Аймақтар • 10 Қаңтар, 2019

Ақмолада 22 мыңнан аса жұмыс орны ашылады

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының әлеу­меттік саланы жаңғыртуға ба­ғыт­талған 5 бастамасы халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыруды көздейді. Ауқымды бағдарламада жүктелген мақсат-міндеттер жүйелі түрде жүзеге асу үстінде. Әсіресе, шағын несие көлемін ұлғайту мәселесі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға мол мүмкіндік ашып отыр.

Ақмолада 22 мыңнан аса жұмыс орны ашылады

Облыс орталығындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9 процент. Өткен жылдың өзінде 2060 көкшетаулық тұрақты жұмысқа орналасты. 139 адам кәсіби дайындыққа жіберілсе, 40 азамат жеңілдетілген несие рәсімдеп, өз істерін бастап кетті. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 307 миллион теңге көлемінде қаржы бағытталып отыр.  

– Бюджеттен 211 миллион теңге 900641 адамға төлемдер төленді, табиғи апаттар кезінде зардап шеккен 216 отбасына 17,7 миллион теңге көмек көрсетілді. 281 мүгедек адамдарға жеке бағдарлама бойынша қолдау көрсетілді. Бұл бағытта жергілікті  бюджеттен 211 миллион 290 мың теңге мөлшерінде қаражат бөлінді,–дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің жетекшісі Қали Ахметов. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру үшін әуелі бизнеске қолайлы жағдай жасау туралы тапсырған болатын. Осы мақсатта «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасының қолдану мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылады. Аталған бағдарламаны жүйелі жүзеге асыруға жыл сайын республикалық бюджеттен қосымша 30 миллиард теңге бөлінбекші. Бұл 22 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, салық түсімдерін көбейтуге және өнім өндіру көлемін мейлінше ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Аймақта жұмыссыз және жұмыспен ішінара қамтылмаған халықты еңбекпен белсенді қамтудың кешенді жоспары қолға алынған. Облыс көлемінде жұмыссыз жүргендерді және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қысқа мерзімді оқу курсынан өткізуге байланысты 25 колледж бен 6 оқу орталығы жұмыс істейді. Тұтастай алғанда, әлеуметтік бастамада атап көрсетілген ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асу үстінде.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы