Аймақтар • 15 Қаңтар, 2019

Жас жұбайлардың өнегелі қадамы

506 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жас жұбайлардың өнегелі қадамы

Жаңақорған ауданында жас жұбайлар Нүркен мен Айнұр Жаназаровтар өздеріне сыйға берілген қаржыны қайырымдылық мақсатқа жұмсады. Олар мешітке келіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тегін азық-түлік үлестірді.

- Үйлену тойы өміріміздегі ең үлкен қуаныш, - дейді Нүркен. - Достарымыз тойға 250 мың теңге жинап берді. Ол қаржыға лимузин жалдап, құрбы-құрдаспен емен-жарқын бір күн тойлауға болар еді. Алайда, біз отбасылық өміріміздің алғашқы ақ парағын қайырымдылықпен бастағымыз келді. Садаға - сауапты істерге бастайды. Бүгінде тағдыр талқысына түсіп, қиналып жүрген жандардың жанынан табылсаң үлкен сауапқа қаласың әрі өмірлерінің жақсыға өзгеруіне сәл де болса септігің тиеді. Осындай ниетіміз бар екенін достарымызға білдіріп едік, олар қуана қолдады. Біз мұны ат шығару немесе мақтан үшін емес, жүрек қалауымызбен жасадық. Бір күнгі той қызығы ештеңе шешпейді. Біз осындай қадамымыз арқылы басқа да жас жұбайларды ойландырғымыз келеді.

Жаназаровтардың ойы - осы. Қайырымдылық - қазақтың қанына ана сүтімен сіңген қасиет. Алайда, кеңестік ұрда-жық заман лебі осындай игі дәстүрді ұмыттыра жаздаған еді. Бірақ, «Орнында бір оңғалар» дегендей, сүйекке сіңген дәстүр ұмытылмаса екен. Кейінгі жылдары қазақ жастарынан осындай үлгі аларлық қадамдар жиі байқалып жүр. Бір күндік ырду-дырду келесі күні ұмытылар, бірақ қиналғанның қолтығынан демеу нағыз тектілік, жақсы әке-шешенің тәрбиесі. Ұлттық құнардың уызынан қанып ішкен осындай жастар барда қазақ қасиеті айдындана бермек.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.