Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі тұрғындар алдында есеп берді

459 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов  өз баяндамасында атқарылған жұмыстармен қатар  өңірдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының іс-қимыл жоспарларымен де бөлісті.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі тұрғындар алдында есеп берді

Алқалы басқосуға  Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев қатысып, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде  «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асуы,  алда тұрған міндеттер жайлы баяндап берді.

Облыс әкімі алдымен  басты сала саналатын  ауыл шаруашылық жайына талдау жасады. Өнімдер көлемі  520 миллиард теңгеге жетіп,  82 миллиард теңге инвестиция тартылған. 1,9 миллион гектар алқапқа  осызаманғы  технологиялар енгізілген. Астық өндірісін әртараптандырудың нәтижесінде  майлы дақылдар алқабы 1 милион гектарды құраған.

Мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді.  Бұл саладағы өнімдер мөлшері 146 миллиард теңгеден асып түскен. Сүт, тағамдық жұмыртқа, ұн, дәнді дақыл тұқымдарының экспорты ұлғайған.  2200 бас  сиырға арналған  және цифрландыру элементтері енгізілген төрт сүт кешені пайдалануға берілген. Биыл  4,5 миллиард теңгеге  1700 басқа лайықталған үш тауарлы-сүт фермасы  пайдалануға беріледі. Осынша мал бордақылау алаңы құрылады. Осылайша  сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен 90, ал етпен 50 процентке дейін қамтамасыз ету мүмкіндігі туады.

«Былтыр өнеркәсіп өнімдерінің өндірісі 2017 жылға қарағанда 2 процентке артып, 250,7 миллиард теңге болды. Ілгерілеушілік өнеркәсіптің барлық бағыттарында байқалады. Асыл және түрлі түсті металл өндірісінің 5 процентке ұлғаюы есебінен металлургия өнеркәсібінің көлемі 58 процентке көтерілді. Былтыр «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» және «С.М.Киров атындағы зауытында» технологиялық жаңғырту шаралары басталып, жүйелі түрде жалғасып келеді. Оған ел қазынасынан 3,3 миллиард теңге бөлінген. Келісімшарттар нәтижесінде машина жасау кәсіпорындарының тапсырыс портфелі 20 миллиард теңгені құрап отыр», деді баяндаашы.

2018 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 8 процентке көбейіп, 212 миллиард теңгені құраған. Жеке инвестицияның үлесі– 73 процент. Бюджеттен бөлінген 1 теңге қаржыға 3 теңгедей жеке инвестиция тартылған. Ауыл шаруашылығына инвестиция құю бойынша облыс елімізде көшбасшылар қатарында. Биыл 6 миллиард теңгеден астам қаржыға «Alageum Electric» АҚ трансформатор зауытының құрылысын бастау және «CLAAS» германиялық компанияның ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жөніндегі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша отандық және шетелдік компаниялармен 10-нан астам меморандумға қол қойылған. Бүгінде 7 ірі  инвестициялық жоба іске асырылып,  екі жылдан кейін өңір экономикасына 80 миллиард теңгеден астам қаржы тартуды қамтамасыз етеді және 1500 жаңа жұмыс орнын ашуға қолайлы жағдай жасайды.

Облыс тарихында қалған айшықты оқиғалардың бірі – «Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» атты екі ел арасында өткен XV өңіраралық ынтымақтастық форумы.Туризмді өрістету бағытында 25-тен астам келісімшарт жасалды. Имантау-Шалқар демалыс аймағы Қазақстандағы алдыңғы қатарлы 10 нысанның қатарынан орын алып отыр. Халықаралық  консалтингтік компания  оны дамытудың  кешенді жоспарын жасап, он бағыт бойынша  жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.  Биыл  Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры»  мақаласы шеңберінде  энеолит дәуірінің баға жетпес археологиялық ескерткіші–«Ботай»  мәдениеті  мұражайының құрылысы басталады. Бұл мақсатқа 2 миллиард теңге бағытталмақ.

Құмар Іргебайұлы  жұртшылықты ерекше толғандыратын  көлік-логистикалық инфрақұрылым, сумен қамту, тұрғын үй салу мәселелеріне де жан-жақты тоқталды.  Соңғы үш жылда  76 миллиард теңгеге  1900 шақырым жол жөнделген. Бұл аумақтарда 128  елді мекен орналасқан, 62 мыңдай адам тұрады.  Былтыр 675 шақырым жолды жөндеуге  33 миллиард теңге жұмсалса, биыл 705 шақырым жолды қалпына келтіруге 37 миллиард теңге бағытталады.

Соңғы екі жылда өңірде 12 миллиард теңгеден астам қаражатқа 355 шақырым су құбыры жүргізілген. Биыл  8 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылып, 30 шақты ауылға таза тіршілік нәрі жеткізіледі. Орталықтандырылған желіге қолжетімділік 90 пайызды құрайтын болады.

Баяндамашы жыл өткен сайын құрылыс қарқыны үдей түскенін атап көрсетті.  Өткен жылы 218 мың  шаршы метр  болатын 2068 пәтер пайдалануға берілген. Биылғы меже–2240 пәтер тұрғызу. Бес әлеуметтік бастама аясында  518 пәтер салынады.  Үш ауысымдық оқытуды еңсеру мақсатымен облыс орталығында мыңжарым орынға шақталған қос мектептің құрылысы басталды.  120 мектепті жөндеуге 5 миллиард теңге бағытталады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жаңа оқу-зертхана корпусы салынады. Студенттер үшін 2 мың орындық бес жатақхана бой көтереді.

Десек те, шешімін күткен проблемалар аз емес. Оны әлеуметтік желілер мен Call-орталыққа түскен 200-ден астам сұрақ айқын байқатты. Құмар Ақсақалов бірде-бір мәселенің ескерусіз қалмайтынын айтты. Бірқатар өтініш-тілектер қолма-қол шешімін тапты.

Есептік кездесу аяқталғанан кейін әкім арыз-шағымдарын айта келген адамдарды жеке қабылдады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы