Дәл осылай жалғаса берсе, ауылдың жұртын сипап қалатын түрлері бар. Адам тығырыққа кезіккенде жан-жағына қарағыштап, көмек іздейтін әдеті ғой. Көшелі қариялар қол қусырып, қарекетсіз отыра бергеннен түк өнбейтінін сезіп, алыс-жақын ағайындарға сауын айтып, қолқа салған. Әңгіме төркіні ауылды басқара алатын азаматтардан кімдер бар деген мәселеге тірелген. Бірнеше үміткердің аты-жөні аталып, араларынан таңдау Біржан Шаймерденовке түскен. Оның іскер, талапшыл, жігерлі, уәдеге берік қасиеттерін ауылдастары жақсы білетін. Ең лайықтысы осы деген пәтуаға тоқтасқан.
Біржан жерлестерінің өтінішін жерге тастаған жоқ. Сын сәтте ауылдастарының жанынан табылып, қиындықты бірге еңсеруді құп көрген ол қаладағы жайлы пәтерін, жақсы қызметін тараудың аз-ақ алдында тұрған ауылға айырбастап, екінің бірі тәуекел ете бермейтін мәрттік танытқан.
Дайындықты ел Тәуелсіздігінің құрдасы десе де болады. Құрып кете жаздаған ауылдың қайта жаңғыруы нақ осы кезден бастау алады. Істің көзін тауып, ұтымды ұйымдастыру арқылы берешектен толық құтылып, еңселерін жазды. 200 гектар егістік алқап 15 мың гектарға дейін, оның ішінде майлы дақылдар алқабы да айтарлықтай ұлғайтылды. Озық агротехнологиялар кеңінен қолданылып, егіншілік мәдениетін жақсарту бағытында жақсы тәжірибелер қалыптасты. Соңғы он жылдың бедерінде астықтың шығымдылығы 25-30 центнерден төмендеген емес. Қуаңшылық жылдардың өзінде 17-20 центнерден өнім жиналды. Бастапқыда 40 миллион теңгеге Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан қазақтың 230 ақбас сиыры әкелініп, аукцион арқылы сатып алынған канадалық герефорд бұқаларымен шағылыстырылды. Сөйтіп етті бағыттағы фермалар ұйымдастырылып, асыл тұқымды репредуктор шаруашылық мәртебесін иеленді. Мал бордақылау алаңдарында 1,5 мыңға жуық ірі қара малы бағылады. 1200 басқа шақталған мал шаруашылығы кешені келесі жылы пайдалануға берілмек.
Қазір ауылда 60-тан астам түтін бар. 2010 жылы Моңғолиядан келген көп балалы отбасылар қоныстандырылып, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етілді. Олардың 11 баласы сабаққа барып, негізгі мектеп мәртебесі сақталып қалды. Біржан Әбділманұлы жеткіншектерге қамқорлығын аяған емес. Бастауыш мектеп оқушылары тегін тамақтанады. Ғимаратты және спорт залды күрделі жөндеуден өткізуге 58 миллион теңге жұмсалып, жеңіл көлік сыйлады. Жарты миллион теңге бөлініп, шағын орталық ашылды. 250 мың теңгеге өрт дабылы орнатылды. Туған жер десе, ет жүрегі елжіреп тұратын кәсіпкер ауылдастарының әлеуметтік мұң-мұқтаждарын шешуді әркез алдыңғы орынға қояды. Үйлерге су тартылып, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды. Фельдшерлік-акушерлік пункт, мәдениет үйі, кітапхана, қоғамдық монша, мешіт жұмыс істейді. Қан майданнан оралмаған боздақтар мен бейбіт өмірде еңбек етіп, қайтыс болған адамдардың аты-жөндері жазылған ескерткіш тұрғызылды. Оның маңайы саябаққа айналдырылып, ағаш жайқала өсіп тұр. Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында 10 жұмысшыға 50 пайыздық жеңілдікпен жеңіл көлік әперілсе, содан бергі кезеңде ондай құрметке бөленгендердің қатары елуден асқан.
– Құрылыс жұмыстары шаруашылық есебінен атқарылады. Соңғы үш жылда 15 үй салынып, бірінші кезекте мұғалімдер, жұмысшылар қамтамасыз етілді. 120 шаршы метрлік баспананы салуға шамамен 5 миллион теңгедей қаржы жұмсалса, қоныстанушылар шығынның оннан бірін ғана өтейді. Үйлердің сапасы жақсы. Көкөніс егетін жері, мал ұстайтын қора-қопсысы бар. Серіктестік мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағдарламасына да белсене қатысады, – дейді мектеп директоры Талғат Рамазанов ризашылық сезімін жасыра алмай.
Жұмыссыздықтың не екенін білмейтін елді мекен тұрғындарының орташа жалақысы 90 мың теңгеге жетеғабыл. Маусымдық науқан кездерінде механизаторлар мен комбайншыларға 200 мың теңге мөлшерінде бірреттік сыйақы беріледі.
Міне, қаладағы жылы орнын ауылға алмастырған кәсіпкер Біржан бір кездердегі алынбас қамалдай көрінетін қиындықтарды жеңіп, ел азаматына лайық өз орнын тапқан. Кеудесіне тағылған «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Мемлекеттік тіл меценаты» төсбелгісі елге сіңірген ерен еңбегін айғақтайды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы