Әлем • 06 Наурыз, 2019

Үндістанның «SpiceJet» әуе компаниясы Дели-Алматы бағыты бойынша ұшуды жоспарлап отыр

1194 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Азаматтық авиация комитеті шет елдермен әуе қатынасын кеңейту және шетелдік әуе компанияларын елімізге тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Үндістанның «SpiceJet» әуе компаниясы Дели-Алматы бағыты бойынша ұшуды жоспарлап отыр

Осы жұмыстың аясында үнділік «SpiceJet» әуе компаниясы тиісті рәсімдерден өтіп, Қазақстан Республикасындағы шетелдік әуе тасымалдаушы аккредиттеу туралы куәлігіне ие болды. 

Үндістанның авиациялық билік орындарының тағайындауға сәйкес, «SpiceJet» компаниясына аптасына 6 рейске Дели – Алматы - Дели бағыты бойынша ұшуға құқық берілді. Әуе компания аталған бағыт бойынша Боинг 737 ұшағында тұрақты рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр.

Бұл рейстің ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды арттырады, Қазақстанның транзиттік әлеуетін және туризм саласын дамытуға ықпал етеді. Айта кетейік, 2018 жылдан бастап Үндістан азаматтары үшін Қазақстан арқылы транзитпен өтетін 72 сағаттық визасыз тәртіп енгізілген және бұл 2019 жылдың соңына дейін ұзартылған. 2017 жылдан бастап осындай 72-сағаттық визасыз тәртіп әуе қатынасы арқылы сапарлаушы Қытай азаматтары үшін де  жарамды. 2018 жылы еліміз арқылы транзиттік жолаушылар саны 45% -ға (2017 - 620 мың адам) артып, 900 мың адамды құрады.

«SpiceJet» - жергілікті және халықаралық рейстерді тұрақты орындайтын үнділік бюджеттік әуе компания. Ішкі рейстерден басқа, компания ұшақтары Ауғанстанға, Бангладешке, Гонконгқа, Таиландқа, Шри-Ланкаға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Оманға және Мальдив аралдарына ұшады.