Аймақтар • 22 Ақпан, 2019

Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларды қолдаудың 10 қадамы жасалды

535 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында көпбалалы аналарға арналған әлеуметтік көмек мөлшері артады. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан Қошанов есепті кездесу барысында айтты.

Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларды қолдаудың 10 қадамы жасалды

– Облыстық бюджеттің 50% әлеуметтік салаға бағытталады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз мемлекеттік қолдау шараларының шеңберін ұлғайту жөнінде шешім қабылдадық, – деп атап өтті ол.

Осыған орай ол көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың жағдайын жақсарту үшін арнайы жасалған 10 қадамды атап өтті. Яғни, көпбалалы аналар қосымша көмек алатын болады. Мысалы, 1 маусымнан бастап олар қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Көпбалалы отбасылардың төменгі сыныптарда оқитын балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, балабақша ақысына 50% жеңілдік жасалады.

Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылардың балалары музыкалық және көркемөнер мектептерінде, спорт үйірмелерінде тегін жаттыға алады. Жазда балалар мектеп жанындағы лагерьлерге орналастырылатын болады.

Бұдан бөлек,өңір басшысы облыстық бюджеттен колледждерде оқыту үшін 5,5 млрд теңге бөлінетінін айтты. Мұның өзі 8 мың грант бөлуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, көпбалалы аналарға жеке ісін ашу үшін 200 грант бөлінеді. Олар үшін бизнес-инкубатор құрылады. Бұған қосымша, отбасын қолдау жөнінде орталық ашу жоспарланған. Бұл жерде оларға мамандар мен психологтар көмек береді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше