Қазақстан • 24 Қаңтар, 2019

«Жетісу» мемлекеттік қызмет мектебінде сабақ басталды

486 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жылдың наурыз айында Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің шеңберінде «Жетісу» мемлекеттік қызмет мектебі ашылған болатын.

«Жетісу» мемлекеттік қызмет мектебінде сабақ басталды

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменттің бастамасымен жүзеге асқан жоба жастарды мемлекеттік қызметке тартуды ерте бастан дайындау мақсатын көздейді. Әзірге бұл іс оң нәтижелі.

- «Жетісу» мемлекеттік қызмет мектебі ашылған күннен бері университет студенттері келіп, қосымша білім алуда. Олардың арасында қазірдің өзінде болшағын айқындап, мемлекеттің қызметші атанғандары бар. Департамент бастамасымен жүзеге асқан жобаға былтыр қатысқан 43 адамның ішінен 10 жас маман бос орындарға жарияланған конкурстарға қатысып, жұмысқа тұрды, - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Сымбат Исрапулова.

Дәстүрлі сабақ биыл да қайта жалғасын тапты. Қазір «Жетісу» мемлекеттік қызмет мектебі тек І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері ғана емес, қаладағы басқа да оқу орындарында білім алып жүрген 28 жас оқуға ниет білдіруде. Ынталы топқа Мемлекеттік басқару академиясы Талдықорған филиалының оқытушылары дәріс жүргізеді.

Қазір аптасына 3 сағат мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай құзіреттер шеңберінде семинар-тренинг сабақтары өтіп жатыр. Студенттер бұл дәрістен «Халыққа қызмет ету» қағидасына негізделген қазіргі заманғы мемлекеттік аппарат жайында мағлұмат алады.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы