Атомнан қару асынған «ақымақ әлем» ақылға әлі келер емес. Араны ашылған алып державалардың аласұрған текетіресінен төрткүл дүние төңкеріліп түсердей теңселіп тұр. Ал адал ниетті адамзат бейбіт күннің астында бесік тербетуді аңсайды. ХХ ғасыр қилы-қилы қырғындарға толы болды. Бірінші және екінші жаһандық соғыстар, қанқұйлы Қазан революциясы, тағысын тағы орасан зор оқиғалар тарихта қара таңбасын қалдырды. Кешегі социализм мен капитализм болып кескілескен Ауғанстан алапаты да сол сойқандардың қатарына кірері талас тудырмаса керек.
Жарияланбаған бұл соғыстың жаңғырықтары жан дүниемізді тербетіп, жадымызды жиі мазалайды. Өйткені Компартия көсемдерінің бұйрығымен Ауғанстан шекарасына енген Кеңес жауынгерлерінің құрамында 22 000 қазақстандық боздақ бар еді. Олардың 761-і майдан даласында мәңгілік көз жұмды, 21-і із-түзсіз жоғалып кетті. Онжылдық ойраннан оралғандардың өмірлері де оңай бола қойған жоқ.
Ақпанның 15-інде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Осынау оқиғаға байланысты «Россия сегодня» халықаралық ақпарат агенттігі Мәскеуде арнайы пресс-тур ұйымдастырды. Оған қатысқан Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан журналистері біраз жайға қанығып қайтты.
Орталық Азия елдеріндегі жетекші ақпарат құралдары өкілдерінің Ресей астанасындағы сапары Химки қаласындағы «Жауынгерлік бауырластық» атты ардагерлердің қоғамдық ұйымына қарасты музеймен танысудан басталды. Музей ғимаратының Алматыда жасақталған даңқты дивизияның командирі Иван Панфилов атындағы көшеде орналасқаны көңілімізге жылылық сезімін ұялатқанын жасыра алмаймыз. Өр кеуделерін оққа төсеп Мәскеуді қорғаған жерлестеріміздің ерен ерлігіне тағзым еткендей болдық.
Мұражай жәдігерлері он сегізінде от кешкен оғландардың жасын ғұмырларынан сыр шертеді. Қаптаған қару-жарақ түрлері, құнды құжаттар, деректі фотосуреттер, жауынгерлік ордендер мен медальдар қиын-қыстау сәттердегі қаһармандық пен қайсарлықтың нақты айғағындай назар аудартады.
* * *
Осы арада біз кезінде Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан атақты 40-ншы Армияның қолбасшысы, бүгінде Бүкілресейлік «Жауынгерлік бауырластық» ардагерлер ұйымының басшысы, Кеңес Одағының батыры Б.В.Громовпен дөңгелек үстел басында кездесіп, емін-еркін сұхбат құрдық. Жасы жетпістің алтауына жақындаса да генералдың қимылы ширақ, сөзі нық. Санасы сайрап тұр. Айтып отырған оқиғалардың желісінен, адам аттарынан жаңылмайды. Бастан кешкендерін байыппен баяндайды. Әңгімесінің әлқиссасында Орталық Азиядағы тәуелсіз мемлекеттердің барлығына құрметпен қарайтынын аса бір ілтипатпен жеткізді. Ауғанстандағы айқастарда бүкіл совет халқының ұл-қыздары шынайы достық пен татулықтың үздік үлгісін танытқанын алға тарта сөйледі. Кездесуге келгенімізге алғысын білдірді.
Борис Всеволодовичтің айтуынша, Ауған жеріне алғашында отыз мың әскер кіріпті. Шектеулі контигенттің ұзын саны кейін 142 мыңға дейін жетіпті.
– Бұл соғыс өте ауыр болды, – деді ол. – Мен мұны өз басымнан өткерген соң білемін. Жабық тақырып болғандықтан шайқастар шежіресі жан-жақты жазылмады. Біз отан тапсырмасын орындадық. Шешім жоғары жақта қабылданды. Оның дұрыстығын немесе бұрыстығын талқылауға қақымыз болмады. Қарамағымда қызмет еткен барлық ұлттың өкілдері өздерін жақсы жақтарынан көрсете білді. Олар жауынгерлік жанқиярлықтың небір үздік үлгілерін көрсетті. Интернационалдық борыштарын абыроймен өтеді. Біз негізінен америкалықтар қаржыландырған қарулы топтармен күрестік. Ауғанның қарапайым халқына қал-қадірімізше көмегімізді тигізуге тырыстық. Ресми міндетіміз – осы елдің шекарасына сыртқы күштерді енгізбеу еді. Ауғанстан армиясымен бірлесе отырып дұшпандарды жоюға арналған көптеген операцияларды ойдағыдай жүзеге асырдық. Бұлардың шарықтау шегі 1985-1986 жылдарға тура келді. Женева келісіміне сәйкес 1989 жылы Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығуына тікелей басшылық еттім. Сөйтіп қыстың көзі қырауда теңіз деңгейінен 4 мың метр жоғары орналасқан Саланг асуынан аман-есен өтіп, Термезге жеттік.
Тәжікстандық әріптесіміздің сауалына орай ол сондай-ақ, Солтүстік альянс серкелерінің бірі Ахмад Шаһ Масуд жайында жылы пікірін білдірді.
– Мен оны әрдайым емірене еске аламын, – деді Б.Громов ағынан жарылып. Оған біз Мәскеудегі Ауғанстан елшілігінде істеген інісі арқылы шықтық. Онымен үнемі байланысып тұрдық. Негізінен хат жазыстық. Бір рет жүзбе-жүз кездестік. Бұл 1988 жыл болатын. Тау шатқалдарының біріндегі жол айрығында бар-жоғы 10 минуттай ғана сөйлестік. Ел ішіндегі беделі бес батпан-тұғын. Сол кездегі жауымыз болса да оның жеке басын қатты қадірледім. Сөзінде тұратын сойы бөлек тұлға еді.
...Электронды тақтадағы Ауғанстаннан қайтпай қалған арыстардың астына аты-жөндері жазылған суреттері кезек-кезегімен көрсетіліп жатты. Мұрты жаңадан тебіндеген өрімдей өрендердің жарқын жүздерін жадымызда сақтағымыз келгендей экран алдында көбірек тұрып қалғанымызды байқаған музей қызметкерлері бізді келесі залдағы экспонаттарды тамашалауға шақырды.
* * *
«Россия сегодня» ақпарат агенттігінің баспасөз орталығына келген ресейлік сарапшылар да Ауғанстан төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Солардың кейбірін оқырман олжасына айналдырғанды жөн көрдік.
Рамазан Дауров, Ресей ғылым академиясы Шығыстану институтының Ауғанстан секторының меңгерушісі:
– Біздің қарым-қатынасымызда әртүрлі кезеңдер болды. 1953-1978 жылдар аралығы ерекше есте сақталуға тиіс. Себебі дәл осы уақытта КСРО көп көмек көрсетті. Ауғанстан экономикасының негізін құратын инфрақұрылымдар сол тұста салынды.
Бүгінде америкалықтар Ауғанстанды екі түрлі тәсілмен бақылауға алған. Біріншісі – әрине ақша. Оған Трамп жеткілікті мөлшерде бюджет бөледі. Сондықтан Кабулдың еңсесі басқа өңірлермен салыстырғанда биіктеу көрінеді. Екіншіден, америкалықтардың берік базасы бар. Әсіресе авиациясы айтарлықтай күшке ие. Ал Ауғанстан аспанын кім билесе, сол бақылау орната алады. Ал Ресей өзінің елшілігін ұстауға қажет қаражаттан басқа көк тиын бермейді. Ресейлік бизнесмендерді мемлекет қолдауынсыз Ауғанстанға аттандырудың реті келіңкіремейді. Мәселен, кәсіпкерлер барып электр стансасын салып берсе, ауғанстандықтардың төлейтін қаржысы жоқ. Бірақ біз оларға білім беруімізге болады. Шынтуайтында оның әсері ақшадан гөрі күштірек.
Никита Мендкович, Еуразия сараптама клубының басшысы:
– Ауғанстан өзінің географиялық орналасуы жағынан сыртқы ойыншылардың көзқұртына айналып отырғаны белгілі.
2001 жылы НАТО әскерінің кіруі елдегі ахуалды өзгерте алмады. Коалиция күштерінің «Талибанды» түбегейлі жеңуге шамалары жетпеді. Экономикалық проблемалар еңсерілмеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда елдегі кедейшілік деңгейі орта есеппен 35,8 пайызды құрайды. Ауылдық жерлердегі тұрғындардың 38 пайызы қайыршылық халде өмір сүруде. АҚШ өздерінің бағдарламалары аясында формальды «демократиялық институттарды» құруға көп көңіл бөледі. Ал нақты экономика мен жұмыс орындарын құруды назардан тыс қалдырған. Мұндай тенденция белең алып тұрғанда тұйықтан шығу мүмкін емес. Кедейшілік пен жұмыссыздық қылмыстың, есірткі саудасы мен лаңкестіктің кеңінен өрістеуіне жол ашады. Кезінде Кеңес өкіметі Ауғанстанда 140-тан астам нысан салды. Бүгінгі ауған билігінің экономикалық және әкімшілік саясаты әлсіздеу. Кейбір жерлерде «Талибанның» құрылымдары мемлекеттіктен гөрі тәуірірек әрекет етеді.
Дмитрий Верхотуров, саясаттанушы:
– Егер ауған экономикасын екі ауыз сөзбен сипаттау керек болса, онда соғыс жағдайындағы баяу индустрияландыру деген нұсқамен беруге болар еді. Ауғанстан үкіметінің есебі бойынша есірткі сатудан түсетін табыс 1,4 миллиард доллар мөлшерде бағаланады. Ал Дүниежүзілік банктің мәліметіне сүйенсек, Ауғанстанның ішкі жалпы өнімі 2017 жыл 20,8 миллиард долларды құраған.
* * *
Ресей Федералдық Кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Франц Адамович Клинцеевич алдымен өзінің Ауғанстандағы соғыс қимылдарына қатысқанын тілге тиек ете отырып, біраз мәселенің басын қайырды. Тіпті Ресейдің қару-жарақ қуаты бірде-бір мемлекетті алға түсірмейтінін мақтана әңгімеледі. Оның ойынша осы елдің қанатты ракеталары діттеген жеріне ешбір кедергісіз және дер кезінде жетеді екен. Керісінше қарсы жақтардың зымырандары орта жолға жетпей-ақ жойылатын көрінеді. Ресей – бейбітшілік аңсаған ақ кептер секілді, ал АҚШ әлемге әмірлік жүргізгісі келеді.
Осындай ой қозғаған әскери маман америкалықтардың әлемді ауған есірткісімен улап отырғандарына қарамастан Ресейді тәліптермен ауыз жаласқан деп айыптайтынын айтып, қомпаңдап қойды.
Орталықазиялық журналистермен оңаша ой бөліскен Франц Адамович «қызық» бір деректің шетін қылтитты. «Егер анау Ельциннің екіжүзділігі болмағанда Ауғанстан тарихы мүлдем басқа арнаға бұрылуы мүмкін еді» деді. Сөйтсек, 1992 жылы Президент Наджибулла тәліптер көтерілісін басуға 500 тонна дизель отынын сұрапты. Сол жолы Кремль қожайынының аяқ астынан «сараңдығы» ұстай қалыпты. Айналасындағы аяр саясаткерлер Борис Николаевичтің ауғандықтар өтінішінен бас тартуға көндіріпті. Баяғыда әскери операцияларға күн сайын мыңдаған тонна жанармай жұмсалған ғой. Енді міне көрмейсің бе, түкке тұрмайтын сұранысты қанағаттандырудан бой тартқан. Содан тәліптерді таптап тастауға тиіс танкілер от алмай қалған. Оның аяғы террористік топтардың күш алып кетуіне әкеліп соққан. Рас-өтірігін кім білсін, естіген құлақта жазық жоқ. Үлкен саясатта кейде осындай кішкентай оқиғалардың рөл ойнап кетуі ғажап емес...
* * *
Айтпақшы, ақпанның 5-6 күндері біз жайғасқан «Президент отельде» ауғанаралық келіссөздер жүріп жатты. Мәскеудің арағайындығына ден қойған Ауғанстандағы оппозиция өкілдері мен «Талибан» қозғалысының басшылары жабық есік жағдайында кеңес құрды. Кейін баспасөзде де, басқа сөзде де айтылып, жазылғандай нәтижесі жаман емес секілді. Мәселен, Ауғанстан президенттігінен үміткер Ханиф Агмар біраз уағдаластықтарға қол жеткізілгенін баса көрсетті. Ең бастысы, келіссөзге қатысушылар осынау шетін мәселеге шетелдердің араласуына жол беруге болмайтынын түсінген тәрізді. Барлық тараптар ішкі ауған диалогын жалғастыруды жақтайды. Келіссөз жүргізушілер бүкіл ауғандықтардың мүдделерін біріктіретін үкімет құру қажеттігін күн тәртібіне қойған. Тәліптер делегациясының жетекшісі Шер Мұхаммед Аббас Станикзай кездесудің табысты болғанын атап өтті. Мұның өзі Ауғанстанда бейбіт заман орнауына жеткізетіндігіне сенім артты.
Ал бұған Ауғанстанның заңды өкіметі қалай қарайды? Ел Президенті Ашраф Гани Tolo «News» телеарнасына берген сұхбатында бүй депті: «Ауғанстан шиеленісіне арналған Мәскеудегі келіссөздер шын мәнінде ештеңені шешпейді. Олар онда кімдермен және не жөнінде келісіп жатыр өзі!? Бұған өкілеттіліктері бар ма, жоқ па?! Мейлі, жүз рет жүздессін, қабылдаған шешімдері қағаз бетінде қалады. Ауғанстан Үкіметінің, сондай-ақ елдегі заңдық институттардың қатысуынсыз бәрі бекер». Ол сондай-ақ, Ауған халқының мақұлдауынсыз «Талибан» қозғалысымен келіссөздердің күші болмайтындығын еске салды. Сәл қиямпұрыстау сөйлегенімен мемлекет басшысы тәліптердің «Әл Каида» содырларымен байланысын үзу жөніндегі ниетін оң бағалады.
Құдайдың сәтін түсіргенін қарашы, мейрамханадағы таңғы ас үстінде Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзай мырзамен ұшырасып қалдық. Қол беріп амандасып, қошемет көрсеттік. Сұхбаттасудың реті келіп-ақ тұр, әттең тілдің келтесі-ай. «Қазақстан. Назарбаев. Астана» деуден әріге аспадық. Талайды көрген тарланбоз ағылшынша ағылта жөнелді. Түк түсінбесек те, менің Отаным жайында одаға бергісіз жағымды сөз айтып тұрғанын қу ішім сезе қойды...
* * *
Ауғанстандағы ширыққан ахуал бірінші кезекте Орталық Азия елдерін алаңдатары ақиқат. Іргеңде атыс-шабыс болып жатса ішкенің ірің, жегенің желім болмай қайтсін. Сондықтан Қазақстан да басқа бауырлас елдермен бірге аймағымызда тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрғанын қалайды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық биік мінберлерден көтеріп жүрген бейбітсүйгіш бастамаларының барынша қолдау тауып жүргені соның айғағы. Қазақстан Ауғанстан Ислам Республикасындағы жағдайды реттеуге бағытталған бағдарламаларға белсене қатысуда. Мысалы, біздің еліміз 2022 жылға дейін ауғандық 1000 жас азаматтың жоғары білім алуына мүмкіндік тудырмақ. Бұл жобаның жалпы құны 50 миллион долларды құрайды. Қазақстан Үкіметі Ауғанстандағы бірқатар инфрақұрылымдардың құрылысын жүргізуге қаржы бөлуде. Соған салынған мектептер, ауруханалар, жолдар қарапайым ауғандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға игі әсерін тигізері сөзсіз. Көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмек мөлшері де едәуір. Тұтастай алғанда бүгінге дейін Ауғанстанға жалпы құны 21,5 миллион доллардан асатын 23,15 мың тонна азық-түлік жөнелтілген. Ресми деректер осылай дейді.
...Басынан бағы тайған ауғандық ағайындар саяси жанжалдар аренасына айналғалы қашан. Созылмалы синдром қашанға дейін жалғаса бермек. Ауғанстан аспанында ақ күн туатын бейбіт заман қашан орнайды?
Оны тап басып айту қиындау. Әйтсе де ақыл-парасат жеңісіне сенейік. Үміт дүниесі ғой, жақсылықтан күдерімізді үзбейік...
Талғат БАТЫРХАН,
«Egemen Qazaqstan»
Астана – Мәскеу – Астана