Руханият • 21 Ақпан, 2019

Нартұлға

877 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Нартұлға

Өмір дейтін Алланың жұмыр­бас пендеге тарту еткен қазыналы кеңістігінде кездескен, талай-талай тағдырлы оқиғалар тұсында бірге болған, уақыт шіркіннің ұсынған тұз-дәмін бірге жүріп бөліскен жандардың – алуан мінезді адамдардың бәрі бірдей есіңде қала бермейді.
Жылдарды елекке салып, өт­кен өмір үзіктерін қиялда қайта жалғап, бірінің түсін, бірінің атын, бірінің мінезін, қысқасы әлгі жады төрін жаңғыртқан адамдардың мінез-қалыбын қанша ой-таразыға салғаныңмен, бәрі бірдей есіңде қалмағанын іштей аңғарасың... 

Ержұман Смайыл – мен үшін өзінің ешкімге ұқсай бермейтін өзгеше бітімімен, бұлталағы жоқ ер­мінезді қалыбымен, көзі жет­се, айтқанынан қайт­пай­тын беріктігімен, тура сөй­леп,­ тік жүрер азаматтығымен, ұлтты, ұлттық құндылықтарды қыз­ғыштай қоритын ұстанымымен есімде жүретін сондай сирек­тер­дің бірі, бірегейі. Мен үшін ол – өз кәсібіне шаң қондырмай, қа­зақ журналистикасы дейтін та­рихы терең, тағылымы мол ай­дында өз бейнесін өзінің өз­ге­ше қолтаңбасымен сомдай жү­ріп, ұлт көсемсөзінің екі ғасыр то­ғысындағы ауыр жүгін әрі қалам­гер, әрі ұйымдастырушы, әрі тә­лімгер ретінде қайыспай кө­терген тұғырлы тұлғалардың бірі.

Мен Ержұманды өткен ға­сыр­дың сексенінші жылдарынан бас­тап білдім. «Лениншіл жас», ара-тұра «Социалистік Қазақстан» секілді республикалық басылым беттерінде ойлы толғаныстары, қанатты мақалалары арқылы таныдым. Осы ойымды бір жолы Сейдахмет Бердіқұлов ағамызға айтқанда, «жақсы сөз – жарым ырыс» дегенді өмірінің ұстанымы санайтын ұстаз-тұлғаның ақ жарылып қуанғаны есімде. «Дұрыс байқағансың. Ержұманның мі­незі доғал болғанымен, сөзі орам­ды, мінезі тура болғанымен, жаны жұмсақ. Ең бастысы – адал! Ақ­жүрек! Төле би атаңның аузы­нан шыққан «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз осындай қасқа маңдайлар туралы айтылған», деп жылы жымиған еді...

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының қойын-қолтығында қалып бара жатқан осынау ой үзіктері мен өмір үзіктерін қайы­ра сүзгіден өткізіп отырып,­ жадым жаңғырып, жайдары сезім мен жаймашуақ ойдың қо­ры­ғы­на кіргендей күйге түстім. Ер­жұманды еске алып отырып, әдебиет пен журналисти­ка босағасын бірге аттаған құр­бы-құрдастар, Алматы түнін әнмен­ тербетіп, Алатау бөктерін қуа­ныш пен шаттыққа бөлеген кез­дер еске түсті. Өмірде «сөз» дей­тін өнерден биік, «сөз» дейтін кә­сіптен асқақ дүние бар-ау, деп ойламайтын, армандары мен аяу­лы сезімдерін ақ қағаз бетіне айдынға бауыр басқан аққудай етіп жарыса қондыруға ұмтылған ал­пысыншы, жетпісінші, сексе­нін­ші жылдардың түлектері қаз-қа­тар тізіліп көз алдымнан өте бастады...

Өтіп бара жатқан дүние-ай!..

Шетінен «сен тұр, мен ата­йын» дейтін сыланған сәйгүліктер! Жампоз жүйріктер! Бірінің жалын бірі жұлқылап, бірінің омырауын бірі тістелеп, қазақ жерінің төрт қиырынан келіп, Алматы төрінде табысқандар! Жасына, жолына қарап, әрі-беріден соң бес жыл бірге оқып жүріп, біріне-бірі әбден бауыр басып, «курс­тас» атанып кеткен үйір-үйір таланттар! Қазақ көркемсөзі мен көсемсөзінің туын ұстап, тұғы­рын көтеруге ұмтылғандар!
Алматы таныстырып, тағдыр табыстырған осындай қазақ жур­налистикасына олжа салған өрісі кең, өркенді жігіттердің бір тобы – «ақырын жүріп, анық басып», бірін-бірі жетектесе жүріп, өмірде де, қоғамда да өз орындарын адаспай тапқан осы Ержұман Смайыл, Ербол Шаймерденов, Құдайберген Тұрсын, Қуаныш Жиенбай, Сүлеймен Мәмет, т.т. талантты жігіттердің үркердей шоғыры.

Бұл жігіттердің арасынан бі­рінші танысқаным – Ербол. «Қазақстан пионері» газетін­де­ қызмет етіп жүрген кезім. Жан-жақтан ағылып хаттар ке­леді. Алғашқы редакторым – Сей­дах­мет Бердіқұлов: «Жігіттер, та­лантты тану үшін, әуелі табу керек! Табудың жолы – хат. Атүсті қарамай, әрбір хаттың ар жағында баланың тілі, сөзі, ойы, көзқарасы, тағдыры тұр­ға­нын ұмытпаңдар!» деп шегелеп отыратын. Кейін осындай ұстанымды екінші редакторым – Фариза Оңғарсыновадан да анық аңғардым. Шамамның жеткенінше, хаттарды өз сүзгімнен өткізіп, талдауға, іріктеуге тырысамын. Іріктеуден өткен материалдарды, әзірлеп басшының алдына апарамын. Сондай сұрыптау сынынан өткен екі сәт есіме түсіп отыр. Екеуі де Фариза апай­дың тұсында. Біріншісі – «Қа­зақстан пионері» газетінің бі­рінші бетіне «Оқуға келді жас тілші» деген үлкен айдар­мен (суреттерімен қоса жарияланған) мектеп бітірген бір топ қыздар мен жігіттер (Ғабиден Құлахметов (марқұм), Алпысбай Шымырбаев (марқұм), Ұлықбек Есдәулетов, Алма Үмбет, Гүлсім Мұқышева). Екіншісі – Солтүстік Қазақстаннан келген Ербол Шаймерденов есімді жас ақынның бір топ өлеңіне сәт сапар жазып, жеке бастырғаным. 
Арада аттай арқырап қырық сегіз жыл өтсе де сол жетпісінші жылдардың басында жарияланған әлгі сәт сапарлар менің жадымнан әлі күнге кетпейді. Оны олар да ұмытпайды... Әсіресе Ғабиден мен Ербол інілерім көрген сайын «Нұр-ағаң, бізге сәт сапар беріп еді» деп аға тұтып, құшақтарын жаятын еді...

Сондай сәтте... Ержұман Смайыл маған жасы жағынан өкше­лестігін пайдаланып: «Бізге, Сү­кең екеумізге берген жоқ... Нұ­рекеңнің ықыласы ауса, тек ақын­дарға ғана ауған болуы керек», деп шорт кететін. Қалжы­ңы­ның түрі.

Иә...

Ержұман Смайылмен жыға танысуым, жалыны мол жас кезде емес, қырықтың ішін аралап, ес тоқтатқан шақта – «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактор болып қызмет еткен жылдарда болды. Дәлірек айтқанда, 1993 жылдың қаңтары мен 1996 жылдың шілдесі аралығында.

Мен «Егемен Қазақстан» га­зетіне бас редактор болып тағай­ындалғанда Ержұман ке­зек­ті еңбек демалысында жүр екен. Ұлт тарихында рухани көшбасшылық орны айрықша бас басылым болғасын толқып аттап, өзіме дейінгі ұжым басшысы болған ардақты ағамыз Әбіш Кекілбаевтан қызметті өткізіп алдым. Алматының қақ төріндегі редакция орналасқан биік ғи­мараттың төртінші қабаты. Ел Пре­зидентінің ұйғарымымен тәуел­сіздік дәуірінің тыныс-тір­шілігін жан-жақты ашып, жаңа заман талаптарына сай жұ­мыс жүргізу үшін келген жаңа бас­шының кең кабинеті. 

Үкімет басшылары Сергей Терещенко мен Қуаныш Сұл­та­нов кезек-кезек сөйлеп, мені ұжымға таныстырды. Құт­тық­таушылар көп. Көңіл алаң. Шаруа шаш-етектен... Қанша білемін дегенмен, қызмет бабын­да тоқайласа қой­маған адамдар... Аттарынан ат үркетін ақ­сақалдар, кеше ғана осы басы­лым тізгінін ұстаған Сапар Байжанов, Балғабек Қы­дыр­бек­ұлы, Шерхан Мұртаза секілді алаш таныған ағаларым. Қалтай Мұхамеджанов, Камал Смайылов секілді қазақ көркемсөзі мен кө­сем­сөзінің марқасқалары топтасып келіп, бата-тілектерін айтты.

Сонымен... Жаңа қызметке кірі­сіп, алғашқы нөмірге қол қой­ған мен үшін тарихи күн (1993 жылдың 23 қаңтары) артта қал­ды. Бас редактор бөлмесінде отыр­ғаныма екінші күн. Орынбасарым – Мыңбай Ілес, жауапты хатшы – Жанат Елшібек үшеуміз келесі санға баратын материалдарды пысықтадық. Тапсырмалар берілді. Келіп-кетушілер үзілер емес. Телефонда да тыным жоқ.

Осындай толқу-сүреңі мол екінші күн еңсеріле бере, есік ашып, ішке демалыста жүрген бас редактордың бірінші орынбасары Ержұман Смайыл кірді. Қол алып, амандасты. Алғашқы сөзі: «Қызмет құтты болсын, Нұреке!» «Рахмет!» Екінші сөзі: «Мен осы газеттің қызметкері Ержұман Смайылмын ғой» болды. Мен: «Осы газеттің бас редакторының бірінші орынбасары Ержұман Смайыл!» деп түзеттім. Үшінші сөзі: «Демалыста жүр едім. Әдейі құтты болсын айтайын, деп келдім» деп жылы жымиды. «Иә, демалыс қалай? Қайдасың?» «Жаман емес. Үйдемін» деді. Төртінші сөзі: «Нұреке, тура айтты деп сөкпеңіз. Менің орныма ұйғарған адамыңыз болса... Кабинетті босатайын. Өкпе жоқ...» деген үш сөйлемнен тұ­ратын қысқа қайырым. Мен де ке­сіп айттым: «Адамым жоқ! Кабинетті босатуға асықпа!» де­дім. Бесінші айтқаны: «Ендеше... Міндетіме кірісуге рұқсат бе­ріңіз!» деген сөзі...
Еңбек демалысын үзіп, Ержұ­ман қызметке қайта кірісті. «Дем­алысыңды аяқтап бір-ақ шық» деген сөзіме тағы да: «Нұреке, мен үшін демалыстың үлкені – жұ­мыс. Газет шығару», деді.

Ержұман Смайыл үшін шынында да мына базары мен назары қалың өмірде газеттен, газет болғанда «Егеменнен» артық қуа­ныш, қызық жоқтай еді. Ол таң­ның атысы, күннің батысы редакциядан шықпайтын. Қа­шан көрсең, үстелінің үстінде үйіліп қолжазба жататын. Әлгі қол­жазбалар Ержұман дейтін қатал сыншының сүзгісін көп күтіп сарғаймайтын. Бірінен соң бірін оқып, конвейерге түскен «өнім» секілді өз жолымен кетіп отыратын. Тапсырмасы да анық. Өзіне тиесілі міндеттерді де бұл­жытпай орындайтын. Та­псыр­ма орындауға қалай жүйрік бол­са, өзі берген тапсырмаларын қадағалауға келгенде, «қатал­ды­ғы­нан» жазбайтын. Ол мінезін қызметтес әріптестері де, авторлар да жақсы білетін. Ұнаған ма­териалын газетке шығарғанша асығатын. Ұнамағанын кім бол­са да бет-жүзіне қарамай, тура айтып, қайтарып отыратын.­ Жөн білгендер үндемей кетіп, жөн­ге тоқтағысы келмегендер­ «ай­қай­ла­сып» жататын. Бір қызығы, бас редактордың бірінші орынбасары сөзді қысқа қайырып, әлгі даукес авторларға «әңгіме тәмам» дегендей, үндемей өз жұ­мысымен айналысуға кірісетін. Тіпті болмағанда «Менің бас­қа айтарым жоқ. Кедергі жа­са­ма­ңыз» деп, ашық тұрған есікті саусағымен нұсқайтын. Бұл – газет үшін жанын беріп, жүрегін арнаған осы жолда өзін де, өзгені де аямаған, Абай тілімен айтқанда, «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді» мін көрмеген, үндемей жүріп, үлкен шаруа ат­қаруға қалыптасқан адамның кә­сіби ұстанымы, дағдысы болатын.

Жасыратыны жоқ, Ержұман екеуміз қатар қызмет етіп, «Еге­мен» дейтін ұлттың бас басылымына жетекшілік жасаған жылдар ел тірлігі ауыр­лап, бір формация екінші бір формацияға ығысып орын беруі қиындап тұрған күрделі кезең еді. Өтпелі дәуір! Атынан-ақ белгілі... Өзекті жалаған жалыны мол! Азаттық дейтін асау ат бас бермей, қоғам әрі-сәрі күй кешіп, нарықтың аяқ-қолды буып тұрған кезі. Демо­кратия дейтін ұғымды желеу­ етіп, Қазақстанға сұғын қадаған сыртқы күштердің әлекедей жаланған екпіні қат­ты. Тәуелсіздіктің түпсіз, терең долы мұхиттың тау-тау толқын­дарымен алысқан кеменің күйін кешкендей бір аухал?!. Билік тізгінін бергісі келмей аласұрған бұрынғы Орталық пен әр алуан мүдделерді мақсат етіп, бір сәт «тізгіні босады-ау» деген оймен ішке лап берген қилы-қилы идеологиялық ағымдардың қызу айқасып жатқан, көзге көріне бермес «мылтықсыз» майданы!. 

Өмір-тіршілігі ел қатарлы нарық қыспағына түскен бас басылым үшін бұл «майдан» оңайға түспеді. Тұрмыс қиындығы бір жағынан, қолына қалам ұстаған әріптестердің замана мінезін тани алмай, әрі-сәрі күй кешуі екінші жағынан кедергі тудырып жатты. Осындай объективті, субъективті факторлар қалыптас­тырып отырған өтпелі дәуір қиы­н­дықтарын игеруде ел Пре­зи­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолұшын беріп, көрсеткен көмегі ұшан-теңіз болды. Елбасы «Егемен Қазақстан» газетін тікелей өз қамқорлығына алып, проблемалардың үлкенін де, кішісін де шешіп отырды. Соның нәтижесінде қысқа мерзім ішінде бас басылымға қанат бітірген идеологиялық, әлеуметтік біраз игі шаралар жүзеге асты...

Ержұман Смайыл сол ша­ралар­дың орындалуында «күн­діз күлкі, түнде ұйқы көрмей» жүріп, қызу еңбек етті. Қай кезде де, қандай күрделі, қиын тұстарда да бас редактордың қамшылар жағынан табылып, редакцияның ішкі тәртібі мен ұйымдастыру жұмыстарын жолға қоя білді. Ол нарық философиясының әлемдік үлгілерін жан-жақты жүргізуіне күш салып отырды. Реті келгенде айту парыз. Сол тұста менің қасымда болған орынбасарларым – Мыңбай Ілес, Нұртөре Жүсіп, Ербол Шаймерден, жауапты хатшы – Жанат Елшібек секілді талантты, тәжірибелі әріптестерім де «Егеменнің» дәуірмен бетпе-бет келген кездегі қиындықтарын еңсеруде аз тер төккен жоқ. Ер­жұ­­ман осы топтың ауыр жүкті жұ­­мыла көтеруіне себепкер бола білді...

Мақаланың бас жағында «үн­демей жүріп үлкен жүк көтеру, үлкен шаруалар атқару» деген ойды айтқанда, Ержұман бойынан­ байқалған басты қасиеттердің бірі осы – ұйымдастырушылық қабілеті болатын.

Мен байқаған азамат бойын­дағы екінші бір қасиеті – өз кәсібі мен кәсіптестеріне деген адалдығы.

Ол жақсыға балаша сеніп, аға­ларының алдын кеспейтін.

«Нұреке, жақсы-жаман біраз өмір сүрдім. Әлі де бұйырса, кө­рерміз... Байқап отырсам, аттылы қазақтың көбі атынан түсіп, сәлем беретін ағалардың алдын көріппін. Соңына еріппін. Со­лардың біреуі туралы бөтен сөз айтпаймын. Айтқым келмейді. Шамам келсе, басқаларға да айтқыздырмаспын... Олар кім дейсіз ғой? Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Әбіш Кекілбаев... Бәрі қазақтың қасқа маңдай ұлдары...» дейтін анда-санда сырын там-тұмдап, сыртқа шығарып.

Ағалар дегеннен шығады...

«Егеменнің» көлігі көбейіп, тұрмысы оңалып, беті де қалың­дап, тиражы молая бастады» деген ұзынқұлақтың сөзі ел ішін, әуелі журналистер қауымын ара­лады. «Ел» дейтін қосымша шығарып, «Егемен» дейтін компания ашыпты...»

Осындай күндердің бірінде мен Ержұманды шақырып: 

– Ереке, бізден зейнетке шыққан ақсақалдардың тізімін түгендейікші, – дедім. 
– Түгендейік... 
– Не үшін деп сұрамадың ғой?!. 
– Қайдан білейін?.. Бір ойыңыз бар шығар... 
– Бар... Саны қанша? 
– Отыздың үстінде... 
– Әрқайсысына 1000 теңгеден стипендия тағайындасақ... Коммерциялық счеттен... – дедім. 

Әншейінде қабағы сирек ашы­латын Ержұманның көзі нұр­ланып, жүзінен қуанғандықтың нышаны анық көрінді. 
– Рас айтасыз ба? 
– Тезірек тізім жаса. Бұйрық әзірле! – дедім. 
– Болады... – Ержұман орны­нан тұрып, қуана қолымды қысты. 

Сол күні Балғабек аға, Хайдар аға бастаған бір топ ақсақал-қаламгерлерге «орамал тон бол­майды, жол болады» деген кәделі ырыммен стипендия тағайындадық. Бұл ұсынысты ред­коллегия мүшелері де қызу қолдады. Сөйтіп... Жарнама есе­бінен қоржыны қалыңдаған қор қаражатын (жоғары-төмен­нен келген тергеу-тексерулерге қарамай) редакцияның әлеу­мет­тік-тұрмыстық, өндірістік жағ­дайын реттеуге жұмсау бастал­ды...

Ағалар дегеннен шығады...

1996 жыл. Көктем. Шерхан Мұртаза ағамыз, Жоғарғы Кеңес тарап, қызметсіз жүріп қалды. Мәрия жеңгеміз сырқаттанып жатты... Ағаның салқын қабағы ар­қамызды аяздай қарыды... «Не істеу керек?» Осы бір қиын сұраққа жауап іздедік. «Еге­менді» Егемен еткен елағасы ғой!.. Ержұманды шақырып, ой бөлісіп, жағдайды айттым. Ол тоң-торыс, үнсіз. Әлденеуақ:

 – Біз не істей аламыз? – деді ауырлау күрсініп: – Жоғары жақ­тың бір ойлағаны бар шығар?.. 
– Қызметке алайық. 
– Қайда? 
– «Егеменге!.». 

Ержұман ебедейсіздеу қозға­лып, жылы жымиды: 
– Шынымен шақырамыз ба? 
– Сөйлесіп көрейік... Көнсе... Кеңесші деген міндетке алайық... Бізге ағаның атағы мен абыройы керек. Бөлме бөліп, телефон тартайық. Келу, кету... Жүріп-тұру – еркінде! Шерағаңды төрт керегеге қамағанымыз жарас­пас... – дедім. 

Сондағы Ержұман бауырым­ның балаша қуанғаны, жүгіріп жүріп кабинет ішін әзірлегені есімнен кетпейді. 

«Егеменнің» үлкен-кішісі тегіс қобырай қозғалып, өзінің іргелі төріне қайта оралған алаш­тұлғалы азаматы үшін – елағасы үшін ризалығын білдіріп жатты. 

Иә...

Ержұман Смайыл қанағаты қасында, тәубесі тілінде жүретін көп­шіл, қоғамшыл, досқа адал, ағайынын естен шығармайтын нартұлғалы азамат еді. Бұл қа­сиеттері оны әріптестерінің алдында қалай құрметке бөлесе, елі-жұртының алдында да солай кенде еткен жоқ.

Қазақ журналистикасынан өз орнын ойып алған, көсемсөздің жаңа кезеңінде – тәуелсіздік тұғырға қонған дәуірінде өз мі­незін өз сөзімен өре білген Ержұман Смайыл өмірінің соң­ғы жылдарын түгелімен шығар­ма­шылыққа арнады.

Анда-санда кездескенде жадырай күліп: 

– Баяғыда-а...Қаламды суытпау керек! – дегенді жиі айтушы едіңіз. Бастықтың тапсырмасын орындау үшін жазуға кірістім... – дейтін әзілі мен оспағын араластыра сөйлеп.

Расында да сөзі мен ісі үйлес­кен, айтпайтын, айтса қайт­пайтын, қандай істі бастаса да аяғына жеткенше тыным көр­мейтін Ержұман Смайылдың қа­ламынан туған соңғы бірер туындыларын әр-әр жерден зейін қоя оқып жүрдім. Нені айт­са да нақтылап, мейлінше өмірге жақындата суреттейтін қа­ламгердің жадымда жақсы қалған туындыларының бірі – «Соғыс балалары». Бір Жетісу аймағының немесе Алатау бөктері мен Іле жағалауының ғана көкірегін қозғап, уақыттың шер-шеменін тербейтін шындық емес, күллі қазақ даласына тән өмір, қоғам, заман дәуір ақиқатын тереңнен қопарар Туғанбай ауы­лының көрінісі, адамдары, дәуір үзіктері оқырманын бейжай қал­дырмайды. Тілі тартымды, ойы терең, айтары шүбәсіз... Сан мәрте жазылып, сүрлеуі тап­тала-таптала, кеңейе-кеңейе даңғылға айналған тақырыпты Ер­жұман өз призмасынан өт­кізе отырып, әдемі өреді... «Өмір деген – жол үсті» дейді тағы бір шығармасында автор. Көр­генің де, көрерің де Ұлы Жа­ратушының құзырындағы жұмырбас пенденің еншісіне тиесілі Өмір атты кеңістік! Қалай сүріп, қалай игересің? Кімдермен жүріп, қызығы мен шыжығын кім­дермен бірге атқарасың? Міне!.. Соның бәрі Жол дейтін мәң­гілік кеңістікте адам баласына алдан шығар сауалдар!..

Осыдан біраз жыл бұрын журналистерге алғаш берілген Пре­зидент сыйлығының Ержұ­ман Смайылдың пешенесіне бұйырғаны есіме түсіп отыр.
Әділіне жүгінсек... Сол жолғы сыйлық өз адамын дәл тапты деп қаламгерлер қауымы бірауыздан айтып еді. Соған бәріміз де қуан­ғанбыз... Ержұманды алыс-жа­қыннан жақсы танып-біл­ген замандас, қаламдасы, бауы­ры ретінде телефон соғып, құт­тықтадым.

Ол менің құттықтауымды қабылдап отырып (телефонда): 

– Нұреке, бұл бір маған емес, «Егемен» дейтін қасиетті басылымға берілген баға, әділ баға болар деймін... – деп еді. 
Нені жазса да, нені айтса да күл­білтелемей тура айтатын Ер­жұман бауырымның әлгі сөзіне еш күдік, күмәнсіз қалай сенсем, бүгін де, міне, араға жылдар салып, іштей солай сеніп отырмын. 
Рухын еске алып, осы жолдарды жазып отырмын.

Ержұман «Адам – сыйлаған­ның құлы» дейтін қазақтың ескі мақалын ауық-ауық еске алатын. Соңғы жылдары әр жаңа жыл қарсаңында үзбей телефон соғып тұруды әдетке айналдырып еді. Сөзі қай кездегідей қысқа болатын. «Өмір өтіп барады, Нұреке. Өкпенің бәрі ескі жылда қалсын! Жаңа жылға өкпесіз өтейік. Бауырымыз бүтін болып өтейік!.. Осы сөзді Шерағаға айттым. Осы сөзді Әбіш ағаға айттым. Міне, сізге айтып отырмын. Енді Уәкең мен Сәукеңе айтамын! Бас редакторларымсыңдар! Аман болайық! «Егемен» аман болсын! Егемен еліміз аман болсын!» дейтін әр жылдың 31 желтоқсаны күні кешкі сағат 21.00 мен 22.00-дің арасында.

Бір жыл болды жаңа жыл қарсаңында 31 желтоқсан күні «Егеменін» айтып, Егемен еліне бақ-береке тілеп құттықтайтын қоңыр дауыс естілмеді. Екі дүние­нің бары рас болса, Ержұман есімді нартұлғалы қазақ көз көре бермейтін, құлақ ести бермейтін жүрек есімді байланыспен ғана үнсіз тілдесетін белгісіз белдеу­ден тіл қатып жатуы да мүмкін ғой!..

Рухың пейіштің төрінде шал­қысын!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше