Қазақстан • 05 Ақпан, 2019

2019 жылы 22,3 млн гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі

862 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының тапсырмасы бойынша егістік жерлерді әртараптандыру жалғасуда. Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев егістік жерлерге байланысты дамыту жоспарымен бөлісті.

2019 жылы  22,3 млн гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі

Алдын ала деректер бойынша 2019 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,3 млн гектарға егу жоспарланып отыр, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 290,7 мың гектарға көп. Бұл ретте, сұранысқа ие мынадай дақылдар алаңы: 1) арпа мен астыққа арналған жүгері – 57,2 мың гектарға; 2) қант қызылшасы – 2,6 мың гектарға; 3) азықтық дақылдар – 654,1 мың гектарға; 4) картоп – 14,2 мың гектарға; 5) көкөніс-бақша дақылдары – 8,0 мың гектарға ұлғайтылады.

«Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 610 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу көзделіп отыр. Өткен жылы 65 мың гектар жер пайдалануға енгізілсе, биыл 124 мың гектар жерді айналымға тарту қажет» дейді Ауыл шаруашылығы министрі.

Министрдің айтуынша, әзірленген салалық бағдарлама 1,5 млн гектар суармалы жерді жаңадан айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Осы міндетті шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік схемасы бойынша қаржыландыруға көшу керек. Инвестициялардың қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында экономикалық негізделген тарифтік саясат енгізілетін болады. Бұл тәсілдеме бизнес өкілдерімен пысықталды.

«Отырар Био Тех» компаниясы Түркістан облысында жалпы алаңы 60 мың гектар суармалы жерді игеру үшін инвестиция салуға дайын. Қазақстандағы CITIC CONSTRUCTION CO., LTD филиалы Павлодар облысында жаңа 10 мың гектар суармалы жерді пайдалануға енгізуге кіріспек. Бұл жобаға компания өз инвестициясын тартады. Алынған өнімді өткізетін жері де дайын. Жалпы, салаға алдағы 9-10 жылда 1,23 трлн теңге тартылып, суармалы жерлер 3,5 млн гектарға жеткізіледі, ал осы жерлерден алынған өнім көлемі 3,7 трлн теңгені құрайтын болады» дейді министр Ө. Шөкеев.