Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2018

Қарағандыда автобустарға валидаторлар орнатыла бастады

371 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында қоғамдық көліктерге электрондық билеттеу жүйесі қойыла бастады. Тестілік режимде жұмыс істейтін алғашқы валидаторлар №118-шы маршруттағы автобустарға қойылды.

Қарағандыда автобустарға валидаторлар орнатыла бастады

– Қазір №118-ші маршруттағы автобустарда бір-бір терминалдан орнатылды және жүргізушіге планшет берілді. Тағы да 200-ге тарта  терминал кедендік рәсімдеуден өтуде, себебі олар Кореядан жеткізіледі. 2019 жылдың қаңтарында терминалдарды барлық маршруттарға орнату басталады. Ол жұмыстар үш ай уақытты қажет етеді. Электрондық карталар дүңгіршектер мен дүкендердің барлығында сатылатын болады. Оларды толтыруға қатысты еш қиындықтар туындамайды, – деді қала әкімдігінің жолаушы көлігі секторының меңгерушісі Ескендір Қабидолла.

Қарағандыда жолаушы тасымалдау маршруттарында 600-ге жуық автобус тұрғындарға қызмет көрсетеді. Электрондық билеттеу жүйесі жеке инвестор есебінен енгізіледі.

2019 жылдың қаңтарынан бастап электрондық терминалдарды Қарағандыдағы жолаушы тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердің барлығына  орнату жоспарланған.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды