21 Ақпан, 2019

Пушкин портреттері

630 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде жер-жерде орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің 220 жылдығына байланысты мерекелік іс-шаралар легі басталып кеткені белгілі. Адамзаттың ортақ мақтанышына айналған алып тұлғаны айдай әлем әспеттеп жатса жалғанның жарығындағы жақсылықтың аты озғаны болар. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақ қауымы да дүниені дүбірлеткен мерейтой бағдарламасынан тыс қалмаса керек. Өйткені біздің өнбойымызда дана Абай қалыптастырған өзгелердің өнегелі өрендерін дәріптей білу дәстүрі бар.

Пушкин портреттері

Осы ойымыздың айғағындай болып жуырда Астанадағы Ұлт­тық академиялық кітапханада «Пуш­кин портреттері» атты көр­ме ашылды. Оған қойылған отыз шақты туынды Мәскеудегі мем­лекеттік А.С.Пушкин музейінен әкелінді. Мәртебелі мәдени ме­кеменің бас қор сақтаушысы Еле­на Усованың айтуынша, мұ­ражай меншігінде үш мыңның үстінде Пушкин суреттері бар көрінеді. Мына ғажайып дүниелерді Ас­танадағы Ресейдің мәдениет және ғылым орталығы өкілдері таңдап алыпты. Фотоға түсі­ріл­ген портреттерді баспаха­на­дан шығаруға аз ақша жұмсал­майтыны әмбеге аян. Әйтсе де алдағы уақыттарда бұл көркем шығармалардың түпнұсқалары астаналықтар назарына ұсы­нылатын секілді. Тек, сәтін салсын деңіз.

Көрмемен танысу барысында байқағанымыз, бейнелеу өнеріндегі пушкиниада тарихы екі ғасырды құрайды екен. Ас­тын сызып атап өтерлігі, кей­бір суреттер поэзия сүлейінің көзі тірісінде салыныпты. Одан бергі замандардағы қылқалам шеберлерінің елеуге тұрарлық еңбектері қаншама. Ең соңғы пор­трет былтыр маусым айын­да кенеп бетіне түсіпті. Әлі та­лайы жазылары тағы анық. Ха­лықтың маңдайына басқан мар­ғасқалар тағдыры – таусылмайтын тақырып.

Пушкин иконографиясының тырнақалдысы он тоғызыншы ғасырдың бас жағында дүниеге келгені дәлел дәметпейді. Оның авторы – қабілетті жазушы әрі әуес­қой суретші Ксавье де Местр. Ол ақынның отбасымен тон­ның ішкі бауындай араласқан адам. Қасында болмағандықтан қайдан білейік. Шынымен солай шығар. Әйтеуір әр нәрсеге мұқият зерттеушілер осындай де­ректі алға тартады.

Жыр дүлдүлінің кең тараған кейпін бейнелеген В.А.Тро­пи­нин екені мәлім. Ең қызығы, суретші оны қарсы алдына Алек­сандр Сергеевичтің өзін отыр­ғызып қо­йып салған. Сурет сонысымен де құнды. Көпшіліктің кө­зіне ыстық көрініс. Тәмам ел Пушкинді осы бейнесі арқылы таныды. 1827 жылы жазылған портрет кейіпкердің сыртқы кел­беті ғана емес, жұмбақ жан-дүниесін де жайып салғандай ма, қалай? Еркіндікті сүйетін сурет­кердің ерек мінезінен белгі бер­гендей. Үстіне үйішілік желбегей халатын жамылған. Ақ жейдесінің жағасы – жайлауда. Мойнына шарф-галстукты қа­лай болса, солай байлап, бос тастаған. Жарқын жүзі жабыр­қаулы. Тұңғиық көзі мұңға тұ­нып тұр.

Пушкиннің Орест Кипренский жасаған картинасы (1827 жыл) да ерекше тартымдылығымен си­пат­­талады. Куәгерлердің жет­кі­зуінше, Шереметьев сарайында Пушкиніңізді шірентіп қойып салуға тапсырыс берген Дельвиг досы көрінеді.

Ал енді Е.Гейтманның гравюрасымен ортасынан озық туған қаламгердің «Кавказ тұтқыны» поэмасы басылған кітап безен­діріліпті. Өлең жинақтарын өр­нек­теу мақсатында кейбір сурет­шілерге Пушкиннің өзі өтініш білдіріпті.

Бірер суреттер жайында ақын ағынан жарыла пікір айтыпты. Мәселен, Е.Гейтанның жас Пушкинді кескіндеген керемет туындысын былайша бағалапты: «Александр Сергеевич асқан шеберлікпен литографияланып­ты. Бірақ ұқсай ма, жоқ па? Біл­­меймін...» Мақтағаны ма әлде дат­­тағаны ма? Мықты бол­саң, түсініп көр кемеңгердің көкейін­дегісін.

Кипренскийдің картинасына таңдай қаға тамсанып «Өзімді айнадан көргендей күй кештім» депті жарықтық сүйсінісін жасыра алмай.
Еріксіз елең еткізген тағы бір жайт, көптеген суреттердің ас­­тына арғы-бергідегі атақты адам­дардың Пушкин туралы ай­шықты сөздері жазылыпты. Кә­неки, кім не айтыпты?

В.Жуковский: «Ажалының алғашқы минуттарында оның бет-бейнесінен байқаған осыншама терең, ұлы, салтанатты ойларды мен ешқашан көрген емеспін».

А.Блок: «Ақын рөлінің жеңіл еместігіне және анау айтқандай көңілді бола қоймайтынына қарамастан Пушкин өзінің шы­ғармашылық ауыр жүгін сондай жеңіл әрі көңілді ауанда арқалай білді».

А.Ахматова: «Жантүр­ші­герлік жайсыз хабарды естіген мыңдаған адам ақын үйіне қарай ағылды және бүкіл Ре­сеймен бірге сонда мәңгілік қа­лып қойды».

Әттең-ай, осынау қанатты сөздердің қатарына қазақ Олжас Сүлейменовтің мына бір өлең жолдарын кіргізгенде тіпті қатып кететін еді-ау. «Поэт красивый должен быть, как бог. Кто видель бога? Тот, кто видел Пушкина». Ақынды бұдан асырып асқақтату сірә, қиындау болар...
Албырттықпен артықтау кетсе, ағамызды Құдай кешсін!..

Талғат БАТЫРХАН,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше