Аймақтар • 09 Қаңтар, 2019

Түркістан облысында табиғи шырын өндіретін зауыт іске қосылды

579 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында табиғи өнім шығаратын кәсіпорындар қатары көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде елімізде импорт үлесін азайтуға септігін тигізуде.

Түркістан облысында табиғи шырын өндіретін зауыт іске қосылды

Мысалы, күні кеше Қазығұрт ауданында іске қосылған шырын өндіретін кәсіпорын негізінен ауданда өсетін жеміс-жидектерді пайдаланады.

Екі гектар аумақты алып жатқан, жалпы құны 589 млн теңге болатын жобаны «Көрік ШҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып отыр. «Делис» сауда белгісімен шығатын сусын химиялық қоспасыз дайындалады. Алма, алмұрт, қызанақ, сәбізден шырынның төрт түрін дайындайтын кәсіпорын тәулігіне 8 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Дайын өнім еліміздің барлық аймағына таратылады. «Қазығұрт» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорында 21 азамат жұмыс істейді. Заманауи технологиямен жабдықталған шағын зауытта алдағы уақытта өнім көлемін арттыра түсу жоспарланған.

Жалпы «Қазығұрт» индустриалдық аймағында бүгінде жалпы құны 2,3 млрд теңгелік 7 жоба жүзеге асырылып жатыр. Онда 173 жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Биыл тағы қосымша 3 жобаны іске қосу жоспарланған.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы