Бокс • 18 Қаңтар, 2019

Жан Кособуцкийдің қарсыласы анықталды

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жан Кособуцкийдің қарсыласы анықталды. Өз жекпе-жегін ол 29 қаңтарда Беларусь елінің астанасы – Минск қаласында өткізеді.

Жан Кособуцкийдің қарсыласы анықталды

30 жастағы Арқалық қаласының тумасы әуесқойлар арасында да тәуір жұдырықтасқан еді. 91 кило және +91 кило салмақ дәрежелерінде Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанып, Дүниежүзілік Универсиадада күміс медальді иеленді. Кезінде Кособуцкий өзінің әйгілі отандасы Василий Левит және Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы Магомедрасул Меджидовты ұтқанын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ.

2017 жылдан бері Жан кәсіпқой рингте күш сынасып жүр. Сол аралықта сегіз кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Жеті қарсыласын нокаутқа жіберді. Соңғы рет ол былтырғы жылдың 29 қарашасында дәл осы Минск қаласында жергілікті боксшы Александр Нехайчикті екінші раундта техникалық нокаутпен ұтты.  

29 қаңтарда Жан Кособуцкий Боснии мен Герцеговинаның боксшысы Срджан Говедарицамен жұдырықтасады. Ол 29 жаста. Қарт құрлықтың өкілі де әлі жеңіліп көрген жоқ. Говедарица осы күнге дейін алты рет рингке көтеріліп, бес қарсыласын есінен тандырды.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»