюнай Эфендиева: Заманауи және қуатты Қазақстанды көрдім

1234 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі кезеңде түркітілдес мемлекеттер қарқынды дамып келе жатыр және әрқайсысы халықаралық аренада өзіне лайықты орынға ие. Сол мемлекеттердің бірі, түркі әлемінің маңызды бөлігі – Қазақстан Республикасы. Оның ішкі және сыртқы сая­сатты жүргізуі, серіктестік қағидаларына шынайы көзқарасы халықаралық беделінің зор екенін көрсетеді. Айта кету керек, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық жетістіктері Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Гюнай Эфендиева: Заманауи және қуатты Қазақстанды көрдім

Үш жыл бұрын, дәлірек айт­қанда, 2015 жылдың қыркүйе­гінде Түркітілдес мемлекеттер ын­ты­мақтастығы кеңесінің Аста­нада өткен 5-ші саммитіне қатыс­қаным есімде. Дәл сонда ме­нің түркі мәдениеті мен мұра­сы халықаралық қорының басшы­сы ретіндегі кандидатурам бекі­тілді. Келесі күні біз Қазақ ханды­ғының 550 жылдық мерейтойына қатыстық. Сол жерде мен өз та­рихын, ұлттық ерекшелігін сақта­ған, өз дәстүрлерін мақтан тұта ала­тын заманауи және қуатты Қазақ­станды көрдім. 

Бүгінде түркі елдері мемле­кет­тері басшыларының арасында өте терең бауырластық пен сенімді әріптестік бар екен­дігін айрықша атап өту керек. Өз кезегінде мемлекет басшы­ларының берік бірлігі біздің туыс халықтарымыз арасындағы өзара байланысқа оң әсерін ти­гізуде. Түбі бір түркі бауырлар арасындағы бұл ынтымақтастық пен әріптестік алдағы уақытта одан әрі нығая түседі деп сенемін.

Осы тұрғыда Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев пен әзер­байжан халқының ұлт­тық көш­басшысы Гейдар Әлиев­тің ұзақ жылдардың тезіне төзіп берген айрықша достық қа­рым-қатынаста болғанын айта аламын. Қуанатын бір жайт, осы дәстүр қазір де жалғасын табуда. Әзербайжан мемлекетінің Пре­зиденті Ильхам Әлиев пен Қазақстан Республикасының Пре­­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­тың арасында да өте жа­қын дос­тық байланыс берік қалып­тасқан.

Сонымен қатар Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың бітім­гер­шілік миссияны табысты атқарып отырғанын айрықша атап өткім келеді. Көптеген елдер арасында келіспеушіліктер туындаған кезде, Қазақстанның дана әрі кемеңгер көшбасшысына жүгінеді. Осылайша Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығындағы Қазақстан байсалды саясатымен әлемдік қоғамдастықтың сеніміне ие болып, татуластыру миссиясын нәтижелі жүзеге асырып келеді.

Жақында Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев түр­кі әлемі үшін маңызды зор тари­хи шешімдер қабылдады. Атап айтқанда,  Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі бауырлас ел­дерімізді бұрынғыдан да жақын­дастыра түссе, Түркістанға облыс мәртебесін беру түркі әлеміне ерекше серпін берген жаңалық болды. Сондай-ақ «Түркі әле­мінің тұлғалары», «Түр­кі әлемінің қасиетті жер­лері» сияқты маңызды жобаларға баста­машы болып, бай мәдени мұра­мызды, рухани бай құнды­лық­тарымызды болашақ ұрпаққа сақтау және жеткізуде үлкен маңызды қадамдар жасады.

Гюнай ЭФЕНДИЕВА,

Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті