Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

Қарағандыда жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша брифинг өтті

582 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағандыда  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облыстық департаментінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бойынша әкімшілік практиканың нәтижелері тақырыбында брифинг өтті.

Қарағандыда жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша брифинг өтті

Оған аталған департамент басшысының орынбасары Танат Медет, Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Бауыржан Хусаинов және «Сарыара – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Малика Кусенбаева қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегияда көзделген сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жандандыруға баса назар аудару қажеттілігі көрсетілген. Осы орайда, брифингте сөз алған қатысушылар мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган үшін қылмыстық қудалау емес, сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептері мен жағдайларын айқындауға және оны жоюға бағытталған алдын алу шараларын өткізуге басымдық беріліп отырғанын атап өтті.

Осыған орай, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға бірнеше бап бойынша әкімшілік хаттама толтыру құқығы берілді. Мысалға алсақ, Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінен түскен материалдар негізінде жыл басынан бастап аталған кодекстің екі бабы, яғни, 676-шы және 681-баптар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Атап айтқанда, Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты аудандық басқармаларының қызметшілеріне заңсыз ақшалай сыйақы ұсынғаны үшін облысымыздың екі азаматы кодекстің 676-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған фактілердің бірінде жеке тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және сату бөлімшесін ашу рәсімі туралы берілген кеңес үшін алғыс ретінде ақша ұсынса, екіншісінде, патентті тіркеу және жеке тасымалдау бойынша бизнес ашу туралы кеңес бергені үшін ақшалай заңсыз сыйақы берген. Мемлекеттік қызметшілерге заңсыз сыйақы ұсынғаны үшін екі азаматқа жалпы көлемі 589 200 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің қызметкерлерімен жүргізілген талдау нәтижесінде, Шет ауданындағы бір мекеменің басшысы бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін кодекстің 681-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 126 250 теңге көлемінде айыппұл төледі деген мәлімет келтірді брифинг қатысушылары.

Осындай құқық бұзушылықтарды мемлекеттік қызметшілердің хабарлауы аталған департаментпен бірге облыстағы мемлекеттік органдарда үздіксіз жүргізіліп отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту жұмыстарының нақты нәтижесі деп айтуға болады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды


 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше