Аймақтар • 13 Ақпан, 2019

Іле Алатауында ілбіс жүр

590 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының аумағында қар барысы тіршілік етеді. Іле Алатауының бөктерінде жүрген ілбісті тауға қойылған фототұзақ суретке түсіріп алған.

Іле Алатауында ілбіс жүр

Бұл туралы табиғат жанашыры, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Ержан Еркінбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. «Алматының іргесінде ілбіс жүр. Іле Алатауына қойылған фототұзаққа өткенде қар барысы келіп суретке түсіп кетті! Қазір қар барысын қорғау қоры мен Зоология институты жүргізген мониторингтің алғашқы нәтижесі жарияланды. Қар барысының саны аз. Ары кетсе, 30-40 бар шығар. Қар барысына қорған болайық. Мүмкіндігінше фототұзақтарды көбейтсек, Қызыл кітапқа енген жануардың неге азайып кеткенін анықтай аламыз» деп жазады автор.

Әлемде қар барысы санаулы ғана. Халықаралық Табиғат қорғау одағының дерегі бойынша қазір ілбістің нақты саны төрт мыңнан 7 000 аралығында екен. Қатары сиреген табиғат еркесі «Қызыл кітапқа» енген.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Сурет Ержан Еркінбаевтың Facebook парақшасынан алынды.